Кітапхана қызметі жаңа бағыттармен толығуда

0 4

Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық ғылыми әмбебап кітапханасының директоры Эльмира Абдинованың қатысуымен брифинг өтті. Кездесуде кітапхананың жыл басынан бергі атқарған жұмысы, оқырманға көрсетілетін қызмет түрлері, цифрлық жобалар және алдағы жоспарлар сөз болды.

Эльмира Абдинованың айтуынша, биыл кітапхана жұмысы оқырмандардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға, кітап оқуға қызығушылықты күшейтуге және ұлттық құндылықтарды насихаттауға бағытталған. Осы кезеңде кітап қорын толықтырумен қатар, электронды ресурстарды дамытуға да басымдық берілген.

Қазір кітапхана қорында 276051 әдебиет бар. Оның 97587-і мемлекеттік тілдегі кітаптар. Жыл басынан бері 17404 оқырман тіркеліп, кітапханаға 148 023 адам келген. Оқырмандарға 313043 кітап берілсе, оның 242648-і қазақ тіліндегі әдебиеттерді құрайды. Есепті кезеңде 193 іс-шара ұйымдастырылып, оған 273 мыңнан астам оқырман қамтылған.

Кітапхана қызметінің бір бағыты – цифрлық мүмкіндіктерді пайдалану. Соның бірі – «Aulieata library» мобильді қосымшасы. Ол 2025 жылдың басынан бері жұмыс істеп келеді. Қосымша арқылы оқырман смартфоннан электронды кітаптарды оқи алады. Қазіргі таңда мұнда 134 автордың 385 кітабының электронды нұсқасы орналастырылған.

Соңғы уақытта кітапхана мамандары жасанды интеллект мүмкіндіктерін де әдеби мұраны насихаттау ісіне пайдаланып жүр. Эльмира Абдинованың айтуынша, белгілі қаламгерлердің шығармалары жаңа форматта таныстырылып, әдеби-танымдық бейнематериалдар әзірленген. Мұндай жұмыстардың қатарында Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы», Дулат Исабековтің «Гауһартас», Бердібек Соқпақбаевтың «Балалық шаққа саяхат», Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар», Оралхан Бөкейдің «Қар қызы» сияқты шығармалары бар.

Кітапханадағы жобалардың да ауқымы кең. Мәселен, сирек кездесетін кітаптарды цифрландыру жұмысы жүргізілуде. «Қасиетін жоймаған құнды кітаптарды цифрландыру» жобасы бойынша қордағы 1021 құнды және сирек басылымның 363-і цифрланған. Ал жергілікті қаламгерлердің шығармаларын электронды форматқа көшіру бағытында 86 ақын-жазушымен авторлық келісім жасалып, олардың 220 кітабы кітапхана сайтына орналастырылған.

Оқырманның кітапқа қызығушылығын арттыруға арналған жобалар да жалғасып келеді. «Кітап оқитын ұлт» жобасы аясында есепті кезеңде өңірде 2023 мәдени іс-шара өткізіліп, 17 543 оқырман қамтылған. Ал «Ел болып оқимыз» жобасы биыл туғанына 180 жыл толып отырған Жамбыл Жабаевтың шығармашылығын кеңінен насихаттауға бағытталған. Осы жоба бойынша өңірде 249 іс-шара ұйымдастырылып, 5426 оқырман қатысқан.

Балалар мен жастардың кітап оқуына да көңіл бөлініп отыр. Жазғы демалыс кезінде осы бағытта 183 іс-шара өткізіліп, 4783 бала қамтылған. Әдеби ойындар, танымдық квесттер, ашық аспан астындағы кездесулер мен кітап көрмелері ұйымдастырылған.

Брифинг барысында кітапхананың алдағы жоспары да айтылды. Жылдың төртінші тоқсанында цифрлық технология мен кітапхана ісінің болашағына арналған форсайт-сессия, қаламгерлер мен ғалымдардың мерейтойларына арналған дөңгелек үстелдер, Республика күніне арналған патриоттық форум және Желтоқсан оқиғасының 40 жылдығына арналған тарихи-танымдық кеш өткізу жоспарланған.

Кездесу соңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері спикерге кітапхана жұмысына, цифрлық жобаларға, оқырман тарту жолдарына және алдағы жоспарларға қатысты өз сауалдарын қойды. Эльмира Абдинова журналистердің сұрақтарына жауап беріп, кітапханадағы атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы міндеттер жөнінде нақты түсініктемелер берді.