Бір сиыр – бір миллион теңге

0 3

Еңбек адамына керегі – биліктің қамқорлығы. Біз сияқты кәсіпкерлер мен ауылшаруашылығы тауарын өндірушілер сол қамқорлықты сезініп келеміз. Өз басым кереметтей саясаткер болмасам да, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жүргізіп отырған саясатын, ұстанған бағытын қолдаймын. Қыркүйек айындағы халыққа арнаған Жолдауында мені ерекше баурап алғаны, Президенттің ауылшаруашылығы саласына көңіл бөліп отырғаны болды. Демек, бұл салаға енді бұрынғыдан да жақсы көңіл бөлінеді деген сенім бар.

Біз егін және мал шаруашылығын қатар алып келе жатқан кәсіп иесіміз. Әкем, марқұм Қуатбек Төлегенов тоқсаныншы жылдары «Тырнақбай» шаруа қожалығын құрып, тірнектеп мал жиып, техника алып, шаруашылықтың аяғынан нық тұруына бастамашы болды. Бау-бақша да салды. Әкемнен қалған 6 гектар алқапты алып жатқан жеміс ағаштарын күтіп-баптап отырмыз. «Әкеден мал қалғанша тал қалсын» деген осы екен, тонналап жемісін жинап, кәсібіміздің бір шаруасына жаратудамыз.

Әкем көзі тірісінде ұлдарының еншісін бөліп, әрқайсымыздың өз алдына шаруа қожалығын құрып, өз бағытымызды таңдауымызға мүмкіндік берген еді. Мен сол мүмкіндікті пайдаланып, атамның атын қойып 2011 жылы «Төлеген» шаруа қожалығын құрдым. Еншіме тиген 400 гектар егіс алқабын игерудемін. Тракторларым, ауылшаруашылығы тіркемелерім өз қажетіме жарап-ақ тұр. Оның рөлін ұлдарым тізгіндеген. Былтыр арпа, бидайды шашпай-төкпей жинап алдық. Бұдан бөлек, 30 гектар картоп, 70 гектар жүгерім бар.

Мал өсіру ауыл шаруашылығы саласының басты бағыты. Сондықтан да өңірде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту мақсатында қолға алынып жатқан жобалар аз емес. Соның бірі – «Сыбаға» бағдарламасы. Өңірде 2018-2027 жылдарға арналған етті мал шаруашылығын дамыту аясында жоспар бекітіліп, аталмыш бағдарлама  шеңберінде  шет елдерден елімізге 4 мың бас мүйізді ірі қара әкелу жоспарланған. Бүгінгі таңда облысымызға төрт мыңнан аса мүйізді ірі қара жеткізіліпті. Бұл асыл тұқымды мүйізді ірі қаралардың дені Чехословакиядан әкелініп, жерсіндірілуде. Бұл істен біздің ауданның шаруа қожалықтары да белсенділік танытып, сырттан келген малдың басын көбейтуге барын салуда.

Бүгінде қожалығымда 230 бас аналық сиыр бар. Күніне «СМТС» сүт компаниясына 800-900 литр сүт өткізем. Осыдан үш жыл бұрын, асыл тұқымды сауынды сиыр басын көбейту үшін «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының облыстық филиалы арқылы 60 миллион теңге несие алып, оған өз қалтамнан 4 миллион теңге қосып, Чехиядан 64 бас «Семминталь» асыл тұқымды таналарды әкелген едім. Олар климат талғамайды, түрлі ауруларға да шыдамды келетін көрінеді. Оларды күтіп-ұстау үшін еуропалық талапқа сай келетін 200 басқа арналған сүт-тауарлы фермасын салдым. Оған өз қорымыздан 20 миллион теңге жұмсалды. Бір бас сиыр бір миллион теңге тұрған таналарды ол елден шығару қиын болды. Чехославакияда сырт мемлекеттерге асыл тұқымды малды сату үшін Еурокеңестің келісімі керек екен. Оны алу үшін де бір ай күттік. Малды үйге дейін Германиялық фирма арнайы көліктермен жеткізіп берді.

Біз әкелген мүйізді ірі қараның бір ерекшелігі ет және сүт бағытында қатар пайдалануға болады. Голштинг тұқымына қарағанда бұл сиырлар  сүтті 5 литр кем береді. Бірақ сүтінің майлылығы 4,2-4,8 мөлшерді құрайды. Еті де сұраныс жоғары. Әкелген кезде екі жасқа жуықтаған мүйізді ірі қаралар қолдан ұрықтандырылған. Бірақ алғашқы жылы өзім ойлағандай төл ала алмадым. Оған біздің өңірдің қатал климаты себеп болды ма, әлде бабын дұрыс жасай алмадық па, көңілдегідей болмады. Енді шетелмен байланыс орнатқаннан кейін сиырларды қолдан ұрықтандыру үшін Чехиядан жаңа ұрыққа тапсырыс беріп, жұмыс істеп те көрдік. Фермамызда қолдан ұрықтандыру пункіті де, суын алаңы да жұмыс істейді. Қазір бұл мүйізді ірі қараладың басы артты. Бұл малды 15 жылға 6 пайыз жеңілдікпен алдым. Алғашқы кезде 30 ай каникуль берілді. Мал алу үшін 20 миллион теңгенің кепілдігін қойдым. Әрине, мұның бәрі Мемлекет басшыларының халыққа арнаған Жолдауларында айтылған бағдарламалар аясында жүзеге асырылып отырғанын ұмытпағанымыз абзал.

Малға  қажетті жемшөпті 310 гектар егістік және жоңыршқа алқаптарынан дайындап отырмыз. Бұдан өзге 600 гектар жайлымымыз тағы бар.  Сауынды сиырға арнап 1000 тонна пішендеме бастырғалы отырмыз. Бұдан бөлек, 100 бас жылқы, 200 бас қой бар. Қожалықта жыл он екі ай тұрақты жұмыспен 18 адам қамтылған. Ал маусымдық жұмысқа 30 адам тартып отырмыз. Алдыға қойған мақсатымыз көп, оның барлығы ретімен іске асыру жоспарымызда бар.