Мойынқұм: ауылшаруашылығы мен өнеркәсібі өркендеген өңір

0 3

Мойынқұм ауданы — ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп қатар дамып келе жатқан аудандардың бірі. Табиғи-климаттық ерекшелігіне байланысты аудан негізінен мал шаруашылығына маманданған. Бүгінде ауданда 600-ге жуық шаруа қожалығы тіркелсе, оның 450-ге жуығы мал шаруашылығымен айналысады. Қой, жылқы, түйе және мүйізді ірі қара өсіру жақсы дамыған. Кең жайылымдық алқаптар әсіресе ірі қара мен жылқы шаруашылығын дамытуға қолайлы мүмкіндік беріп отыр.

Соңғы жылдары ауданда ірі қара мал саны айтарлықтай артқан. Бұған «Агрофирма Түрікпен» ЖШС-нің Ресей Федерациясынан асыл тұқымды қалмақ сиырларын әкелуі оң әсерін тигізді. Кәсіпорын шамамен 10 мың басқа жуық асыл тұқымды мал сатып алып, төл басын көбейту арқылы аудан бойынша ірі қара санын 30 мыңнан 60 мың басқа дейін жеткізген.

Биыл аудан көлемінде 4,5 мың гектар жерге егістік егілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 346 гектарға артық. Сонымен қатар 3,5 мың гектар көпжылдық мал азығы алқабы бар. Шу ауданындағы қытайлық жүгері зауытының ашылуына байланысты дәндік жүгері егісіне басымдық беріліп, оның көлемі 350 гектарға дейін ұлғайтылған.

Суармалы жерлерде көкөніс пен бақша өнімдері өсіріледі. Кейбір аумақтарда бидай мен арпа да егіледі. Ауылшаруашылығын дамыту үшін су жүйелерін жаңғыртуға ерекше көңіл бөлінуде. Аудандық бюджет есебінен жыл сайын каналдарды тазалау, бөгеттерді нығайту және шлюздерді жаңарту жұмыстарына қаржы қарастырылып келеді. Биыл бұл мақсатқа 90 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген.

Соңғы жылдары Су ресурстары және ирригация министрлігіне қарасты «Қазсушар» кәсіпорнының жұмысы жанданып, негізгі каналдар механикалық тазалаудан өткізілуде. Сонымен қатар «Сануй», «Оңғарбай», «Байбарақ», «Көкжелек», «Күшаман», «Коминтерн» каналдарын бетондау жоспарланған. Бұл ағын суды тиімді пайдалануға мүмкіндік береді.

Диқаншылар да су үнемдеу технологияларын кезең-кезеңімен енгізіп келеді. Егер өткен жылы мұндай технологиялар 63 гектар алқапта қолданылса, биыл бұл көрсеткіш тағы 100 гектарға ұлғайған.

Аудан экономикасында өнеркәсіп саласының да үлесі жоғары. Бүгінде алтын өндіру, цемент шығару, гранит пен барит өндірісі қарқынды дамып келеді. Ірі өндіріс орындарының қатарында «Алтыналмас» АҚ-ның Ақбақай филиалы, «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС, «Оргстрой» ЖШС, «Шығыс кен басқармасы» ЖШС және «Эврика барит» ЖШС бар.

«Жамбыл цемент» зауытының жылдық өндірістік қуаты 1,5 миллион тонна цемент өндіруге жетеді. Кәсіпорын еліміздегі цементке деген сұраныстың шамамен 20 пайызын қамтамасыз етіп отыр.

2025 жылдың қаңтар-сәуір айларында аудан өнеркәсіп кәсіпорындары 64,5 миллиард теңгенің өнімін өндірген. Бұл – облыс аудандары арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қазіргі таңда өнеркәсіп саласында 2 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.

Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиелер беріліп, гранттар бөлінуде. Сауда, қызмет көрсету, құрылыс, көлік және ауылшаруашылығы өнімдерін өңдеу салаларында кәсіпкерлік белсенді дамып келеді.

Биылғы жылдың алғашқы төрт айында ауданның бөлшек сауда көлемі 1,9 миллиард теңгеден асқан. Сонымен қатар жаңа инвестициялық жобалар қолға алынып, олар аудан тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік бермек.

Алдағы жылдары ауданда 7 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Олардың қатарында «Shagala Mining», «Аметист-2012 БР», «Total Energies», «Turan Industry», «Vie Mynaral», «VIE Shyganak» және «Хантау АБК» компаниялары бар. Бұл жобалар толық іске асқанда 850-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Сонымен қатар қытайлық инвестор «Аншунь Энерджи» ЖШС Мойынқұм ауылы маңынан жылына 3 миллион тонна көмір өңдейтін өндіріс орнын ашуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны — 150 миллион АҚШ доллары. Қазіргі таңда қажетті құжаттарды рәсімдеу жұмыстары жүргізілуде.

Инфрақұрылымды дамыту бағытында да бірқатар маңызды жұмыстар қолға алынған. Аудандағы 24 елді мекеннің 20-сы таза ауызсумен қамтылған. Ақсүйек, Ақбақай, Қашқантеңіз және Бурылбайтал ауылдарындағы ауызсу мәселесі шешімін тапқан. Мыңарал, Шығанақ, Бірлік, Биназар, Мойынқұм және Құмөзек ауылдарындағы су жүйелерін жаңғыртуға 8,5 миллиард теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталған.

Электр желілерін жаңарту бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Мыңарал, Ақсүйек және Мирный ауылдарындағы тозығы жеткен электр желілері кезең-кезеңімен ауыстырылуда.

Жол жөндеу мәселесіне де ерекше көңіл бөлінген. «Бірлік–Мойынқұм–Ұланбел» автожолының бір бөлігіне орта жөндеу жүргізуге облыстық бюджеттен 930,3 миллион теңге бөлінген. Сонымен қатар Радай өзені арқылы өтетін жаңа көпір пайдалануға берілді.

Әлеуметтік салада да оң өзгерістер бар. Ауылдарда спорт кешендері, мәдениет үйлері, кітапханалар мен мектептер салынып жатыр. Айдарлы ауылындағы спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға берілсе, Бірлік ауылындағы орталық стадион толық жаңғыртудан өткен.

Білім саласында апатты деп танылған Мыңарал және Қарабөгет ауылдарының мектептері қайта салынып, пайдалануға берілді. Ал Күшаман ауылында жаңа 80 орындық мектептің құрылысы басталмақ.

Денсаулық сақтау саласында аудан тұрғындарына 1 орталық аурухана, 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік пункт және 10 медициналық тірек пункті қызмет көрсетуде.

Ауданда газдандыру жұмыстары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қазіргі таңда 9 елді мекенді газбен қамту жобасы қолға алынған. Жоспар бойынша 2030 жылға дейін бұл ауылдар толық көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі.

Жалпы, Мойынқұм ауданында ауылшаруашылығы мен өнеркәсіп салалары қатар дамып, ауданның әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға серпін беріп отыр.