Қала аумағы 12,9 мың гектарға ұлғайды
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 29 қарашадағы №1014 қаулысына сәйкес Байзақ және Жамбыл аудандарынан 14 елді мекен Тараз қаласының аумағына қосылды. Нәтижесінде қаланың аумағы бұрынғы 18787 гектардан 31693,7 гектарға дейін ұлғайып, жалпы 12906,7 гектарды құрады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы Жамбыл облысы бойынша филиалының Жерге орналастыру, геодезиялық жұмыстар және жылжымайтын мүлікті техникалық тексеру басқармасының басшысы Кенже Хамитов баяндады.
– Өткен жылдан бастап бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 қазандағы № 301 «Жер қатынастары саласындағы мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидаларды бекіту туралы» бұйрығының 6-қосымшасына сәйкес «Жер учаскесіне сәйкестендіру құжатын дайындау және беру» мемлекеттік қызметі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілді. Жалпы Тараз қаласы бойынша (елді мекендер қосылғанға дейін) 65645 жер учаскесі рәсімделді. Елді мекендердің қала аумағына қосылуына байланысты жер учаскелерін рәсімдеу жұмыстары жүргізіліп, қазіргі уақытта жалпы 85214 жер учаскесі рәсімделіп, оларға сәйкестендіру құжаттары берілді. Қалған 11 мың жер учаскесіне сәйкестендіру құжаттары жер учаскелері иелерінің өтініштері негізінде әзірленетін болады. Аталған мемлекеттік қызмет 4 жұмыс күні ішінде көрсетіледі және ақылы болып табылады. Алайда қала аумағына өткен жер учаскелеріне қатысты сәйкестендіру құжаттарын дайындау және беру жергілікті атқарушы органдармен жасалған шарт негізінде тегін көрсетіледі, – деді басқарма басшысы.
Кенже Хамитовтың айтуынша, жер учаскелерінің кадастрлық құнын айқындау тәртібі өзгерген. Яғни, 2025 жылғы 13 тамыздан бастап мемлекеттік қызметтер көрсету саласында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының функцияларына өзгерістер енгізілген. Соған сәйкес «Жер учаскесінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындау» мемлекеттік қызметі енгізілді. Сондай-ақ елді мекендер аумағындағы жер учаскелерінің кадастрлық (бағалау) құнын айқындау қызметі Мемлекеттік корпорация арқылы көрсетіледі. Ал елді мекендерден тыс жерлердегі жер учаскелерінің кадастрлық құнын айқындау жұмыстарын ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Жер ресурстарын басқару комитетінің тиісті мемлекеттік кәсіпорны жүзеге асырады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы алқаптарын ауыл шаруашылығы мақсатынан тыс пайдалану үшін алып қою кезіндегі ауыл шаруашылығы өндірісінің шығындарын айқындау қызметі де аталған кәсіпорынның құзыретіне жатады.
Баспасөз мәслихаты аясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері тарапынан қойылған сұрақтарға басқарма басшысы жан-жақты жауап берді.