Жастардың және қоғамның белсенділігі артып келеді

0 6

Қордай ауданында жастармен жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп, олардың білім алуына, еңбекке араласуына және қоғамдық ортада белсенді болуына мүмкіндік беретін жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстардың барысы аудан әкімдігінің мәжіліс залында өткен жиында талқыланды.

Жиынға аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сатымқұл, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Біржан Әлімбет, бөлім басшылары, ауылдық округ әкімдері және жастар өкілдері қатысты. Кездесуде Қордай аудандық жастар ресурстық орталығының алты айда атқарған жұмысы сараланып, алдағы кезеңге арналған міндеттер сөз болды.

Орталық директоры Айқаныш Исраилова есепті кезеңде жастардың түрлі мәселесін шешуге бағытталған бірқатар жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Соның ішінде жастарды жұмыспен қамту, кәсіби бағыт-бағдар беру, бос уақытын тиімді ұйымдастыру, әлеуметтік қолдау көрсету және түрлі мотивациялық жобаларға тарту мәселелеріне басымдық берілген.

Қордай ауданында бүгінде 154 мыңнан астам тұрғын болса, соның 55 мыңнан астамын 14-35 жас аралығындағы азаматтар құрайды. Бұл – аудан халқының 35,9 пайызы. Жастардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады. Аудан орталығында 13 953 жас болса, ауылдық елді мекендерде олардың саны 41 470-ке жетеді. Осыған байланысты жастар саясатын жүзеге асыруда ауыл жастарына ерекше көңіл бөлудің маңызы зор.

Жиында жастар арасындағы жұмыссыздық пен «NEET» санатындағы азаматтарды анықтау мәселесіне де кеңінен тоқталды. Жұмыс істемейтін, білім алмайтын және кәсіптік даярлықтан өтпейтін жастарды тұрақты жұмыспен қамту немесе оқуға бағыттау мақсатында «Мансап» орталығымен бірлескен жұмыстар жүргізілуде.

Жыл басында «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінде Қордай ауданында «NEET» санатына жататын 16-35 жас аралығындағы 4 802 жас тіркелген. Жастар ресурстық орталығы мен тиісті мекемелердің адрестік жұмыстарының нәтижесінде бұл көрсеткіш 2 281-ге дейін төмендеген. Қазіргі таңда аталған азаматтардың әрқайсысымен жеке жұмыс жүргізіліп, оларды жұмыспен қамту, кәсіптік оқуға жіберу немесе басқа да қолдау шараларына тарту бағытындағы жұмыстар жалғасып жатыр.

Жастар ресурстық орталығының жұмысы тек жұмыспен қамту мәселесімен шектелмейді. Жас буынның бос уақытын мазмұнды өткізуіне, шығармашылық қабілетін дамытуына және қоғамдық жұмыстарға араласуына мүмкіндік беретін кездесулер, спорттық жарыстар, түрлі тренингтер мен оқыту курстары ұйымдастырылып келеді.

Әсіресе, ауыл жастарының белсенділігін арттыру – маңызды бағыттардың бірі. Себебі, Қордай ауданындағы жастардың басым бөлігі елді мекендерде тұрады. Олардың білімін жетілдіріп, кәсіп игеруіне, еңбек нарығына бейімделуіне жағдай жасау – ауданның әлеуметтік дамуына тікелей әсер ететін фактор.

Жиында осы жұмыстарды одан әрі жетілдіру, жастарға көрсетілетін қолдау тетіктерін күшейту және ауылдардағы жас азаматтармен жұмысты жандандыру мәселелері де назардан тыс қалмады. Бұл ретте ауылдық округ әкімдіктері, жастар ресурстық орталығы және тиісті сала мамандарының бірлескен жұмысы маңызды.

Бүгінде жастардың талап-тілегі мен мүмкіндігіне қарай бағыт-бағдар беру – уақыт талабы. Білім алып, еңбекке араласқан, кәсіп бастаған, қоғамдық жұмыстарға белсенді қатысқан жас – ауданның дамуына өз үлесін қосатын азамат. Сондықтан Қордай ауданында жастармен жүргізілетін жұмыстың мазмұнын арттырып, олардың бастамаларына қолдау көрсету алдағы уақытта да жалғаса бермек.