Қордайлықтардың қос қуанышы

0 21

Жаңа жыл қарсаңында Қордай ауданында екі бірдей жаңа нысан пайдалануға беріліп, елді қуанышқа кенелтті.

Бірі – Ноғайбай ауылындағы ауызсу жүйесі. Бұрынғы құбырлардың әбден тозығы жетіп, ауызсудың сапасы төмендеп кеткендіктен ауыл тұрғындары бұған дейін таза ауызсудан қиындық көріп келген еді. Жаңа магистральді құбыр тартылып, су мұнарасы салынды. Жалпы 145 магистралды, 130 сервистік құдық орналастырылды. Сондай-ақ 131 метрден артезиандық екі су ұңғымасы қазылды. 50 текше метрлік мұнара мен 300 текше метрлік екі су қоймасы (резервуар) тұрғызылып, электр жүйесіне қосылды. Сусорғы стансасы орнатылды. Бұл жұмыстардың барлығын жоба мердігері «Сәт Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқарды.

Ауыл тұрғындарының қуанышын аудан әкімінің орынбасары Бақыт Сахатов бөлісті.

– Біздің ауылда су мәселесі шешімін таппай келген түйткілді мәселелердің бірі еді. Енді халқымыз тіршілік нәрінен тарықпайтын болды. Бұл біріншіден – егемендігіміздің, екіншіден – Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатының нәтижесі, үшіншіден – өздерің сияқты ауыл азаматтарының арқасында осындай қуанышқа жетіп отырмыз. Жаңа жыл құтты болып, ауылымыздың ажары жыл санап көркейе берсін, – деді ауыл қариясы Ержан Маженов.

Сонымен қатар осы күні «Қордай ауданының мемлекеттік архиві» мекемесі жаңа ғимаратқа көшті. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Бегзат Болатбеков қатысты.

Ғимараттың жобалық құны 337661,80 миллион теңгені құрайды. Құрылыс жұмыстарын «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген заманауи ғимараттың іші соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен жабдықталған. Ғимарат екі қабаттан тұрады. Жалпы ауданы 821,5 шаршы метрді алып жатыр. Ғимаратта құжаттарды қабылдау бөлмесі, арнайы қоймалар және мәжіліс залы бар.