Құрылтай

Ұзақ жасау өз қолымызда ма?

0 11

Бразилияда планетадағы ең қарт адамдардың бірі Левино да Коста Жезус биылғы шілде айында қайтыс болды. 119 жасқа келген ол соңғы 19 жылын Cidade Ozanan қарттар үйінде өткізген.

Мекеме қызметкерлері осындай құрметті жаста болса да, Левино жақсы көңіл-күйді сақтап қалғанын айтады. Ол өз бетімен тамақтанып, ерікті түрде байланыс орнатып, өмірінің соңына дейін оптимизмді жоғалтпаған. Жүз жаста ол музыка мен биге ерекше құштарлық танытты. Мүгедек арбасына отырғанның өзінде қызметкерлердің көмегімен сабақтарға баруды жалғастырды.

Левиноның өзі ұзақ өмірінің негізі деп атаған қағида қарапайым естіледі: жанжалдан аулақ болу және адамдармен жақсы қарым-қатынасты сақтау. Сонымен қатар, ол сенімнің маңыздылығын және басқаларға сабырлы, бейбіт көзқарасты ерекше атап өтіпті. Міне, адамның ұзақ өмір сүруінің басты себептерінің бірі көңіл-күйі мен өмірлік ұстанымы екен.

Осы орайда мына бір мәліметтер назар аударуды қажет етеді. Әлемдегі ең ұзақ өмір сүрген адам Ли Цинъюнъ 1677 жылы дүниеге келіп, 256 жас жасаған. Тоғыз патшалықты басынан өткерген ол 1777 жылы 100 жасында «Қытай медицинасындағы ерен еңбегі үшін» орденіне ие болған. Жиырма әйелмен отасқан қарт ішімдік, темекімен әуестенбеген. Шай ішпеген, уақтылы әрі жеңіл тамақтанған. Үнемі етсіз тамақтар және жеміс-жидекпен, шөп шаймен қоректенген. Көңілді жүруге тырысқан. Ерте ұйықтап, ерте тұрған. Көзін жұмып, екі қолын тізесіне қойып алып, бірнеше сағат қозғалмай, отырып ұйықтаған. 1933 жылы кәріліктен қайтыс болды. Сол секілді 209 жасқа келген Ұлыбритания тұрғыны да 12 патшалықты басынан өткізген.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, Жапонияда соғыстан кейінгі жылдарда әйелдердің орташа жасы – 87, ал ерлердің орташа жасы 82 жасты құраған. Енді 15 жылдан кейін бұл елдегі ұзақ жасаушылар саны миллионнан асып жығылады деп болжануда. Жүз жастан асқан адамдардың саны 5 мыңнан асыпты.

Қазақстанда 2025 жылы ерлердің орта жасы 70,4, әйелдердің орта жасы 78,6 болыпты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметіне қарағанда, Қазақстанда 100 жастағы және одан үлкен 448 азамат бар. Ең жасы үлкен қазақстандық Ұлытау облысында тұрады, ол 115 жасқа толған туған күнін атап өтіпті. Біздің Жамбыл облысында да 100-ден асқан бірнеше кісі бар. Қазiргi таңда Қазақстанда егде жастағы адамдар халық санының 8,7 пайыздан астамын құрайды. Бiрiккен Ұлттар Ұйымы сарапшыларының болжамы бойынша, таяу жылдары бұл көрсеткіш 11 пайызға артуы мүмкін. Тағы бір айта кететін мәселе, дүниежүзі бойынша, тұтас алғанда, экономикалық жағынан дамыған елдерде ұзақ жасау көрсеткіші едәуір жоғары. Бұл үшін медициналық көмек көрсетудi жақсарту мақсатында герантологиялық (герентология – қарттар туралы ілім) жүйе құру қажеттілігі туындайды.

Иә, қарттыққа аяқ басқан кез келген адам ең алдымен ұзақ жасауды армандайтыны анық. Бірақ екінің бірі жүзге жете бермейтіні хақ. Дегенмен ұзақ өмір сүрудің де өз сыры бар. Ол үшін не істеу керек? Ұзақ жасау – бұл өмірдің орташа ұзақтығынан едәуір жасқа жету, яғни физиологиялық қартаю процесін баяулату. Бұған көптеген факторлар әсер етеді: тұқым қуалаушылық, экология, әлеуметтік- экономикалық жағдайлар. Бірақ негізгі құрал – саламатты өмір салты. Ұзақ өмір сүру ең алдымен адамның өзіне байланысты екені анық.

Дегенмен күнделікті өмірде көп нәрсені ескере бермейміз. Бірақ қазіргі жағдайда ұзақ жасауға болады. АҚШ-тың жетекші ғалымдары жақында адам баласының 90 жасқа дейін тың, сергек қалыпта жүріп, жүзжылдық мерейтойын еркін тойлауына мүмкіндігі зор екендігін есептеп шығарды. Ол үшін қарапайым ғана он бір қағиданы есте сақтау керек. Сонымен…

  1. Адам баласы енжарлыққа салынып, жата бермей, көбірек қозғалғаны дұрыс. Дәрігерлер-герантологтардың айтуына қарағанда, 6-9 сағат бойы жұмыста көп отыратын адам үшін 6 0 жасында, одан да ертерек инсульт немесе инфаркт алу қаупі бар екен. Кардиолог ғалымдар кем дегенде күніне 40 минут бойы тоқтаусыз жүру қажеттігін айтады. Сонда ғана ағзада қан айналымы жақсарып, жүрек қалыпты жүйеде жұмыс істей бастайды. Сондай-ақ әр жарты сағат сайын жаттығу жұмыстарын жасағанның пайдасы көп. Естеріңізде болса, бұрындары радио арқылы таңертең «бір, екі, үш…» деп әртүрлі қозғалыс гимнастикаларын өткізіп жататын. Жұмыс орындарында (тігін цехтарында және т.б.) да жұмыс барысында бірнеше рет «еңбек гимнастикасы» деген іс-шаралар жүргізілетінін білетінбіз.
  2. Ағзаңыздағы холестериннің деңгейін біліп, оны үнемі бақылауда ұстап отырғаныңыз жөн. Холестериннің көбеюі түбінде гипертония мен жүрек талмасына апарып соқтырады. 30 жастан асқан адамдар жылына бір рет, ал 45 жастан кейінгілер дәрігердің нұсқауымен жылына екі рет холестериннің деңгейін анықтап тұрғаны дұрыс.
  3. Дәрумені (витамині) бар әртүрлі тамақтарды көбірек пайдаланған абзал. Әсіресе, ағзаға көкөніс пен жемістің пайдасы мол екенін ұмытпаған жөн.

4. Әрдайым қан қысымын (артериалдық қысымды) қалыпты жағдайда ұстаған дұрыс. Қазір гипертониялық ауру жасарып барады. Бүкіләлемдік денсаулық сақтау ұйымы мамандарының дерегіне қарағанда, 35-40 жастағы азаматтардың қан қысымында құбылмалылық байқалады. Қан қысымын көтеретін заттардың бірі ас тұзын мөлшерден тыс пайдалану болып табылады.

  1. Алдыңызға келген астың бәрін жей беруге болмайды. Тойғанша емес, асқазаныңыз бір қалыпқа жеткенше ғана тамақтаныңыз. Көзіңіз бен көңіліңіз алдамшы. Олар ешқашан тоймайды. Өзіңді өзің қадағалауың керек. «Адам қасықпен өзіне-өзі көр қазады» деген ұғым бар. Мұны дәрігерлер емес, халық ойлап тапқан. Ең дұрыс диета – барлығын жеуге болатын диета, тек шаманы білу маңызды. Тамақ ішерде алдымен су ішіп алу керек. Ағзаға қанша калория түсті, сонша калорияны жұмсау керектігін есте ұстау қажет. Сол секілді суды да мөлшермен (1,5-2 литр) ішіңіз. Аз тамақтанған сайын алғыр боласыз, өміріңіз де ұзақ болады.
  2. Артық салмақтың (семіздіктің) керегі жоқ. Мамандардың мәліметтеріне сенсек, 15 килограмм артық салмақ 10 жылдық өміріңді қысқартады. Шектен тыс салмақ немесе семіздік қан айналымының бұзылуына алып келеді. Тіпті қант диабеті, жүрек жетіспеушілігі, артрит-артроздарға, бел ауруларына алып барады.
  3. Әрдайым қан құрамындағы қанттың деңгейін қадағалап тұрған жөн. Ашқарын жағдайында қанттың деңгейі 3,3-5,6 ммоль/л көрсеткіш шамасында болуы керек. Сондықтан тәтті, торт, конфеттер, құрамында қанты көп тағамдарды шектегеніңіз жөн.
  4. Қытай және Жапония елдерінде таңмен ерте тұрып жаттығу жасайтын қарттар бар. Олардың жаттығуы – жүгіру, әлек болып алысу емес. Бір орында отырып ішкі жан дүниеңмен жұмыс жасау. Адамның ұзақ өмір сүруіне бірден-бір себепкер осы ішкі жан дүниенің тыныштығы. Өзіңізді ортадан бөліп алып кетіңіз де, ішіңізге үңіліңіз, көзіңізді жұмып бір сәтке өзіңіз қалайтын әлемнің ортасына түсіңіз. Бұл денсаулыққа, өміріңізге үлкен мүмкіндіктер туғызады.
  5. Әрдайым суыққанды болып, сабырлық сақтаңыз. Барлығы өтеді. Не болса соған күйіп- пісіп, ашуланбаңыз, ретсіз дауыс көтермеңіз. «Ашу – дұшпан, ақыл – дос» дейтін сөзді ескеріңіз. Өміріңіз қызықты әрі ұзақ болсын десеңіз, көңілді жүруді өзіңізге серік етіңіз. Қолдан келсе, көңілді болып, күліп жүріңіз. Ашу – тез қартаюдың бірінші белгісі. Ұзақ жасаушыларда жоғарғы нерв қызметінің типі, әдетте, күшті, сабырлы болып келеді. Олар адамға жұғымды, айналасындағы оқиғалар мен құбылыстарға зер салғыш, сергек, ақпейіл болып, жұқпалы ауруларға берік, жоққа, барға мазасызданбайтын, ес-жады жақсы, еңбекқор адамдар болады.
  6. Жүзден аса ғұмыр кешкен қытайлық Ли есімді ақсақал өзінің бұлай ұзақ ғұмыр кешуін бір-ақ ауыз сөзбен түйіндеген: «Жүректі таза ұста, тасбақа секілді отыр, кептер секілді көңілді жүр, ит секілді ұйықта». Бұл аталған әрбір сөздің қасиетін ескере отырып, сіз ұзақ өмір сүруге мүмкіндік ала аласыз.
  7. Спирттік ішімдіктерді ішуді, темекі шегуді бастамаңыз, егер бастап кетсеңіз неғұрлым ерте тастасаңыз, ол ағзаңызға өте пайдалы. Темекіні тастағаннан кейін 15 жылдан кейін ғана барып ағза бұрынғы таза қалпына келетін көрінеді. Никотиннің улы екенін осыдан-ақ бағамдай беріңіз. Сондықтан, темекі мен ішімдікке әуес болмағаныңыз дұрыс.

«Қарттық кезеңнің бақыты неде?» деген сауалға жауап берушілердің басым бөлігі оны денсаулықпен, отбасының татулығымен, қарияға деген сый-құрметпен, балаларының мейіріміне бөленіп, қамқорлықтарын сезінумен байланыстырады. Сондай- ақ өсіп-өнген ұрпақтарының жақын тұруы, отбасында оларға деген мейірім мен сыйдың сақталуы, жақсы демалыстың болуы, шипажайларға бару, адамдармен араласу, сөйлесу де маңызды.

Ғалымдардың айтуынша, адам үш түрлі қартаяды. Ерте тәни қартаю – кәрілік белгілерінің мезгілінен бұрын аян болуы. Рухани қартаю – тән мұқалуынан бұрын жан жұталуы, жүйке жүйесі түтіліп, жадтың көмескіленуі.

Сәнімен қартаю – абырой. Ұл- қыздарының, немере-шөберелерінің, құда-жекжаттарының шаршы төрінде отыру, кіршіксіз ықыластары мен ақ ниетті қамқорлықтарын сезіну, ешнәрсеге мұқтаж болмау, ауыл- аймақтың үлкендері мен жастарының инабатты сәлемі мен арнайы сыбағасын қабылдау, ақ батасын беріп, баршасын ризалау үлкен ғанибет. Өз төрінен төмендемей, сыны мен сыйын қашырмай, әдемі қартаю – өнеге.

Жалпы, биологиялық, медициналық, әлеуметтік тұрғыдан алғанда, қазірде өмір сүру сапасының артып келе жатқандығын атап айтқан жөн. Бұған медицина саласының соңғы жетістіктері мен әлеуметтік жағдайдың жақсаруы оң септігін тигізіп отыр.

Жалпы, адамды қартайтатын оның физиологиялық жасы емес, өміріндегі қиындықтар, уайым- қайғы, күйзеліске ұшырау, көңіл- күйдің жоқтығы, отбасындағы берекесіз ахуал, егде тартқан жасында қоғамға, отбасына өзін керексіз сезіну, ұл-қыздары мен жақындары жағынан сыйлаудың, құрметтеудің, қамқорлықтың жоқтығы. Тағдырдың талқысымен кәрілікті қарттар үйінде өткізіп жатқан жандар да жетерлік.

Әлбетте, қартаю – жан-жақты табиғи үдеріс. Одан ешкім 100 пайыз қорғана алмайды. Уақыт өз дегеніне бірте-бірте, ертелі-кеш әйтеуір көндіреді. Үкімет қарт кісілерге қамқорлық жасап, оларды мың құбылған, дүрбелеңге толы өмір ағысынан сырт қалдырмай, көптеген игілікті іс атқарып жатыр. Өз кезегінде көзі ашық, көкірегі ояу қарияларымыз белсенділік танытып, қоғамдық істерге араласып, жастар тәрбиесіне, ұлттық салт-дәстүрлеріміздің сақталуына, ұлтымыздың рухани байлығын толықтыруға, саламатты өмір салтын бұқара ортасында қалыптастыруға барынша үлес қосып келеді. Олар өз орталарында жақсы қартаюдың, әдемі қартаюдың өнегесі болып жүр.

Көптеген геронтологтар ұзақ жасаудың әлеуметтік мүмкіндігі текке (генетикаға) байланысты деп есептейді. Белгілі бір шамада мұның өзі өмір тәжірибесі тұрғысынан дәлелденген де. Сонымен қатар ұзақ жасаудың әлеуметтік-экономикалық факторларға: материалдық жағдайларға, мәдениет деңгейі мен медициналық қызмет көрсетілуіне, еңбек пен тұрмыс жағдайының сипатына, қоғамдағы психологиялық климатқа байланысты екені күмәнсыз. Ұзақ жасаушылардың 50 пайыздан астамы ауылдық жерлерде тұрады. Қоршаған ортаның ластануының әсері де адам денсаулығы мен оның өмір ұзақтығына едәуір әсер ететіні белгілі.

Әрине, айтылған кеңестің барлығы да пайдалы екені түсінікті. Егер аталған қағидаларды жіті сақтайтын болсаңыз, ұзақ өмір сүретініңіз анық. Бірақ ұзақ жасауға қатысты қағидалардың 50 пайызы ең алдымен адамның гендік жүйесіне де байланысты болатыны сөзсіз. Қалай десек те, қарттыққа бой алдырмай, ұзақ жасағыңыз келсе, өзіңізді сергек ұстап, көңіл-күйіңізді барынша жақсартып, саламатты өмір салтын сақтаңыз.