Құтқарушылар арасында түсіндіру жұмыстары күшейтілді
Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінде жеке құрам қызметкерлерінің моральдық-психологиялық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған профилактикалық іс-шаралар жүйелі түрде жалғасуда. Негізгі мақсат – қызметкерлер арасында суицидтің, лудоманияның және өзге де тәуелді мінез-құлықтың алдын алып, қызметтік тәртіп пен жауапкершілікті арттыру.
Ұйымдастырылған кездесулер барысында құтқарушылардың психологиялық саулығына ерекше көңіл бөлініп, эмоционалдық күйзеліс пен кәсіби шаршаудың алдын алу мәселелері кеңінен талқыланды. Мамандар қызмет барысында кездесетін түрлі стресс жағдайларымен күресу жолдарын түсіндіріп, саламатты өмір салтын ұстанудың маңыздылығына тоқталды.
Сонымен қатар ұжымдағы өзара сыйластықты қалыптастыру, адамгершілік құндылықтарды дәріптеу және қолайлы моральдық-психологиялық ахуалды сақтау бағытында да түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Кездесу барысында қызметкерлерге психологиялық қолдаудың маңызы айтылып, әріптестік бірлікті нығайту мәселелері көтерілді.
Профилактикалық шара аясында қызметтік әдеп нормаларын сақтау, тәртіп талаптарын күшейту және жүктелген міндеттерді адал әрі жауапкершілікпен орындау қажеттігі де кеңінен түсіндірілді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатыны айтылды.