Транзиттік тамыр Тараздан тарқайды

0 2

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында ел экономикасының басты драйверлерінің бірі ретінде көлік-логистика саласын дамытуға айрықша мән бергені белгілі. Президент айқындаған міндеттер бүгінде Жамбыл өңірінде кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, облыстың транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған ауқымды жобалар қолға алынуда.

Соңғы жылдары Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі маңызды көлік тораптарының біріне айналып келеді. «Шығыс – Батыс» және «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық дәліздері мен Транскаспий халықаралық көлік бағыты еліміздің стратегиялық маңызын күшейтіп, Еуропа мен Азия арасындағы сенімді көпір ретіндегі рөлін нығайтты. Осы бағыттағы жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы республика бойынша транзиттік тасымал көлемі 36,9 миллион тоннаға жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 6,6 пайызға артқан.

Бұл серпін біздің облыста да анық байқалады. Өңірде көлік инфрақұрылымын жаңғырту, жол сапасын жақсарту, логистикалық хабтар қалыптастыру және халықаралық жүк ағынын ұлғайтуға бағытталған бірқатар стратегиялық жобалар жүзеге асырылуда.

Бүгінде республиканың оңтүстігі мен солтүстігін жалғайтын «Алматы – Астана» және «Меркі – Шу – Бурылбайтал» бағыттарындағы қайта жаңғырту жұмыстары толық аяқталып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Шу – Қайнар» және ескі «Күйік» асуын айналып өтетін автожолдарға күрделі жөндеу жүргізілуде.

Ал Тараз қаласында жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар қарқын алған. Атап айтқанда, Абай даңғылындағы жол өткелі мен теміржол үстінен өтетін жаяу жүргіншілер өткелінің құрылысы басталды. Бұдан бөлек, Асқаров, Рысбек батыр, Қойгелді көшелерін қайта жаңғырту және «Бурыл А, Б, В», «Барысхан» тұрғын алқаптарына асфальт төсеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, аймақтың логистикалық әлеуетін арттыру бағытында ірі инвестициялық жобалар қолға алынған. Соның ең ауқымдысы – Қордай ауданында құрылып жатқан «Алатау» индустриялық сауда-логистикалық кешені арнайы экономикалық аймағы.

Жалпы аумағы 165 гектарды құрайтын бұл жобаның 100 гектары индустриялық аймаққа, 65 гектары сауда-логистикалық бағытқа бөлінген. Сонымен қатар мұнда жалпы аумағы 150 мың шаршы метр болатын логистикалық қоймалар салу жоспарланған. Инвестициялық жобаны «БЦ Эталон» серіктестігі жүзеге асырады.

Өңірде жол бойы сервистік нысандарды дамыту да назардан тыс қалған жоқ. Қазіргі таңда жаңа сервистік орталықтар мен көкөніс сақтау қоймалары бой көтеруде. Мәселен, Тараз қаласында «TRZ AGRO» серіктестігі сыйымдылығы 12 мың тонна болатын көкөніс сақтау қоймасының құрылысын жүргізіп жатыр. Жобаның жалпы құны – 2 миллиард теңге. Сондай-ақ тәулігіне 22 тоннаға дейін жүк өңдеуге қауқарлы «Тараз» көтерме-тарату орталығы мен Байзақ ауданындағы «Жамбыл» көтерме-тарату орталығы тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл нысандар ауылшаруашылығы өнімдерін сақтау мен тасымалдау тізбегін тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы бүгінде 10 мың шақырымнан асады. Оның ішінде 1187 шақырымы республикалық маңыздағы, 1668 шақырымы облыстық, 1474 шақырымы аудандық жолдар болса, елді мекен көшелерінің ұзындығы 5732 шақырымды құрайды. Өткен жылы жол саласына бөлінген 30,3 миллиард теңге есебінен 474 шақырымнан астам жол жөнделген. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті жолдардың үлесі 99,5 пайызға жетті. Бұл республикадағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

Ал биыл салаға 21,1 миллиард теңге қарастырылған. Оның аясында бір көпір мен екі теміржол өткелінің құрылысы, сондай-ақ Тараз және Қаратау қалаларындағы көшелерді қайта жаңғырту мен 150 шақырымнан астам жолды орташа жөндеу жоспарланған.

Жолаушылар тасымалы саласында да оң өзгерістер бар. Қазіргі таңда облыста 163 автобус бағыты ұйымдастырылған. Бұл бағыттарға 41 тасымалдаушы мекеме қызмет көрсетеді. Жалпы өңір бойынша 894 автобус жолаушылар игілігіне пайдаланылуда. Биыл тағы 20 жаңа бағыт ашылып, 76 елді мекен қоғамдық көлікпен қамтылады деп күтілуде. Соның нәтижесінде қоғамдық көлікпен қамтылған ауылдар саны 271-ге жетіп, көрсеткіш 79 пайызға дейін өседі.

Автопарктерді жаңарту жұмыстары да жүйелі жалғасуда. Соңғы екі жылда өңірге 300-ден астам жаңа автобус жеткізілген. Сонымен қатар Шу – Отар теміржол бағытына заманауи электр пойызы шығарылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалған.

Жүк тасымалы көлемі де айтарлықтай артқан. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанында облыс бойынша 9,5 миллион тоннадан астам жүк тасымалданған. Оның ішінде теміржол көлігі арқылы жеткізілген жүк көлемі 8,1 пайызға өссе, автомобиль тасымалы бірнеше есе артқан.

Теміржол саласында да жаңғырту жұмыстары жалғасуда. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының Жамбыл магистральдық желі бөлімшесі 2029 жылға дейінгі арнайы Жол картасын бекіткен. Құжат аясында Шу, Тараз, Түрксіб, Шығанақ және басқа да стансаларда инфрақұрылымды кеңейту, қосымша жолдар ашу, локомотивтерді жаңарту және өткізу қабілетін арттыру шаралары қарастырылған.

Сонымен қатар цифрландыру бағытында бірқатар жаңа жүйелер енгізілуде. Олардың қатарында пойыз қозғалысын автоматты басқару, энергия тұтынуын бақылау және вагондарды цифрлық сәйкестендіру жобалары бар.

Сарапшылардың пікірінше, қазіргі геосаяси жағдайда көлік-логистика саласының маңызы бұрынғыдан да арта түскен. Санкциялық қысым, халықаралық бағыттардың өзгеруі мен шекарадағы жүктеменің артуы Қазақстан үшін жаңа мүмкіндіктер ашты. Осы ретте Орта дәліз бағыты стратегиялық маңызға ие болып отыр. Бүгінде Қытай тарапы осы бағыт арқылы 2029 жылға дейін жыл сайын 300 мың контейнер жөнелтуді жоспарлап отыр. Қазақстан бұл мүмкіндікті тиімді пайдалану үшін Өзбекстан, Қытай, Әзербайжан, Түркия және Қырғызстанмен цифрлық логистика жүйесін дамыту бағытында бірлескен жұмыстар жүргізуде.

Жалпы, облысымызда қолға алынған инфрақұрылымдық жобалар өңірдің транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, экономиканың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыруға негіз болмақ. Алдағы жылдары көлік-логистика саласындағы серпінді бастамалар Әулиеата өңірін Орталық Азиядағы маңызды транзиттік орталықтардың біріне айналдыруы әбден мүмкін.