Темірден түйін түйген Төрегелді
Төрегелді Тұрмағанбет Ботамойнақ ауылдық округіне қарасты Байзақ ауылында 1997 жылы өмірге келген. Жастайынан техникаға, темір-терсекке үйір ол үйдегі ұл балалардың үлкені болғандықтан әкесіне көмекші болып өсті. Сабақтан бос кезінде үнемі моторист болып істейтін әкесі Манарбектің жанынан табылатын. Әкесінен көп нәрсені үйренген Төрегелді 9-сыныпты бітірісімен аудан орталығындағы Байзақ колледжіне оқуға түсіп, 2016 жылы өзі қалаған дәнекерлеуші мамандығын алып шықты.
Біз ауылдық округ әкімінің орынбасары Толқынай Байділдаевамен бірге Төрегелдінің үйіне барғанымызда ол қызу жұмыс үстінде екен. Кезекті қақпа оюларын дәнекерлеп жатқан жас жігіттің ширақ қимылына сырттай қызыға қарап біраз тұрдық. Бетіне киген қалқанымен қоса жарқ-жұрқ еткен дәнекер жарқылынан ол бізді байқамады. Аракідік самайдан сорғалаған ащы терін сүртіп қойып, жұмысын жалғастыра берді. Толқынай Әмірбекқызының: «Сіздер іздеп келген жас кәсіпкер, шебер Төрегелді Тұрмағанбет осы жігіт», деген сөзінен кейін ғана бетіндегі қалқанын шешіп, бізге назар аударды.
– Қызу жұмыспен сіздердің келгендеріңізді байқамай қалыппын. Мына қақпаны ертең бітіріп беруім керек болған соң, қызу жұмыс істеп жатыр едім, – деген Төрегелдінің бойынан сыпайылықтың лебі ескендей болды.
– Колледжде оқи жүріп дәнекерлеуші мамандығының қыр-сырына қанықтым. Оқудан алған білімімді өндірістік практикамда іс жүзіне асыруға көп еңбектендім. Колледжден кейінгі екі жылда дәнекерлеушінің көмекшісі бола жүріп, өзім қалаған мамандық бойынша мол тәжірибе жинақтадым. Осыны жақсы білетін көрші ағай үйіне қақпа жасап беруімді сұрады. Бұл кезде мен де өз ісіме біршама төселіп қалғам. Осылайша сол 2018 жылдың көктемінде оған екі апта көлемінде қақпаны тегін жасап бердім. Ағай оған риза болып, өз батасын берді. Осы бата менің дәнекерлеушілік жұмысыма ақжол болды, – дейді Төрегелді.
Төрегелді бес жылдық еңбек жолында өз кәсібін терең меңгерген нағыз шебер болып алыпты. Шағын ауласында оның қолынан шыққан қақпадан бастап, үлкен тойларда тігілетін киізүй аркасы, жиналмалы столдар мен орындықтар, үш кісілік тербелмелі орындық тұр. Шебер жұмысына қажетті темірді сығып, иетін станокты велосипед бөлшектерін пайдаланып қолдан жасап алыпты.
– Қазір материалдың қымбаттауына қарамастан үй салушылар көп. Сондықтан да аула қақпасы мен бастырмасына деген сұраныс мол. Ертең осы қақпамды бітірсем, айдың аяғына дейін тағы екі қақпа жасауым керек. Уақыт өте тығыз. Бір қақпаны бір аптада бітіріп, 250 мың теңгеге өткеремін. Тапсырысқа қарай қақпа жасаудың уақыты да, бағасы да өзгеріп отырады. Маған інім Айбек көмектеседі. Отбасындағы тірліктен босай қалса, әйелім Роза да қолұшын береді. Бес жылда тапсырыс берушілер тарапынан реніш естіген кезіміз жоқ, тек алғыс алудамыз, – дейді шебер.
Темірден түйін түйетін Төрегелді өткен жылы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» ұйымдастырған байқауда бірінші орынды иеленіп, Диплом және дәнекер аппаратына ие болған екен. Биылғы байқауда да жасаған бұйымдары жоғары бағаланып, бас жүлдені иеленіпті. Жалпы аудандық «Жастар ресурстық орталығы» оған үнемі қолдау көрсетіп келеді.
Төрегелдінің жұмыс орны тарлық ететінін байқадық. Шағын аулаға үйдің жалғыз қақпасы әзер сыйып жатқандықтан оны айнала жүріп, әшекейлеу, дәнекерлеу оңайға түспеуде.
– Алдағы уақытта мемлекеттен жәрдем болса өз кәсібімді кеңейткім келеді. Қолымда қаржы болса алдымен өзіме кеңірек цех ашып алар едім. Содан соң еңбек өнімділігін арттырып, қасыма 2-3 жасты жұмысқа тарту да ойымда бар, – дейді жас кәсіпкер.
Мемлекеттен ешқандай көмек алмай-ақ істің көзін тауып, іскерлік қабілетінің арқасында ел құрметіне бөленген бар болғаны 26 жасар оған біз өз ризашылығымызды білдірдік. Қолынан іс келетін, үнемі ізденісте жүретін Төрегелдінің табандылығы мен тыңғылықты ісіне қарап, оның өзі армандаған мақсатына жететініне сенуге болады.
Сүндетулла ӘБІЛОВ.
Байзақ ауданы.