Жаңғыртылған теміржол бекеті пайдалануға берілді

0 5

Шу қаласының тарихы теміржолмен тығыз байланысты. Қаланың қалыптасып, дамуына осы саланың қосқан үлесі зор. Бүгінде мұндағы теміржол нысандарының жаңарып, заманауи талапқа сай болуы шаһардың ажарын да айшықтай түсті. Соның бірі – күрделі жөндеуден өтіп, жаңарған Шу теміржол вокзалы.

Жақында осы жаңғырған тарихи нысанның ашылу рәсіміне облыс әкімі Ербол Қарашөкеев қатысып, теміржол саласының ардагерлерімен, еңбек ұжымдарының өкілдерімен және қала тұрғындарымен жүздесті.

Шу вокзалының жаңғыртылуы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың теміржол вокзалдары мен оған іргелес инфрақұрылымды ретке келтіру жөніндегі тапсырмасы негізінде жүзеге асқан. Нысанды жаңартуға 6 миллиард теңгеден астам қаржы жұмсалса, вокзал маңын абаттандыруға 524 миллион теңге бағытталған. Жөндеу барысында вокзал ғимаратының ішкі-сыртқы келбеті жаңартылып, инженерлік желілері қайта ретке келтірілген. Сонымен бірге тарихи ғимараттың өзіндік сәулеттік сипатын сақтай отырып, заманауи талаптарға сәйкестендіруге мән берілген. Жолаушыларға арналған күту залдары мен қызмет көрсету орындары да жаңа жабдықтармен толықтырылған. Жаңарған вокзалда ерекше қажеттілігі бар азаматтар мен балалы жолаушылардың да жағдайы ескерілген. Арнайы күту орындары жасалып, ғимарат ішінде кедергісіз қозғалысқа мүмкіндік беретін жағдай қарастырылған.

– Теміржол – елдіктің күретамыры. Шу – тарихымыздың темірқазығы. 1989 жылы пайдалануға берілген бұл нысан алғаш рет күрделі жөндеуден өтіп отыр. Бұған дейін Жуалы ауданындағы Боранды бекеті мен Т. Рысқұлов ауданындағы ғасырға жуық тарихы бар «Түрксіб» вокзалы жаңартылып, пайдалануға берілген болатын. Қазіргі кезде Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облысымыздағы Тараз, Шу, Түрксіб, Отар және Боранды станцияларындағы бес теміржол вокзалын жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жобалардың жалпы құны 14,1 миллиард теңгені құрайды.

Осындай маңызды жобаларды қолдап, еліміздің, оның ішінде өңірлердің көлік инфрақұрылымын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырған Мемлекет басшысына облыс жұртшылығы атынан шынайы алғысымды білдіремін, – деді салтанатты жиында сөз алған өңір басшысы.

Шудың теміржол тарихы тереңде жатыр. Бүгінде қалада теміржол саласына қатысты 20-дан астам мекеме жұмыс істейді. Бұл нысандарда мыңнан астам адам еңбек етеді. Сондықтан вокзалдың жаңаруы қала тұрғындары үшін ғана емес, күн сайын осы нысан арқылы қатынайтын жолаушылар мен теміржолшылар үшін де маңызды жаңалық.

Облыс әкімі Шу қаласының тарихында теміржолшылардың еңбегі айрықша екенін атап өтті.

– Шу – болат жолмен тағдыры біте қайнасқан шаһар. Әйгілі «Шу – Мойынты» теміржол желісінің құрылысына қатысқан ардагерлер мен осы салада ұзақ жылдар бойы маңдай терін төккен теміржолшылар қаланың тарихын қалыптастырып, кейінгі ұрпаққа өнегелі жол қалдырды, – деді аймақ басшысы.

Ашылу рәсіміне қатысқан теміржол саласының ардагерлері де жаңарған вокзалға ризашылықтарын білдірді. 40 жыл ғұмырын теміржол саласына арнаған Иманбай Құнанбаев вокзалдың бұрынғы және қазіргі келбетіне тоқталды.

– Шу теміржол вокзалы адам танымастай өзгерген. Жолаушыларға барлық жағдай жасалған. Әсіресе жасы үлкен азаматтар үшін эскалатордың орнатылғаны қуантады. Осындай оң өзгерістер халықтың игілігіне қызмет ете берсін, – деді ардагер.

Жаңарған вокзал енді Шу қаласына ат басын бұратын жолаушыларды жаңа келбетімен қарсы алады. Тарихы теміржолмен біте қайнасқан шаһардағы бұл нысанның жаңғыруы қала инфрақұрылымын жақсартумен қатар, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға да мүмкіндік беріп отыр.