Сайлау

«Жібек жолы» ауданында инфрақұрылымды дамытуға басымдық берілген

0 10

Тараз қаласының «Жібек жолы» ауданында биыл жол жөндеу, ауызсу желілерін жаңғырту, әлеуметтік нысандар салу және абаттандыру бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау, ауыл шаруашылығын дамыту және тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Бұл туралы облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Жібек жолы» ауданының әкімі Қарлығаш Аралбекованың қатысуымен өткен брифингте айтылды.

Аудан басшысының айтуынша, «Жібек жолы» ауданы 2024 жылғы 20 желтоқсанда қабылданған тиісті қаулы мен мәслихат шешімі негізінде құрылған. Қазіргі таңда мұнда 243 487 адам тұрады. Аудан аумағы 17 157,7 гектарды құрайды. Оның құрамына 5 аумақтық округ, 11 шағын аудан және бірнеше елді мекен кіреді. Бүгінде ауданда 201 көпқабатты тұрғын үй, 37 мыңнан астам жеке тұрғын үй және 521 көше бар.

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуында инженерлік инфрақұрылымды жетілдіру маңызды орын алады. Қазіргі таңда аудан аумағындағы көшелердің жалпы ұзындығы 1 439,4 шақырымды құрайды. Оның 834,3 шақырымы асфальтталған болса, 605,1 шақырымы шағал тас жолға жатады.

Биыл жалпы ұзындығы 3,9 шақырым болатын 6 көшеге орташа жөндеу жүргізіліп, оған 101,2 миллион теңге жұмсалған. Бұдан бөлек, 32 көше мен бұрылыста шұңқырларды бітеу жұмыстары атқарылды. Алдағы жылы тұрғындардың өтініштері негізінде тағы 22 көшені орташа жөндеу жоспарланып отыр. Сондай-ақ көшелерді жөндеудің бес жылдық жоспары әзірленіп, бірінші кезекте мектептер мен әлеуметтік нысандарға апаратын жолдарға басымдық берілген.

Кешкі уақытта көшелердің жарықтандырылуы да тұрғындар үшін маңызды мәселе екені белгілі. Осы бағытта биыл 22 көшеде жалпы ұзындығы 22,9 шақырым болатын жарықтандыру желілері тартылған. Қалған аумақтарда жұмыс кезең-кезеңімен жалғасын таппақ.

Балалардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасау мақсатында да бірқатар нысан жаңартылған. Аудан аумағындағы ойын және спорт алаңдарының 10-ы жөнделіп, жарықтандырылып, толық қалпына келтірілді. Сонымен қатар 173,2 миллион теңгеге 8 жаңа ойын алаңы салынып, үнемделген қаражат есебінен Қазарма мен Сұлутөр алаптарында тағы екі алаң пайдалануға берілген.

Ауызсу мәселесі де кезең-кезеңімен шешімін табуда. Жаңа қосылған аумақтарды сумен қамту үшін «Талас» және «Дорожник» жобалары әзірленген. Бірінші жоба аясында 274 ауланы, яғни 1 370 тұрғынды, екіншісі бойынша 150 ауланы немесе 750 адамды ауызсумен қамту көзделіп отыр.

Сонымен қатар тозығы жеткен су құбырларын жаңарту жұмыстары жүргізілген. Сорокин көшесінде 5,6 шақырым, Целиноградская және Шалғай Қарасу көшелерінде 4,2 шақырым құбыр ауыстырылып, жұмыстар толық аяқталған. Ал Жалпақтөбе, Әуежай, Қант зауыты және өзге де аумақтардағы су жүйелерін жаңғыртуға қатысты жобалар әзірленіп, қаржыландыру мәселесі қарастырылуда.

Қоғамдық көлік қатынасын жақсарту да назардан тыс қалмаған. Ақбұлым алабына №31 бағыттағы автобус қатынасы ашылып, Түрксібке жаңартылған №37 автобустар берілген. Биыл аудан аумағына қосымша 76 аялдама орнатылып, олардың жалпы саны 327-ге жетті.

Ауданда әлеуметтік саланың дамуына да басымдық берілген. Бүгінде тұрғындарға 94 білім беру, 35 денсаулық сақтау мекемесі, 5 мәдениет ошағы, 7 кітапхана және спорт нысандары қызмет көрсетеді. Білім беру инфрақұрылымындағы маңызды жаңалықтың бірі – 600 орындық №27 мектептің құрылысы аяқталып, 1 қыркүйекте пайдалануға берілуі. Жобаның келісімшарт құны 3,43 миллиард теңгені құраған. Ал 2027 жылы Қызыл Абадта 300 орындық, Шаңырақта 600 орындық мектеп салу жоспарланып отыр. Сонымен бірге бес мектепті күрделі жөндеуден өткізуге қаражат қарастыру көзделген.

Мәдениет саласында да жағымды жаңалықтар бар. Сұлутөр алабында жалпы аумағы 320 шаршы метрді құрайтын жаңа кітапхана ашылды. Кітапхана қорында 9 418 кітап бар, оның 4 257-сі қазақ тілінде. Сондай-ақ Құмшағал тұрғындары үшін жаңа дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілген.

Әлеуметтік қолдау шаралары аясында жыл басынан бері 796 отбасының 3 975 мүшесіне 593,4 миллион теңге атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып төленген. Ал тұрғын үй-коммуналдық төлемдеріне көмек ретінде 301 отбасыға 18,3 миллион теңге бөлінген. Бұдан бөлек, демеушілердің қолдауымен 452 отбасыға азық-түлік себеттері мен қаржылай көмек көрсетілген. «Мектепке жол» акциясы аясында 144 оқушыға мектеп формасы мен оқу құралдарын алуға жәрдем берілген.

Ауданның егде жастағы тұрғындары мен көпбалалы аналарын қолдау бағытында да жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда мұнда 28 110 зейнеткер тұрады. Биыл көпбалалы аналарға 39 «Алтын алқа» және 123 «Күміс алқа» табысталған.

«Жібек жолы» ауданында кәсіпкерлік саласы да қарқын алып келеді. Бүгінде 14 673 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 14 664-і шағын кәсіпкерлікке жатады. Ауданда 774 шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында сауда орындары, дәріханалар, шаштараздар, қоғамдық тамақтану орындары, қонақүйлер мен өндірістік кәсіпорындар бар.

Кәсіпкерлермен бес кездесу өткізіліп, мемлекеттік қолдау тетіктері, субсидия алу, аумақтарды абаттандыру, автотұрақ, жарықтандыру және өрт қауіпсіздігі мәселелері талқыланған. Сонымен қатар әр сенбі сайын әлеуметтік жәрмеңкелер ұйымдастырылып, 11 шаруа қожалығы өз өнімдерін төмендетілген бағамен ұсынуда. Аумақтарды абаттандыру және санитарлық тазалықты сақтау бойынша 63 кәсіпкерлік нысанмен меморандум жасалған.

Ауыл шаруашылығы да аудан экономикасының маңызды бағыттарының бірі саналады. Қазіргі таңда мұнда 499 шаруа қожалығы жұмыс істейді. Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер көлемі 3 990,23 гектарды құрайды. Биыл егіс жұмыстарына 69 трактор мен 87 техника тартылған. Сонымен бірге мал азығын дайындау, көкөніс сақтау және ветеринариялық-профилактикалық шаралар жоспарға сәйкес жүргізілген.

Аудан аумағындағы 39 көкөніс сақтау қоймасында 42,8 мың тонна пияз және 6 мың тонна картоп сақтаулы. Шаруашылықтарға мемлекеттік қолдау көрсету аясында «ҚазАгроФинанс» арқылы үш шаруашылық қажетті техникамен қамтылып, тағы бір шаруашылық тамшылатып суару технологиясын енгізген.

Аудандағы инвестициялық жобалардың жүзеге асуы да жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беруде. Биыл жалпы құны 14 миллиард 50 миллион теңгені құрайтын жеті инвестициялық жоба қолға алынып, шамамен 540 тұрақты жұмыс орны ашылған. Олардың қатарында «Таразқант зауыты», «Ағали» тігін өндірісі, «Zerbulak» қонақүйі, «Астана-POLYTECH» құбыр зауыты, «Dentex» тіс емханасы, «Тараз новые технологии» темір өңдеу цехы және «КЕЗЕР» тігін фабрикасы бар.

Әсіресе қант зауытының іске қосылуы аудан үшін маңызды өндірістік жобалардың бірі болды. Қарлығаш Аралбекованың айтуынша, кәсіпорын 25 қазанда жұмысын бастап, қазіргі уақытта тәулігіне 1 мың тонна қант қызылшасын қабылдап жатыр. Ал 5 қарашадан бастап бұл көрсеткішті 3,5-4 мың тоннаға дейін жеткізу жоспарланған. Науқан барысында жалпы 200-250 мың тонна қызылша қабылдау көзделген.

Бұдан бөлек, 2027 жылы 500 миллион теңгеге медициналық академия ашу және Ақбұлым алабында 100 миллион теңгелік, 50 орындық «Сұңқар» оқыту орталығын іске қосу жоспарланып отыр.

Аудан аумағын абаттандыру, санитарлық тазалықты сақтау және көгалдандыру жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Осы бағытта тұрғындар, ардагерлер мен кәсіпкерлер арасында түсіндіру кездесулері ұйымдастырылып, ақпараттық материалдар жарияланған.

Қыркүйек-қазан айларында өткен сенбіліктерге 180 мекеме, кәсіпкер және тұрғын қатысып, жалпы 2 мың адам қамтылған. Нәтижесінде 310 тонна қоқыс шығарылған. Сонымен қатар қоғамдық жұмысшылар 1 200-ге жуық көше мен бұрылысты тазалап, 620 тонна қалдықты белгіленген орындарға жеткізген. Жыл басынан бері 13 стихиялық қоқыс орны жойылып, 500 тоннадан астам қалдық полигонға шығарылған.

«Таза Қазақстан» акциясы аясында Атакент танхаустары аумағында екі рет тазалық жұмыстары ұйымдастырылып, 1 098 тонна қоқыс шығарылған. Жалпы жыл басынан бері аудан аумағынан 7 мың тоннадан астам қоқыс әкетілген.

Көгалдандыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Көктемде аудан аумағына 12 835 түп ағаш отырғызылса, күзде Қызыл Абад алабында 10 мың тұт ағашын егу жұмыстары жүргізілген. Құмшағал, Қаржыгерлер аллеясы мен Үшбұлақ-2 жағалауында да терек, қарағаш, тұт ағаштары отырғызылған.

Бұдан бөлек, су арналары мен арық жүйелерін тазалау, каналдар бойына қоршау орнату және жаяу жүргіншілер қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары жүргізілген. Биыл 4 шақырым канал мен елді мекендердің 9 шақырым ішкі арық жүйесі тазартылған.

Брифинг соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері аудан әкіміне өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, жол жөндеу, ауызсу, қоғамдық көлік, әлеуметтік нысандар мен абаттандыру мәселелеріне қатысты тұщымды жауаптар алды. Кездесу барысында алдағы уақытта жүзеге асырылатын жобалар мен тұрғындардың тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған жоспарлар да сөз болды.