Бекжан – еліміздің үздік ауыл дәрігері

0 19

Талас аудандық ауруханасының дәрігері Бекжан Мырзағұлов республикалық байқауда «Үздік ауыл дәрігері» номинациясы бойынша жүлделі бірінші орынды жеңіп алып, ауданның абыройын асқақтатты.

Денсаулық сақтау министрлігі ұйымдастырған додаға облысымыздан сыннан сүрінбей өткен бір маман ғана жолдама алған болатын. Біліммен қатар біліктілік те сынға түскен республикалық байқауға қатысуға тек еңбек өтілі 10 жылдан кем емес, бірінші біліктілік дәрежесі бар дәрігерлер мүмкіндік алған.

Байқау талаптарына сәйкес баспасөз беттерінде жарияланған мақалаларымен қоса саламатты өмір салтын сақтау тұрғысында және түрлі аурулардың алдын алу жайында тұрғындармен жүргізілген жұмыстарын да ұсынған үміткерлердің білімдері тестілеу арқылы да тексерілген. Аталмыш байқаудың облыстық кезеңінде қатысушы дәрігерлердің біліктілігі іс жүзінде алғашқы көмек көрсетудің түрлі тәсілдері арқылы сыналды. Сайыстың әр кезеңінде білімі мен біліктілігін дәлелдеген жерлесіміз Бекжан Мырзағұлов үздіктердің үздігі атанды.

Бекжан Мырзағұлов 2014 жылы Асфендияров атындағы медицина инситутын тәмамдаған соң, еңбек жолын Талас ауданындағы Есейхан ауылының дәрігерлік амбулаториясында аға дәрігер болып бастаған. Туған жерінде табан аудармастан еңбек етіп, антына адалдық танытып келе жатқан Бекжанның жеңісі барша жас мамандарға үлгі болары анық.