От пен темірдің арасында өткен ғұмыр
Қара темірдің бетіне тиген электр доғасы бір сәтте ақшыл-көкшіл ұшқын шашып, айналаны жарық қылып жібереді. Дәнекерлеушінің қалқанынан ғана көрінетін сол қысқа сәттің ар жағында көзге көрінбейтін үлкен еңбек жатыр. Қызған металдың иісі, аппараттың үздіксіз үні, жүзді шарпыған ыстық, қолдың қажуы – мұның бәрі осы кәсіптің күнделікті көрінісі. Бір қарағанда, қарапайым темірді бірбіріне жалғау секілді көрінгенімен, шын мәнінде дәнекерлеушінің әр қозғалысы дәлдікті, тәжірибені және аса жоғары жауапкершілікті талап етеді.
Өйткені дәнекерлеуші тек темірді біріктірмейді. Ол өз қолымен берік дүние жасайды. Бір конструкцияның мықтылығы, бір құбырдың бүтіндігі, бір нысанның қауіпсіздігі кейде оның қолының ептілігі мен кәсіби шеберлігіне байланысты. Ал газ құбырларымен жұмыс істейтін маман үшін жауапкершіліктің жүгі одан да ауыр. Мұнда асығыстыққа да, салғырттыққа да орын жоқ. Отпен жұмыс істеген адам әр қадамын есеппен басуы керек. Осындай жауапкершілікті арқалап, от пен темірдің арасында ширек ғасырға жуық еңбек етіп келе жатқан маманның бірі – Александр Геннадьевич. Ол Жамбыл облысы, Меркі ауданының тумасы.
Газоэлектрмен дәнекерлеу кәсібін мектеп қабырғасында таңдаған. Содан бері арада жиырма жылдан астам уақыт өтті. Кәсіп те өзгерді, технология да жаңарды, құралжабдықтар да түрленді. Бірақ оның қолындағы мамандық сол күйі өз маңызын жоғалтқан жоқ. Александр Геннадьевич үшін дәнекерлеушілік – жай ғана нәпақа табатын жұмыс емес. Ол – күн сайын жауапкершілікпен атқаратын ісі, жылдар бойы қалыптасқан кәсіби жолы, тіпті өз сөзімен айтқанда, «өзінің стихиясы». Әр адамның еңбек жолының өз бастау нүктесі бар. Біреу бала күнінен белгілі бір кәсіпті армандайды. Енді бірі өмірдің өзі ұсынған жолмен жүреді. Ал Александрдың мамандық таңдауына тоқсаныншы жылдардағы мектептегі кәсіптік бағдар әсер еткен. Ол кезде оқушылардың болашақ кәсібін ертерек байқап көруіне мүмкіндік беретін оқу-өндірістік комбинат – УПК жұмыс істейтін.
Сегізінші-тоғызыншы сынып оқушылары онда түрлі мамандықтарды үйренетін. Бірі механизатор болуға қызықса, енді бірі жүргізушілікті таңдады. Ал Александрдың таңдауы газоэлектрмен дәнекерлеуші мамандығына түсті. Бұл таңдау сол сәтте өмірінің келесі жиырма бес жылын анықтап беретінін, бәлкім, жасөспірім Александрдың өзі де ойламаған шығар. Бірақ кейде адамның өміріндегі үлкен жолдар осындай қарапайым таңдаудан басталады. Мектеп қабырғасынан басталған қызығушылық уақыт өте кәсіпке айналды. Кәсіп тәжірибеге ұласты. Тәжірибе жылдар өткен сайын шеберлікті қалыптастырды. Ал шеберлік адамның өз ісіне деген құрметін арттырды.
«Мектепте оқып жүрген кезімізде УПК-ға баратынбыз. Онда механизатор, жүргізуші, газоэлектрмен дәнекерлеуші секілді мамандықтар болды. Мен осы мамандықты таңдадым. Сөйтіп, әрі қарай кете бердім», – дейді маман еңбек жолының басталғанын еске алып.
«Әрі қарай кете бердім» дегені ғана – бар болғаны бір ауыз сөз. Бірақ сол сөздің ішінде жиырма жылдан астам уақыттың тарихы жатыр. Жастық шақ, алғашқы жұмыс, алғашқы тәжірибе, талай нысан, талай тапсырыс, жол үстіндегі күндер, жауапты сәттер мен қиындықтар… Ең қызығы – бұл кәсіп Александрдың өміріне кездейсоқ қана енбеген. Оның әкесі де осы іспен айналысқан. Сондықтан мамандықты таңдау барысында әке еңбегінің де әсері болғанын өзі жасырмайды.
«Кейде ойлайтынмын: мектепті он бірінші сыныпқа дейін оқып бітірсем, бәлкім, басқа мамандықпен айналысар ма едім деп. Бірақ таңдауыма өкінбеймін. Өйткені бұл іспен әкем де айналысқан. Мүмкін, мен де оның жолын жалғастырып келе жатқан шығармын», – дейді ол.
Әке жолын жалғастыру – сырт көзге қарапайым ғана ұғым. Ал шын мәнінде оның ішінде ұрпақтан ұрпаққа өтетін еңбек тәрбиесі жатыр. Кәсіптің қырсырын кітаптан ғана емес, үлкеннің ісінен көру, оның жұмысқа деген жауапкершілігін байқау, өзің де сол еңбекке араласқанда ғана оның салмағын түсіну – дәнекерлеушінің кәсіби жолына әсер еткен дүниелердің бірі. Жиырма бес жылға жуық уақыт бір мамандықта еңбек ету – аз уақыт емес. Осы аралықта адамның өзі де, заман да өзгереді. Кеше ғана жаңа болып көрінген құрал бүгін ескіріп қалады. Бір кезде қолжетімді болған жұмыс тәсілінің орнына жаңа технология келеді.
Дәнекерлеушінің кәсібі де уақытпен бірге жаңарып отырды. Бұрын қарапайым электродты дәнекерлеу аппараттары, 220 вольттық стационарлық құрылғылар қолданылса, бүгінде технология әлдеқайда дамыған. Құрал-жабдықтар жаңарды, жұмыс тәсілдері өзгерді. Алайда техниканың жаңаруы адамның кәсіби білімі мен тәжірибесінің орнын басқан жоқ. Өйткені қандай заманауи аппарат қолданылса да, оның тілін түсінетін, жұмыстың сапасын бағалайтын, жауапкершілікті өз мойнына алатын маман қажет.
«Қазір жаңа технологиялар, жаңа аппараттар бар. ХХІ ғасыр ғой. Мен жұмыс бастаған кезде қарапайым электродпен, 220 вольттық аппараттармен жұмыс істейтінбіз. Қазір бәрі өзгерді, технология дамыды», – дейді маман.
Бірақ техника өзгергенімен, мамандықтың негізгі талабы өзгермеген. Ол – сапа. Александр үшін жақсы дәнекерлеуші болу аппаратты ұстай білумен ғана өлшенбейді. Оның пікірінше, ең алдымен адам өз кәсібін құрметтеуі керек. Қызығушылық пен талап болуы қажет. Ал ең бастысы – істеген жұмысың үшін жауап бере білуің керек.
«Егер сен дәнекерлеуші болсаң, өз жұмысыңды құрметтеуің керек. Бір нәрсені істей алмай тұрсаң да, ең болмағанда жасап көруге тырысуың қажет», – дейді ол.
Осы жерде оның тағы бір сөзі еріксіз еске түседі: «Басында көз қорқады, ал қол істейді». Бұл – жылдар бойы еңбек еткен адамның сөзі. Өйткені тәжірибесіз адамның алдында күрделі жұмыс тұрса, оның қиындығы көзге бірден көрінеді. Ал тәжірибелі маман сол қиындықтың ішінен шешім іздейді. Қолдың қимылы уақыт өте автоматты деңгейге жеткенімен, әр жұмыстың артында ой, есеп және жауапкершілік тұрады. Дәнекерлеушінің еңбегін сөзбен түсіндіру бір бөлек, ал сол маманның қиын жағдайда не істегенін көрсету – мүлде басқа. Александр Геннадьевичтің жиырма жылдан астам еңбек жолында есте қалған оқиғалар аз емес. Бірақ солардың ішінде қыс мезгілінде болған бір жағдайдың орны ерекше. Жұмыс барысында газ құбырының бір бөлігі зақымданып, апатты жағдай туындайды. Құбырды шұғыл түрде қалпына келтіру қажет. Бірақ мәселенің күрделілігі мұнымен бітпейді. Қыс мезгілі. Айнала суық. Ал құбырдағы ақауды реттеу үшін елді мекендегі халықты жылусыз қалдыруға болмайды.
Дәл осындай сәтте маманның білімі мен тәжірибесі ғана емес, батылдығы да сыналады. Апатты жағдайды жою үшін жұмысты тоқтатпай орындау қажет болды. Александр Геннадьевич зақымданған бөлікті қалпына келтіруге кіріседі. Қасында жүрген жігіттердің өзі мұндай жағдайда жұмыс істеуге болатынына күмәнданған. Себебі бұл – жай ғана темірді дәнекерлеу емес. Бұл – газбен байланысты аса жауапты жұмыс. «Қыста газ аркасын көлік қағып кеткен жағдай болды. Құбыр жарылып, оны жөндеу керек болды. Бірақ халықты жылусыз қалдырмай, газды өшірмей жөндеуге тура келді. Сол кезде қасымдағы жігіттер мұндай жағдайда дәнекерлеуге болатынына сенбеді», – деп еске алады ол. Сол сәтте тәжірибенің бағасы көрінді. Жылдар бойы жиналған машық, жұмыстың қыр-сырын білу, жағдайды дұрыс бағалау – бәрі бір сәтте керек болды. Жауапкершіліктен қашып, «бұл қиын екен» деп кейін шегінуге болатын еді. Бірақ оның алдында басқа міндет тұрды: жұмысты сапалы әрі қауіпсіз орындау. Бұл оқиға дәнекерлеушінің өзі айтатын бір ұстанымның мәнін аша түседі: кәсіби маман қиындықты сылтау етпейді, оның шешімін іздейді.
«Жалпы, өз мамандығымнан қиындық көрмеймін. Басында көз қорқады, қол істейді», – дейді ол. Осы бір қарапайым сөйлемнің өзі дәнекерлеушінің ғана емес, кез келген еңбек адамының болмысын сипаттайтындай. Кейіпкеріміз үшін жұмыстың нәтижесі тек атқарылған міндетпен немесе алған жалақымен өлшенбейді. Әрине, кез келген адам өз еңбегі үшін ақы алады. Бұл – еңбектің заңды бағасы. Бірақ кейіпкер үшін одан бөлек тағы бір өлшем бар. Ол – адамға жасаған еңбегіңнің пайдасын сезіну.
«Жасаған жұмысыңнан кейін адамдар саған «рақмет» деп, күлімдеп тұрса, сені ұмытпай, көшеде көргенде амандасып жүрсе – осының өзі үлкен нәрсе», – дейді маман.
Бұл сөз – еңбек адамының еңбегіне деген көзқарасын анық аңғартады. Шебердің қолынан шыққан дүние көзге көрінбеуі мүмкін. Оның аты тақтайшаға жазылмауы да мүмкін. Бірақ бір күні сол еңбектің арқасында бір нысан жұмыс істеп тұрса, бір үйге жылу жетсе, бір жүйе өз міндетін атқарса – маман үшін соның өзі жеткілікті. Тараз қаласында газ саласына қатысты екі нысанның, оның ішінде есепке алу тораптарының жасалуына да өз қолымен атсалысқан. Жылдар өте мұндай жұмыстардың саны көбейді. Бірінен кейін бірі келген тапсырыстар тәжірибені шыңдады. Бірақ Александр Геннадьевич өткен жолына қарап, «мына жұмысым ғана ерекше» деп бөлмейді. «Осы жылдарда көп жұмыс істедік, талай тапсырыс болды. Ешкімді жерге қаратқан жоқпыз», – дейді ол. Бұл сөздің өзінде маманның кәсіби ұстанымы бар. Жұмысты орындау – міндет. Ал оны сапалы орындау – абырой. Еңбек жолының тағы бір қыры – іссапар. Кейде маманның еңбегін оның жұмыс орнынан ғана көреміз. Ал сол жұмыс үшін артта қалған отбасы, күткен жар, әкесін сағынған бала туралы көп айтыла бермейді. Александр Геннадьевич кәсіби жолының бір кезеңінде үнемі іссапарда жүрді. Бір нысан аяқталса, келесі жұмыс күтті. Жол, жұмыс, тағы жол…
«Осы жылдары үнемі іссапарда жүрдім. Әйелімді, балаларымды көп көрмедім», – дейді ол.
Бұл – еңбек жолының сырт көзге байқала бермейтін салмағы. Бүгінде жағдайы өзгерген. Қазір бір жерде тұрақтап, белгілі бір фирмада еңбек етеді. Жұмыстан кейін үйіне қайтады. Балаларын көреді, жарымен бірге болады, туған-туыстарымен араласады. Жылдар өте адам үшін уақыттың қадірі де өзгереді. Жастық кезде еңбек пен кәсіби тәжірибе бірінші орында тұрса, кейін отбасыңның жанында болудың өзі үлкен бақыт екенін түсінесің. Мамандық Александрға тек дәнекерлеуді ғана үйреткен жоқ. Ол адамды өз бетінше шешім қабылдауға, қиындыққа мойымауға, алға жүруге, бастаған істі соңына жеткізуге тәрбиеледі.
«Өз бетіңмен әрекет етуді үйренесің. Алға жүруді, шегінбеуді, тапсырманы орындауды, сенімді қадам басуды үйретті», – дейді ол.
Бүгінде әлем өзгеріп жатыр. Роботтар өндірісте адамның кейбір жұмысын атқарады. Компьютерлер көптеген процесті жеңілдетті. Жасанды интеллект те күн сайын жаңа мүмкіндіктер ұсынып келеді. Бірақ технология қанша дамығанымен, қол еңбегінің қадірі жоғалмайды. Өйткені кез келген жаңа технологияны іске қосатын да, құралды пайдаланатын да, оның нәтижесіне жауап беретін де адам. Александр Геннадьевичтің пайымынша, еңбек адамды шыңдайды.
«Кәсіп адамды үйретеді, шыңдайды. Басыңды төмен салмай, алға жүруге мәжбүрлейді», – дейді маман.
Оның өмір жолына қарасақ, бұл сөздің жалаң ұран емес екенін көруге болады. Мектептегі алғашқы таңдаудан басталған жол оны түрлі нысандарға алып келді. Қарапайым аппараттан заманауи технологияға дейінгі өзгерісті көрді. Қауіпті де, жауапты да жұмыстарды атқарды. Іссапардың машақатын көрді. Отбасынан жырақта жүрген жылдарды бастан өткерді. Бірақ мамандығына деген құрметін жоғалтпады. Керісінше, жылдар өткен сайын өз кәсібінің қадірін тереңірек түсінді. Бүгінде ол өзін ең алдымен дәнекерлеуші деп таныстырады. Бұл сөзді қарапайым қызмет атауы ретінде емес, өзінің өмір жолын білдіретін ұғым ретінде қабылдайды.
«Мен өз жұмысымды мақтан тұтамын. Өз мамандығымды жақсы көремін, құрметтеймін. Мен – дәнекерлеушімін және соны мақтан етемін. Бұл – менің табиғатым. Онсыз өзімді аяқ киімсіз жүргендей сезінемін», – дейді Александр Геннадьевич.
Бұл – ширек ғасырға жуық еңбектің қорытындысы. Бүгінгі жастардың мамандық таңдауы бұрынғыдан өзгеше. Қазір жоғары білім алуға, түрлі саланы меңгеруге, жаңа технологияларды үйренуге мүмкіндік көп. Дегенмен жұмысшы мамандықтарға да қоғамның сұранысы жоғары. Өз ісін жылдар бойы атқарып келе жатқан маман жастарға бір ғана нәрсені айтады: таңдаған кәсібіңді құрметте. «Жастарға ең алдымен өздері таңдаған мамандығына деген ынта мен қызығушылық тілеймін. Оқу керек. Өз кәсібіңді құрметтеу керек. Егер мамандықты таңдадың ба, сол іспен лайықты айналысуың қажет», – дейді ол. Оның байқауынша, кейінгі жылдары жұмыс орындарына жас мамандар да келіп жүр. Бірі сұрап, бірі қызығып, бірі қолынан іс келетінін көрсетуге тырысады. Бұл – еңбек дәстүрінің үзілмегенінің белгісі.
Бір кездері өзі де мектеп қабырғасынан мамандық таңдаған жас еді. Бүгінде сол жасқа айтар ақылы бар тәжірибелі маманға айналды. Мүмкін, жылдар өткен соң бүгін қасына еріп жүрген жас мамандардың бірі де өз алдына шебер болып, кейінгі буынға дәл осындай кеңес айтар. Себебі кәсіптің сабақтастығы – еңбек мәдениетінің ең мықты негіздерінің бірі. Темірдің арасын жалғаған әр тігістің өзіндік тарихы бар. Бірі өндірістік нысанның бөлшегін біріктіреді, бірі газ құбырын қалпына келтіреді, енді бірі адамға қажет құрылысқа жан бітіреді. Ал сол темірдің ар жағында оны жасаған адамның қолтаңбасы қалады.
Александр Геннадьевичтің қолтаңбасы да – ширек ғасырға жуық адал еңбекпен қалыптасқан шеберліктің белгісі. Ол мамандығын мектепте таңдады. Әке жолын жалғады. Қарапайым аппараттардан бастап, жаңа технологияларға дейінгі кезеңді көрді. Қауіпті сәттерде жауапкершілік арқалады. Отбасынан жырақта жүріп еңбек етті. Бүгінде жинаған тәжірибесін жас мамандарға беруге дайын. Оның өмір жолында даңғаза атақтан гөрі күн сайын адал атқарылған жұмыс маңызды. Өйткені еңбек адамының ең үлкен марапаты – өз қолынан шыққан істің нәтижесін көру. Ал оның ең үлкен атағы – жылдар өткен соң да: «Бұл жұмысты Александр істеген еді» деген сөзді есту. От пен темірдің арасында өткен ширек ғасырға жуық уақыт – бір маманның еңбек тарихы ғана емес. Бұл – кәсіпке адалдықтың, жауапкершіліктің және маңдай термен келген абыройдың үлгісі.