Сайлау

Облыста мал саны – 4,1 миллион басты құрады

0 22

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен биыл елімізде 2026–2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспары бекітіліп, іске асырыла бастады. Жоспар аясында малдың генетикалық сапасын жақсарту, жемшөппен қамтамасыз ету жүйесін нығайту, саланы қаржыландыруды кеңейту, заманауи технологияларды енгізу және өнімді қайта өңдеу бағыттарын дамыту көзделген.

Осы ретте елімізде мал шаруашылығында америкалық озық технологияларды пайдаланатын болды. Атап айтқанда Қазақстан мен АҚШ мал шаруашылығы саласында өзара тиімді ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтермек. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалиннің айтуынша, жайылымдық жерлер көлемі бойынша әлемде бесінші орынға жайғасқан Қазақстанның ( 180 млн гектар) сиыр еті мен қой етін, сондай-ақ сүт өнімдерін өндіру көлемін арттыруда мүмкіндігі зор.

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мен америкалық Trans Ova Genetics, LC компаниясы арасында ынтымақтастық туралы меморандум аясында елімізде ірі қара мал эмбриондарын алу, сапасын бағалау, криоконсервациялау және трансплантациялау жұмыстарын жүргізетін мамандандырылған эмбриологиялық зертхана құру жоспарланып отыр. Сонымен бірге шетелдік сарапшыларды тарта отырып, отандық мамандардың біліктілігін арттыруға басымдық берілмек. Бүгінде елімізде қызыл ет өндірудің толық өндірістік цикліне негізделген алты жоба жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігінде алғашқы мамандандырылған мал биржасының құрылысы қолға алынуда.

Ал Жамбыл облысында жалпы мал саны – 4,1 миллион басты құрап, 9,1 пайызға артқан. Соның ішінде мүйізді ірі қара саны – 476 мыңға жетіп, 7,9 пайызға, қой саны – 3,4 миллионды құрап, 9,2 пайызға, жылқы саны – 200,3 мыңға өсіп, 11,4 пайызға артқан. Ал құс саны – 2,5 миллион болып, 30,2 пайызға артып отыр. Мал басының өсуі сүт және ет өндірісіне де өз септігін тигізуде. Жамбыл облысы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, осы жылдың 10 айында 200,5 мың тонна сүт өндіріліп, 1,9 пайызға, 98,3 мың тонна ет өндіріліп, 2,4 пайызға, 98,1 миллион жұмыртқа өндіріліп, 13 пайызға артқан.

Сондай-ақ биылғы жылы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған «Береке» және «Игілік» бағдарламалары аясында 13,2 миллиард теңге бөлініп, 11,2 мың бас ірі қара және ұсақ асыл тұқымды малды Австралия, Венгрия, Чехия елдерінен жеткізу жоспарлануда. Нәтижесінде облыстағы сүт өндірісі 2,5 пайызға, ет өндірісі 4 пайызға ұлғаймақ.

Бүгінгі күні «Игілік» және «Береке» бағдарламалары аясында жалпы 8,3 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба қаржыландырылып, осы қаражат есебінен 5 жоба бойынша – 3 мың бас мүйізді ірі қара мен 3 жоба бойынша – 5,5 мың бас ұсақ мал сатып алу көзделуде.

Елімізде соңғы жылдары 100-ден астам заманауи тауарлы-сүт фермасы пайдалануға берілген. Олардың әрқайсысының орташа құны 9 миллион АҚШ долларын құрайды. Сонымен қатар цифрлық технологиялармен жабдықталған, жоғары өнімді тағы 50 тауарлы-сүт фермасының құрылысын жеңілдетілген несиелендіру арқылы қолдау жоспарланған.

Ұлттық статистика бюросының ақпаратына сүйенер болсақ, өткен жылы жүргізілген санақ еліміздің барлық өңірінен шамамен 290 мың ауыл шаруашылығы құрылымы мен 1,7 миллион жеке қосалқы шаруашылықты қамтыды. Ауыл шаруашылығы құрылымдарының 92 пайызы, ал жеке қосалқы шаруашылықтардың 19 пайызы онлайн санақтан өтті. Респонденттердің үйіне барған кезде интервьюерлер санақ парақтарын планшеттер арқылы толтырды. Санақаралық кезеңде ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны артып, егіс алқаптарының құрылымы өзгерді. Мал басының басым бөлігі ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесіне тиесілі болды. Атап айтқанда, осы кезеңде ауыл шаруашылығы құрылымдарының саны 42 пайызға өсіп, 204 мыңнан 290 мыңға жетті. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындарының саны екі еседен астам артып, 9,5 мыңнан 21 мыңға дейін өсті. Ал шаруа және фермер қожалықтары мен жеке кәсіпкерлердің саны 194 мыңнан 269 мыңға жетті. Егіс алқаптарының жалпы көлемі 18,3 миллион гектардан 23,2 миллион гектарға дейін ұлғайды. Сонымен қатар егілетін дақылдардың арақатынасында да өзгерістер болды. Дәнді дақылдардың үлесі 81 пайыздан 69 пайызға дейін төмендесе, майлы дақылдардың үлесі 4 пайыздан 17 пайызға дейін өскені байқалды.

Мал шаруашылығында мал басының шаруашылық санаттары бойынша бөлінісінде елеулі өзгерістер байқалды. Алдыңғы санақтың қорытындысы бойынша шартты мал басына шаққандағы жалпы көрсеткіштің 20 пайызы ауыл шаруашылығы құрылымдарының үлесіне тиесілі болған. 2025 жылы бұл үлес 68 пайызға жетті. Ал жеке қосалқы шаруашылықтардың үлесі 32 пайызды құрады.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, бүгінгі күні өңірдегі төрт түлік жайлы қыстатылуда. Жалпы облыс бойынша 484,9 мың бас мүйізді ірі қара, 3,5 миллион бас қой мен ешкі, 204,2 мың бас жылқы және 8,6 мың бас түйе мал қыстауларында қыстатылуда. Төрт түлікті қажетті азықпен қамтамасыз ету үшін биыл 3,3 миллион тонна мал азығын дайындау жоспарланған. Оның ішінде 2 миллион 211 мың тонна пішен, 141,2 мың тонна пішендеме, 484 мың тонна сабан, 117 мың тонна сүрлем және 364 мың тонна құнарлы жем бар. Бүгінгі таңда жоспарланған көлемнен 3,365 миллион тонна немесе 101,4 пайызы дайындалған. Ал жеке қосалқы шаруашылықтарда 1485,8 тонна мал азығын дайындау жоспарланып, ол артығымен жиналған. Қазіргі күні өңірдегі төрт түлік 5862 мал қыстату орнында қыстатылуда. Оның 1020-сы шалғайдағы жайылымдық аумақтарда орналасқан.