Отыз жыл — редактор

0 301

1982 жылдың қараша айы. Қазақ мемлекеттік университетінің дайындық бөліміне қабылданып, журналистика факультетінің 5 жатақханасына тұруға келдім. Бірнеше рет журфакқа абитуриент болғандықтан, мұндағы студенттердің көбін танимын, тіпті дос болып кеткен жігіттер де аз емес. Алайда, үшінші және төртінші курс студенттері мен әскерде жүргенде оқуға түскендіктен көбін біле бермеймін. Дегенмен, олардың арасында кезінде бірге оқуға құжат тапсырып, өзім сияқты «құлап» кетіп, кейіннен түскен таныстар бар. 1981 жылы абитуриент кезде университет қалашығында студент құрылысшылар жасағында болған Шу ауданының тумасы Дихан Әбдиев деген жігітпен танысқанмын.

Шулық жігіт бес қабатты жатақханадағы курстастарымен жеке-жеке таныстырды. Құдай сақтасын, «сен тұр, мен атайын» дегендей өңкей мықты. Бірі ақын-жазушы, бірі боксер, енді бірі әнші… Әйтеуір, осалы жоқ. «Мына жігіт Қордай ауданынан, жерлесіміз, өзі белдескенді атып ұрады, самбист әрі каратист» дейді. Қордайлық тығыршықтай келген аққұба жігіт туған ауылында колхозда аға шопанның көмекшісі болып, еңбек жолын бастапты. Оқуға өзіміз сияқты «подкурстан» түсіпті. Сол замандағы студенттер тілімен айтқанда «өмір көріп келген».

Иманды болғыр Дихан дос-ағаның  Ғалыммен таныстырғанына қырық жылдан аса уақыт өтсе де сол бір сәт есімнен шыққан емес. Біздер дайындық бөліміне қабылданғанда жатақханадағы комсомол-студенттер жасағының командирі екен. «Темір декан» аталып кеткен Темірбек Қожакеев оның осындай «мықтылығын» біліп, «КазГУ град» қалашығындағы тәртіпті қадағалайтын ОКД-ның (комсомолдық дружина жасағы) командирі етіп тағайындапты. Жалпы, Темекең жарықтық, өжет, шыншыл жігіттерді жақсы көретін. Оның үстіне шетінен арқалы ақын-жазушы,  жатақхананың кез-келген бөлмесінде немесе балконында түннің бір уағына дейін әнін шырқап, күмбірлете күйін төгіп отыратын әнші мен күйші, аудандық, облыстық басылымдарды былай қойып, республикалық газет-журналдарға дүниелері үздіксіз шығып жататын, дайын журналистердің таланттары «тасып» кеткенде «қой» деп тұратын осындай апайтөс жігіттер керек.

Жатақхана студенттер кеңесінің төрағасы, бүгінде Парламент Мәжілісінің депутаты, белгілі журналист Ермұрат Бапи де Ғалымның курстасы. Ол да осал емес. Әскери-теңіз флотында үш жыл азаматтық борышын өтеп келген азамат. Спорттың бірнеше түрімен шұғылданатын шығыстың жігіті Ермұрат пен Ғалым «арқасы бар» жігіттердің «үнін» шығармайтын. Сол жылдары ғой, ертеңгі-кеш думаны басылмайтын бесінші жатақхананың жаман аты шықпай, қайта университет, тіпті Алматыдағы жоғары оқу орындары арасында «Үздік жатахқана» атанғаны. Ол, ол ма, түрлі деңгейдегі комсомол мен кәсіподақтың ауыспалы «Қызыл туын» талай рет иеленді.

…Жоғары білімді журналист Ғалым Қасабай туған өңірі — Қордай ауданына келіп, аудандық  «Қордай шамшырағы» газетіне тілші болып орналасады. Көп  ұзамай бөлім басшысы болып тағайындалды. Темірбек Қожакеев, Тауман Амандосов және Әбілфайыз Ыдырысов сынды ұлы ұстаздардан дәріс алған Ғалымның журналистиканың әр түрлі жанрында жазған дүниелері басылымда үздіксіз жарияланып жатты. Ол заманда газетке шыққан сын мақала немесе фельетон аудандық партия комитеті бюросының күн тәртібіне шығарылып, кемшілікке жол берген колхоз-совхоз төрағасы мен директоры, кәсіпорын, мекеме басшысы партиялық жауапкершілікке тартылады. «Аудандық газеттен Ғалым Қасабай келе жатыр» дегенде қандай да бір басшы болсын, «ұйқысынан шошып оянатын». Факультет деканы Темірбек Қожакеев лекциясында  «Сатира — күштілер қаруы» дегенді көп айтушы еді. Осы тақырыпта кітабы да бар. Деканның осы сөзі есінен шыққан емес. Аудандық басылымға тілші болып орналасқан алғашқы күннен бастап, бүгінде ұмыт болған фельетон жанрына ден қойды.

Тоқсаныншы жылдардың басында Жамбыл қаласына қоныс аударған Ғалым Қасабай облыс орталығындағы Технологиялық институттың орыс тілі кафедрасы жанынан қазақ бөлімін ашуға ықпал етті. Кейіннен Жамбыл қаласындағы жоғары және арнаулы оқу орындарының «Замандас» газетін шығарды. Журналистің бұл еңбегін бүгінде біреу білсе, біреу білмес.

 Қандай мемлекеттің де тірегі — салық түсімдері болғандықтан «Салық кодексінің» талаптарын жаңадан ұйымдастырыла бастаған жеке шаруашылық құрылымдарының басшыларына, жекешеге өтіп жатқан басқа да мекеме, кәсіпорын жетекшілеріне, әрбір салық төлеушіге жете түсіндірудің қажеттілігі туды. Ұлтжанды, мемлекетшіл азаматты бұл мәселе бейжай қалдырмады.

Алғашқы нөмірі жарыққа шықанына биылғы 22 наурызда 30 жыл болған «SALYQ TARTIBI» газетінің бас редакторы Ғалым Қасабай бұл турасында бүй дейді:

— Содан әрі ойланып, бері ойланып облыстық салық басқармасының бастығы Камлет Бейісовқа барып, ойымды айтып, ұсынысымды жеткіздім. Өңірдің бас салықшысы газет ашу туралы ұсынысымды бірден қолдап, мүмкіндігінше көмектесетінін айтты. «Мұндай дербес басылым бізге ауадай қажет. Біздің қызметкерлер жеке тұлғаларға салық ережелерін түсіндіретін мақалаларын облыстық немесе аудандық газеттерге шығаруда қиналып жатады. Сондықтан, өзіміздің басылым болса ғой деп мен де ойлап жүруші едім», десін.

Облыстық салық басқармасының басшысы қос қолын көтеріп қолдап отырған соң, не тұрыс, бірден Алматыға, Ақпарат министрлігіне тіркетуге барды. Министр Алтынбек Сәрсенбаев та қолдап, тіркетіп берді. Ұлыстың ұлы күні «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің бірінші нөмірі 10 мың таралыммен облыс аумағына тарады.

Ел Тәуелсіздігін жариялаған соң іле-шала, 1991 жылғы 25 желтоқсаннан бастап елімізде салық жүйесі жұмыс істей бастағаны белгілі. Ол «Қазақстан Республикасындағы салық жүйесі туралы» Заңға негізделді. Осы заңға сәйкес, 1992 жылғы 1 қаңтардан бастап 13 жалпы мемлекеттік салық, 18 жергілікті салықтар мен алымдар енгізілді. 1995 жылғы 24 сәуірде «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Заң шықты. Осы Заңның және кейіннен «Салық кодексінің» талаптары мен ережелерін түсіндіруде, насихаттауда «SALYQ TÁRTІBІ» газетінің рөлі зор болды. Оның әр тарауын, әр бабын оқырманға түсіндіруде салық басқармасы мен бөлімдерінің қызметкерлерінен бөлек, қаржы саласының тәжірибелі қаржыгерлерін де тарттық. Облыстық, қалалық және аудандық салық құрылымдарының қызметкерлері басылым бетінен жиі орын алып, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы кеңінен материалдар жариялады. Кәсіпкерлер тарапынан газетке деген қызығушылық артып, басылымның таралымы жыл сайын арта түсті. Тіпті, шағын және орта бизнесте еңбек ететіндер де өздерінің жазғандарын редакцияға жолдап немесе арнайы алып келіп жатты.

Алғашқы жылдары аптасына 8 бет болып жарық көрген «SALYQ TÁRTІBІ» «Салық кодексіне» түзетулер мен өзгертулер енгізілген кезде 32 бетке дейін жарық көретін. Іргелес жатқан Шымкент облысы (Түркістан), Алматы қаласы мен облысы (Жетісу) және Қызылорда облысы салық басқармаларының басшылары «біз де құрылтайшы болайық» деген ұсыныспен шығып жатты. Содан газет аймақтық басылым болып қайта тіркелді. Әр облыстан меншікті тілшілер тағайындалды. Осы өңірлердің салық басқармалары, кейіннен департаменттері қаржыландырып, мемлекеттік тапсырысты республикадан, Қаржы және Ақпарат министрлігінен алып тұрды.

«SALYQ TÁRTІBІ» республикалық тәуелсіз басылымға айналып, оқырмандары көбейіп, әр алуан тақырыпта дүниелер берсеңіздер деген ұсыныстар түсе бастады. Осыны ескеріп, экономика, кәсіпкерлік, салық саясатын насихаттаумен қатар, денсаулық, мәдениет, әлеумет, білім, спорт және басқа да салаларды қамтып, әр өңірден мемлекеттік тапсырыс алатын болдық. Әр саладан тақырыпты жан-жақты қамтып жазудың нәтижесінде, бүгінде газет таралымы 15 мыңға жетті. Тараз қаласының орталығындағы үш қабатты өзіміздің ғимаратта редакциямыз орналасқан. Әр өңірден материалдар редакцияның электрондық поштасына түсіп жатады. Газетіміз де өзіміздің баспаханамызда теріліп, беттеліп, басылады. Бүгінде іргелі шығармашылық ұжымда 50-ге жуық журналист, 10 баспахана қызметкері еңбек етеді.

Арамыз бір-ақ жас болғандықтан, екеуіміз құрдастай қалжыңдасамыз, әлі күнге әзіліміз үзілген емес. Оның үстіне студент кезімізден сырлас-сыйлас доспыз. Облыс орталығына жол түссе, бірден Ғалым басқарып отырған газет редакциясына барамын. Осыдан жиырма жылдай бұрын журналистік жол Таразда, облыстық «Ақ жол» газетінде жалғасқанда отбасымызбен тығыз араластық.

Облыстық «Ақ жол» газетіне бас редактор болып тағайындалған соң, бір шығармашылық ұжымда еңбек еттік. Оның ұйымдастырушылық қабілеті, іскерлік қасиеті облыстың бас басылымында жарқырай көрінді. Шығармашылық ұжым мен техникалық қызметкерлердің айлық-жалақысын үш есеге дейін көтеріп, барлық журналистерді «ноутбукпен» қамтамасыз етті. Тіпті, пәтер жалдап келген ұжым мүшелеріне редакция бюджетінен ссуда беріп, пәтерлі болуларын қолға алды. Басылымның жазылымы артты. Жеке сатылымға шығаруды да қолға алды. Соның нәтижесінде «Ақ жолдың» таралымы 22 мыңға жуықтады.

Бірде «Сені облыс әкімі бүгін жұмыс аяғына таман бір мәселемен жеке қабылдауына шақырды», деді. Әрине, не  мәселемен шақырғанын да айтты. Қанат Бозымбаевтың әкім болып тағайындалғанына үш жылға жуық уақыт болған. Барған бетте редакциядағы ахуалды, журналистердің жағдайын сұрады. «Редакторларыңыз Ғалым Қасабай мықты менеджер. Әлі жағдайларыңызды бұдан да жақсартамыз», деді. Емен-жарқын әңгіме үстінде өзім сол кезде ссудаға үй алып жатсам да, журналистердің көбі пәтер жалдап жүргенін жеткіздім. Сөйтсем, бас редакторымыз бұл мәселені облыс әкіміне ескертіп қойса керек. «Әбеке, журналистер мен театр әртістеріне бір көп қабатты тұрғын үй салуды жоспарлап қойдық. Әзірге ешкімге тіс жармай-ақ қойыңыз», деді Қанат Алдабергенұлы. Әттең, көп ұзамай Павлодар облысына әкім болып тағайындалып кетті де, журналистер мен әртістерге арнап соғылады деген көп қабатты үйдің құрылысы басталмай қалды.

Зейнет жасқа толып отырған журналист, редактор, менеджер Ғалым Қасабай туралы жазып отырғанда, туған өңірі, шыққан тегінен де хабардар еткен жөн шығар. Қордайдың Қызылсайының тумасы Ғалымның бабасы Қасабай құралайды көзге атқан мерген болған деседі. Жиырмасыншы жылғы ақ пен қызыл қырғынында қызылдардан қашып бара жатқан ақтың жендеттері ауыл тұрғындарын жас демей, кәрі демей қырып салады. Сонда Қасабай мерген ақтың солдаттарын бірінен кейін бірін сұлатып, ауыл адамдарын түгелдей қырылып кетуден аман алып қалған. Кезінде «Жандысай» аталатын өзеннен қызыл қан аққандықтан «Қызылсай» аталыпты, ауыл да осы атты иеленген. Атасы Сексен Ұлы Отан соғына барып, денсаулығының жарамсыздығынан қайтып келіп, ауылының экономикасын арттыруға атсалысты. Әкесі Иенберген саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұлағатты ұстаз еді. Сексен жастан асып, өмірден өтті. Анасы Сағымбүбі — денсаулық сақтау саласының ардагері. Фелдшер-дәрігер осы Қызылсай ауылындағы және іргелес жатқан елді мекендердегі талай нәрестеге «кіндікшеше болған», үш ұл, екі қызды өмірге алып келген ардақты ана.

Редактордың Құдай қосқан қосағы Жібек — ардагер ұстаз. Асқар тау әкенің ұядағы ұлы — Олжасы журналистикадағы өзінің жолымен келеді. Жас та болса ел аузына ілініп үлгерген жігіт. Қыздары теңдерін тапқан, бір-бір үйдің түтінін түзу шығарып отыр. Аға буын, замандас-әріптестерден осыншама ұзақ жыл редактор болған ешкімді көрмеппін, естімеппін. Ал, біздің Ғалым зейнет жасқа отыз жыл облыстық, республикалық басылымдарға басшылық жасап, «мен» деген редактор, «мен» деген менеджер болып жетті. Президенттің Алғысхатынан бастап, Қаржы министрінің, облыс әкімінің Құрмет грамоталарымен марапатталған ол туған өңірі — Қордай ауданының Құрметті азаматы.

                                                                                                 Амангелді ӘБІЛ,

Қазақстанның Құрметті журналисі.