Қордай өңіріндегі табысты кәсіпкерлердің бірі

0 2

Қордайлық Кенен Бекмолдаев 2024 жылы туған ауылы Алға ауылдық округінде сүт өнімдерін өндіретін шағын кәсіпорын ашқан болатын. Қазіргі таңда ол кәсібін жолға қойып, отбасының экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етіп отыр.

Кәсіпкердің айтуынша, оның жеке кәсібін ашуына себеп болған – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған «Ауыл аманаты» жобасы.  Ол жоба аясында 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, қаражатына жоғары сапалы сүт өнімдерін өндіруге арналған сауу аппараты, май шайқағыш, сепаратор сынды сүтті жинау мен өңдеуді жеңілдететін құрал-жабдықтар сатып алады.

Бүгінде шаруашылығында он сиыр бар. Оның мал шаруашылығындағы, әсіресе сүт бағытындағы тәжірибесі жеткілікті. Малға қажетті жем-шөп уақтылы беріліп, күтім жасалғандықтан жоғары өнімділікке қол жеткізуде. Кененнің қаймақ, май және ірімшік сияқты сүт өнімдері – ауыл тұрғындары арасында сұранысқа ие. Өйткені фермер экологиялық таза әрі табиғи өнім өндіреді. Өнімнің сапасы мен дәмділігінің арқасында кәсіпкер ауылдастарының сеніміне ие болып отыр.

Оның ісі өз отбасын ғана табыспен қамтамасыз етіп қана қоймауда. Басқа малшыларға да үлгі болып, ауылдағы кәсіпкерлік мәдениетінің дамуына ықпал етіп келеді.

Ол өз ауылының экономикалық дамуына үлес қосу үшін бұдан да табысты еңбек етуді мақсат етіп отыр. Кәсіпкердің бизнесі болашақта ауыл экономикасына оң әсерін тигізері сөзсіз.