Еңбекпен келген береке

0 5

Жамбыл ауданының шаруалары жиын-терімді ұйымшылдықпен өткізуге, алқаптағы өнімді ысырапсыз жинауға күш салып отыр. Нәтижесінде олар дәнді және бақша дақылдарын жинау жұмыстарын сәтті аяқтады. Атап айтқанда 4134 гектар алқаптан 158 961 тонна көкөніс жиналып алынған. Орташа есеппен өнімділік гектарына 384,5 центнерден айналып отыр. Ал 415 гектар алқаптан 9304 тонна картоп алынған.

Қазір жамбылдық шаруалар дәндік жүгері мен қант қызылшасын ысырапсыз жинап алуға күш салуда. Олар 375 гектарға орналастырылған дәндік жүгеріден 2130 тонна жинап та үлгерген. Алда шаруаларды қант қызылшасын жинау науқаны күтіп тұр. Биыл ауданда 492 гектар алқаптан 31 мың тонна тәтті түбір жинау жоспарланған.

Бұл көрсеткіштердің артында жерді дайындаудан бастап, тұқым себу, суару, күтіп-баптау, тыңайтқыш енгізу секілді сан алуан жұмыстың тұрғаны белгілі. Диқан үшін егіннің шығымы бір ғана маусымдағы еңбекпен өлшенбейді. Көктемнен басталған жұмыс күзгі жиын-терімге дейін жалғасады. Сондықтан, аудан шаруалары егістіктің өнімділігін арттыруға айрықша көңіл бөлген. Мәселен, биыл ауданда 25180 гектар егістікке 8925,5 тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған болса, іс жүзінде бұл межеден де жоғары көрсеткішке қол жеткізіліп отыр. Қазірдің өзінде 75 шаруашылық қажетті келісімшарттар жасасып, 9985 тонна тыңайтқыш алған. Нәтижесінде тыңайтқыш енгізілген алқап көлемі 26 420 гектарға жеткен.

Егін науқаны кезінде жанар-жағармайдың да маңызды рөл атқаратыны түсінікті. Бұл орайда биылғы жиын-терім жұмыстарына 325 тонна дизель отыны бөлініп отыр. Белгіленген отынды таратушы оператор «SAMOIL» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеткізілген 172,8 тонна дизель отынының 111,55 тоннасын шаруашылықтарға таратып берген.

Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемін арттыруда суды тиімді пайдалану мәселесінің де маңызы жыл өткен сайын артып келеді. Осыны ескерген Жамбыл ауданындағы шаруашылықтар су үнемдеу технологияларын енгізуге ден қоюда. Нәтижесінде, биыл аудан бойынша 10 300 гектар алқапқа су үнемдеу технологияларын енгізу жоспарланған болса, нақты көрсеткіш 10 305 гектарға жетіп отыр. Оның 2825 гектарын жаңбырлатып суару жүйесі, 7480 гектарын тамшылатып суару технологиясы құрайды.

Ендігі кезекте шаруалар қант қызылшасын жинауға кіріспек. Сондықтан алдағы күндері дала жұмысының қарқыны бәсеңдемейді. Күздің әрбір ашық күнін тиімді пайдаланып, өнімді дер кезінде жинап алу – басты міндет. Себебі жердің берері мол болғанымен, оның несібесін толық көру үшін еңбекті соңына дейін жеткізу қажет.