Жазғы демалыс – жауапты кезең

0 3

Т. Рысқұлов ауданында жазғы демалыс қарсаңында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған маңызды жиын өтті. Басқосуда балалардың жаз мезгіліндегі қауіпсіздігі, су айдындарындағы сақтық шаралары, өрттің алдын алу және тұрмыстық жарақаттану жағдайларын болдырмау бағытындағы жұмыстар кеңінен талқыланды.

Кеңеске аудан мектептерінің директорлары мен тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері, білім бөлімі мен коммуналдық мекемелердің өкілдері қатысты. Жиында жазғы каникул кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың өмірі мен денсаулығын қорғау басты назарда болуы керектігі айтылды.

Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Нұрболат Қадырханов баяндама жасап, жаз мезгілінде жиі кездесетін қауіп-қатерлерге тоқталды. Әсіресе, балалардың суға кету оқиғалары, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталмауы және көпқабатты тұрғын үйлердегі терезеден құлау деректері алаңдаушылық тудырып отырғанын жеткізді.

– Балалардың қауіпсіздігі – баршаға ортақ міндет. Әсіресе жазғы демалыс кезінде ата-аналардың бақылауы әлсіреп кетпеуі тиіс. Мектеп пен ата-ана арасындағы байланыс үзілмеген жағдайда ғана түрлі төтенше жағдайлардың алдын алуға болады, – деді бөлім басшысы.

Жиын барысында жауапты мекеме өкілдері профилактикалық жұмыстарды күшейту, түсіндіру шараларын жүйелі жүргізу және қауіпті аймақтарда бақылауды арттыру жөнінде ұсыныстарын ортаға салды. Сонымен қатар балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы ведомствоаралық өзара іс-қимылды жандандыру қажеттігі айтылды.

Кеңес қорытындысында жазғы демалыс кезеңінде оқушылардың қауіпсіздігін бақылауда ұстау, рейдтік іс-шараларды тұрақты ұйымдастыру және ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын күшейту бойынша нақты міндеттер белгіленді.