Меркіліктердің тұрмыс сапасы артып келеді

0 10

Ауылдың ажары ең алдымен ондағы тіршіліктен байқалады. Үйге су тұрақты келіп, жол жөнделіп, әлеуметтік нысандардың жағдайы жақсарса, оның игілігін күнделікті өмір сүріп отырған тұрғын сезінеді. Осы тұрғыдан келгенде Меркі ауданында соңғы кезеңде атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы аз емес. Бір жерде ауыз су желісі жаңарса, енді бір елді мекенде жол жөнделіп, әлеуметтік нысандардың мәселесі кезең-кезеңімен шешімін тауып келеді.

Аудандағы басты жұмыстардың бірі – халықты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету. Қазір Меркі ауданындағы 45 елді мекеннің барлығы ауызсумен қамтылған. Бұл бағытта атқарылған жұмыстың нәтижесін ауылдағы күнделікті тіршіліктен көруге болады.

Алайда бар елді мекенге су жеткізілді екен деп жұмыс тоқтап қалған жоқ. Ескірген желілерді жаңарту, су жүйелерінің техникалық жағдайын жақсарту да қатар жүргізілуде. Шалдовар бекеті мен Гранитогорск ауылындағы ауызсу жүйелері жаңартылды. Кеңес және Ақтоған ауылдарында су жүйесінің құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Ақарал ауылында тиісті жұмыстар жалғасып жатыр.

Жамбыл және Сыпатай ауылдарындағы тозығы жеткен ауызсу құбырларын қайта жаңарту бойынша келісімшарт жасалып, құрылыс жұмыстары басталған. Ал Меркі ауылындағы Артықбаев және Шаңырақ көшелерінде су мәселесін шешуге бағытталған жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, су мұнарасы қондырғысы басқа ауыз су ұңғымасына ауыстырылып, жөндеу жүргізілген. Нәтижесінде бұл аумақтағы су мәселесі ретке келтірілді.

Мұндай жұмыстар сырт көзге қарапайым көрінуі мүмкін. Бірақ ауыл тұрғыны үшін оның маңызы зор. Себебі тұрақты су – күнделікті тұрмыстың ажырамас бөлігі.

Тұрғындардың тұрмыс сапасын арттырудың тағы бір маңызды бағыты – баспана мәселесі. Бұл ретте Меркіде тұрғын үй құрылысы да назардан тыс қалған жоқ. 2025 жылы аудан бойынша құрылыс жұмыстарының көлемі 4 миллиард 87,5 миллион теңгеге жетіп, 29 514 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 101,4 пайызды құрайды. 2024 жылы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 29 098 шаршы метр болған.

Аудан әкімі Ербол Жиенқұловтың айтуынша, тұрғын үй салу қарқынының артуы жаңа баспанаға қол жеткізген отбасылардың санынан да көрінеді.

Тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың мәселесін шешуде де өзгерістер бар. 2025 жылғы 24 мамырдан бастап тұрғын үй кезегін жүргізудің жаңа тәртібі күшіне енді. Осыған байланысты кезекке қоюдың ақпараттық жүйесінде де өзгерістер жасалып, «Shanyraq» сервисінен «Отбасы банк» АҚ-ға кезең-кезеңімен өту жүзеге асырылды. 2026 жылғы 1 шілдедегі мәлімет бойынша, ауданда тұрғын үй кезегінде 2324 азамат тұр.

Баспана сатып алу бағытында да нақты жұмыстар атқарылған. 2021-2024 жылдары тұрғын үй сатып алу бағдарламасы арқылы 122 пәтер алынса, 2025 жылы коммуналдық тұрғын үй қорынан шілде-тамыз айларында 30, қарашада тағы 60 пәтер сатып алынған. Биыл облыстық бюджеттен 14 пәтер алуға 197,8 миллион теңге қарастырылған. Осылайша, соңғы бес жылда 212 отбасы баспанамен қамтылған.

Ауданның әлеуметтік келбетіне әсер ететін тағы бір сала – білім беру. Бұл бағытта да бірқатар жобаның құжаттары әзірленіп, тиісті қаржыға өтінім берілген. Биыл наурыз айында «Балдәурен» бөбекжай-бақшасының күрделі жөндеуі аяқталып, қайта пайдалануға берілді.

Ал Алтынарық ауылындағы 100 орынды, Сұрат ауылындағы №19 балабақша құрылысы және Меркі ауылындағы «Қарлығаш» бөбекжай-бақшасын күрделі жөндеу жобалары бойынша қажетті құжаттар дайындалып, облыстық басқармаға ұсынылған.

Денсаулық сақтау саласында да қолға алынған жұмыстар бар. Аудандық орталық аурухананың қабылдау бөлімшесі күрделі жөндеуден өтіп, халық игілігіне берілді. Сонымен қатар Қостоған ауылындағы дәрігерлік амбулаторияны, Интернациональный ауылындағы медициналық пунктті жөндеу, сондай-ақ аурухананың бірқатар бөлімшелері мен зертханасын жаңарту бойынша жобалар әзірленген.

Ауданның мәдени және спорттық өмірінде де өзгерістер байқалады. Қазір Меркіде бір аудандық, алты ауылдық мәдениет үйі, 13 ауылдық клуб және 25-тен астам кітапхана тұрғындарға қызмет көрсетіп отыр. Қостоған ауылында бұқаралық спортты дамытуға арналған заманауи стритворкаут алаңшасы салынып, жастар игілігіне берілген.

Әлеуметтік қолдау мәселесі де назардан тыс қалған емес. Ауданда атаулы әлеуметтік көмек 230 отбасына көрсетіліп, бұл мақсатқа 116,8 миллион теңге жұмсалған. Балалардың әлеуметтік пакетіне 13,8 миллион, тұрғын үй көмегіне 1,4 миллион теңге бағытталған.

Ауылдық елді мекендерде еңбек ететін мамандарға да қолдау бар. 2852 маманға коммуналдық төлемдер мен отын сатып алуға 49,3 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек көрсетілген.

Елді мекендердің еңсесін тіктеуде жолдың да орны бөлек. Аудандағы 438 көшенің жалпы ұзындығы 499,9 шақырымды құрайды. Оның 90,1 пайызы асфальтталған. Биыл аудан жолдарын ағымдағы жөндеуге 64 миллион теңге бөлінген. Сарымолдаев және Меркі ауылдарындағы бірқатар көше жолдары орташа жөндеуден өткізіліп жатыр.

Меркі бекетіндегі жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы да жалғасуда. Ал 2026-2028 жылдарға арналған жоспар бойынша асфальтталмаған және тозығы жеткен 80-ге жуық көшені жөндеу көзделіп отыр.

Ауданның бүгінгі тынысын бір ғана көрсеткішпен бағалау мүмкін емес. Су жүйесінің жаңаруы – бір отбасының тұрмысын жеңілдетсе, жаңа баспана – екінші отбасының көптен күткен арманын жүзеге асырады. Жөнделген жол – тұрғындардың қатынасын жақсартса, әлеуметтік нысандардың жаңаруы – ауылдағы өмір сапасына әсер етеді.

Сондықтан Меркідегі атқарылып жатқан жұмыстардың мәні тек есептегі сандарда емес. Оның нәтижесі күнделікті тіршіліктен көрінеді. Үйге үздіксіз келетін су, жаңарған көше, пайдалануға берілген баспана, жөндеуден өткен мектеп пен медицина нысаны – елді мекеннің біртіндеп өзгеріп келе жатқанының нақты көрінісі.

Меркідегі бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын тапса, ауданның ауылдық елді мекендерінде халыққа қолайлы орта қалыптастыруға мүмкіндік молая түспек.