Сайлау

Барлық тапсырманың орындалуы тұрақты бақылауда болады

0 9

Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кеңейтілген актив отырысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында белгіленген басым бағыттарды өңірде жүзеге асыру жайы қаралды.

Жиында өңір басшысы биылғы Жолдаудың ел өміріндегі айрықша кезеңмен тұспа-тұс келгенін атап айтты. Тәуелсіздіктің 35 жылдығы мен жаңа халық Конституциясының қабылдануы еліміздің дамуында жаңа белес қалыптастырып отыр. Осыған орай Президент Әділетті, Қуатты, Таза және Прогрессивті Қазақстан құру жолындағы негізгі бағыттарды айқындап берді.

Облыс әкімі өз сөзінде Мемлекет басшысы Жолдауда көтерген атом электр станцияларын салу бастамасының облысымыз үшін маңызына назар аударды.

– Мемлекет басшысы «Балқаш» АЭС-інің құрылысын келесі жылы бастауды, ал «Мойынқұм» АЭС-ін жеделдету үшін кешенді ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды ұсынды. Бұл – біздің өңір үшін де маңызды жоба. Станция облысымызбен шектес Мойынқұм құмдары аумағында салынады деп жоспарлануда. Құрылыс мыңдаған жұмыс орнын ашуға, құрылыс материалдарына, көлік және қызмет көрсету салаларына сұранысты арттыруға мүмкіндік береді. Мойынқұм, Шу, Қордай аудандары мен Тараз қаласы осы мүмкіндіктерді тиімді пайдалануы тиіс. Біздің міндетіміз – жобаның өңір тұрғындарына нақты пайда әкелуін қамтамасыз ету, – деген Ербол Шырақпайұлы осы бағытта Атом энергиясы агенттігімен байланысты жандандырып, жергілікті кәсіпорындардың жобаға қатысу әлеуетін анықтау тапсырды. Сонымен бірге құрылысқа қажетті жұмыс күші мен материалдық ресурстарды қамтамасыз ету, көлік және энергетикалық инфрақұрылымды әзірлеу, сұранысқа ие мамандарды алдын ала даярлау мәселелерін пысықтау міндеті қойылды. Яғни, ірі жобаның өңірге берер мүмкіндігін тиімді пайдалану үшін дайындық жұмыстары қазірден басталуы керек.

Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде жаңартылатын энергия көздерінің де үлесі бар. Бүгінде облыста Біріккен Араб Әмірліктерінің Masdar компаниясы құны 742 миллиард теңге болатын, қуаты 1 ГВт жел электр станциясының құрылысын жүргізуде. Бұл жоба іске қосылғанда еліміздегі энергия тапшылығын азайтуға және электр қуатының профицитін қалыптастыруға ықпал етпек. Өңір басшысы аталған бастаманың уақытылы орындалуына мән беру қажеттігін жеткізді.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Президент бастамасымен қолға алынған «Халықтық құрылыс» бағдарламасы аясында облыста мектептер, медициналық ұйымдар және өзге де әлеуметтік нысандарға деген қажеттілік нақты есептелуі тиіс. Осыған байланысты жауапты басқармаларға өңірдегі сұранысты зерделеп, Үкіметке ұсыныстар енгізу жұмысын жандандыру тапсырылды.

Құрылыс басқармасының мәліметіне сүйенсек, соңғы бес жылда облыста 535 әлеуметтік нысан пайдалануға берілген. Салаға жыл сайын орта есеппен 140 миллиард теңге инвестиция бағытталады. Ал қазіргі таңда өңірдің құрылыс қоржынында жалпы құны 142,1 миллиард теңгені құрайтын 128 дайын жоба бар. Бұл алдағы кезеңде әлеуметтік нысандар құрылысын жүйелі жоспарлауға мүмкіндік береді.

Дегенмен құрылыс көлемін арттырумен қатар, оның жергілікті экономикаға берер пайдасын да ескеру маңызды. Облыс әкімі Мемлекет басшысының Ұлттық қор қаражатын импорттық өнімдерге жұмсауға жол бермеу жөніндегі тапсырмасын назарға салды. Осы ретте жаңа нысандарға қажетті құрылыс материалдарын отандық, оның ішінде жергілікті кәсіпорындардан алу мәселесін қарастыру қажеттігін айтты.

– «Халықтық құрылыс» нысандарына қажетті құрылыс материалдарын мүмкіндігінше жергілікті кәсіпорындар өндіруі тиіс. Бұл ретте ірі өнеркәсіптік жобалардың уақытылы іске қосылуын қамтамасыз етіп, құрылыс материалдары өндірісін ұлғайту бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу қажет. Сондай-ақ құрылыс нысандарына жергілікті тұрғындарды жұмысқа орналастыруға басымдық берілуі керек, – деді Ербол Қарашөкеев.

Бұдан бөлек, жол сапасына қойылатын талапты күшейту мәселесі сөз болды. Облыс әкімі 2027 жылға арналған жол жөндеу жоспарын алдын ала бекітіп, әрбір нысандағы жұмыстың сапасын қатаң бақылауға алуды тапсырды. Әсіресе, кепілдік мерзімі ішінде анықталған кемшіліктерді мердігер мекемелердің өз есебінен жоюын қамтамасыз ету қажеттігі ескертілді.

Жиында бюджет қаржысын тиімді игеру де негізгі мәселелердің бірі ретінде қаралды. Өңір басшысы негізсіз және тиімсіз шығындарды қысқартып, босайтын қаражатты тұрғындардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін жобаларға бағыттау керектігін айтты. Сонымен қатар ең төменгі жалақыны арттыруға және медицина қызметкерлеріне қосымша ақы төлеуге қажетті қаржы көлемін есептеп, оны 2027 жылғы бюджетте қарастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді жүктеді.

Ауыл шаруашылығы саласында да бірқатар міндет белгіленді. Атап айтқанда, суармалы жер көлемін ұлғайту, су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу, сүт-тауарлы фермалар мен агрологистикалық орталықтар салу бағытында нақты жол картасы әзірленуі тиіс. Бұл жұмыстар ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін арттырып қана қоймай, оны сақтау мен өткізу жүйесін де жетілдіруге бағытталуы қажет.

Жиынды қорытындылаған Ербол Қарашөкеев Жолдауда айтылған әрбір міндеттің орындалуы тұрақты бақылауда болатынын жеткізді. Оның сөзінше, қолға алынған жұмыстар қағаз жүзіндегі есеппен шектелмей, нақты нәтижемен өлшенуі керек.

– Жолдаудың мәні әрбір азаматқа жетуі тиіс. Бүгін берілген барлық тапсырманың орындалуы тұрақты бақылауда болады. Мемлекет басшысы көзбояушылыққа жол берілмейтінін, нақты нәтиже қажет екенін айқын айтты. Президентіміздің сенімін ақтау – баршамыздың ортақ парызымыз. Сондықтан алдағы жұмыстарымыз нақты нәтижеге бағытталуы керек, – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, Президент Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспар бекітілгеннен кейін облыста да тиісті іс-шаралар жоспары әзірленеді. Онда өңірдің ерекшелігі мен мүмкіндіктері ескеріліп, белгіленген міндеттердің кезең-кезеңімен орындалуы қарастырылады.