Берекесі бірліктен басталған әулет

0 9

Ел іргесінің беріктігі әр шаңырақтың бірлігінен басталады. Бұл – ешқашан ескірмейтін ақиқат. Мемлекеттің тұғыры да, ұлттың рухы да, ұрпақтың бітім-болмысы да ең алдымен отбасында қаланады. Адам бойындағы адалдық пен еңбекқорлық, ізет пен инабат, намыс пен жауапкершілік мектеп табалдырығынан да, дәрісхана есігінен де бұрын ата-ананың алақанында қалыптасады. Сондықтан отбасы – жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның тағдырын айқындайтын қасиетті ұғым.

Соңғы жылдары отбасы институтын нығайту мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде Отбасы күні белгіленіп, ол жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтіледі. Президент бұл мерекені ұлтты мейірім мен қамқорлық, өзара қолдау және азаматтық жауапкершілік сынды мызғымас құндылықтардың төңірегіне ұйыстыратын күн деп бағалайды. Мемлекет басшысының тұжырымдауынша, «Отбасы – халқымыз үшін қасиетті ұғым». Әр адам ең алдымен өз шаңырағында тұлға ретінде қалыптасады, үлгі-өнеге алады, нағыз азаматқа тән игі қасиеттерді бойына сіңіреді. Отбасында көрген тәлім-тәрбиенің арқасында ғана елімізде отаншыл, еңбекқор, білімді әрі мәдениетті ұрпақ өсіп шығады. «Әрбір адам үшін ұшқан ұясының орны бөлек», – деген еді Мемлекет басшысы Отбасы күніне арналған құттықтауларының бірінде. Президентіміз өскелең ұрпақтың отбасында тәлім-тәрбие алып, ұлттық құндылықтарды бойына сіңіруінің аса маңызды екенін атап өтті. «Отан отбасынан басталады» деген халық даналығының тегін айтылмағанын еске салып, салт-дәстүрге деген құрмет те, туған елге деген сүйіспеншілік те қасиетті қара шаңырақтан бастау алатынын тұжырымдады. Президенттің пайымдауынша, отбасы институты еңбекқорлық, білімпаздық, тілектестік сынды қасиеттерді қоғамда жан-жақты дәріптеу арқылы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосады.

Отбасы құндылығын дәріптеудің ең әсерлі жолы – өнегелі әулеттерді көпшілікке үлгі ету. Осы мақсатта дәстүрге айналған «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы жыл сайын өткізіліп келеді. Байқаудың түпкі мақсаты жеңімпаз анықтаумен шектелмейді. Ол – өзара сыйластық пен татулықты ту еткен, ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән беретін, адал еңбегімен елге танылған отбасыларды айқындап, олардың өмірлік тәжірибесін жалпы жұртқа жеткізуге бағытталған игі бастама. Мұндай әулеттің әңгімесі мыңдаған уағыздан әлдеқайда әсерлі.

Аталмыш байқау біздің облысымызда да жыл сайын жоғары деңгейде ұйымдастырылып келеді. Аудандар мен қаладан іріктелген жүздеген отбасы қатысып, солардың ішінен өнегесі көпке үлгі боларлықтары облыстық кезеңге жолдама алады. Бұл – жай ғана жарыс емес, өңір тұрғындарының отбасылық құндылықтарға деген көзқарасын жаңғыртатын науқан.

Осы «Мерейлі отбасы» байқауында «Өнегелі отбасы» номинациясын иеленген әулеттің бірі – Абдрахман Сатыбалдыұлының шаңырағы. «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі», «Еңбек ардагері» атақтарының иесі, бүгінде немерелерінің ортасында отырған атаның өмір жолы – бір адамның ғана емес, тұтас бір буынның тағдыры

Абдрахман Сатыбалдыұлы Сарысу ауданындағы Тоғызкент совхозында дүниеге келген. Ол кезде бұл ауыл шағын болғанымен, атағы алысқа жеткен ірі шаруашылық еді. Тоғызкент қаракөл қойын өсірумен онбес одақтас елге түгел танылған. Мал шаруашылығының қыр-сырын жетік меңгерген шопандар мен зоотехниктер, ат жалын тартып мінген жастар – бәрі осы ауылдың мектебінен өткен. Еңбек адамының қадірі жоғары тұратын мұндай ортада өскен баланың бойына табандылық пен төзім өзінен-өзі дариды.

«Балалық шағым осы бір шағын ауылдың құмына аунап, қозы лақпен ойнап алаңсыз өтті», – деп еске алады отағасы. Даланың кең тынысы, малдың соңында өткен күндер, үлкендердің әңгімесі – бәрі бала бойына еңбексүйгіштік пен қанағатты сіңірді. Кейін ер жеткен соң қалаға аттанды. Оқуға түсті, білім алды, өз алдына шаңырақ көтерді. Ауылдан алған тәрбие қалада да сүйеніш болды.

«Жұбайым Айсұлу екеуміз үш ұл тәрбиелеп өсірдік», – дейді ол қарапайым ғана. Ал осы бір ауыз сөздің артында ұзақ жылға созылған ұйқысыз түндер, тынымсыз еңбек, әрбір перзентті аяғынан тік тұрғызу жолындағы шексіз қамқорлық жатыр. Бүгінде балаларының бәрі өсіп-өніп, өз алдына отау тіккен. Үш ұлдан тараған 10 немересі әулеттің мерейін үстем етіп отыр. Абдрахман Сатыбалдыұлы зейнет демалысына шыққанымен, тірлігін тоқтатқан жоқ – бүгінде немерелеріне саналы-салиқалы тәрбие беріп отырған бақытты ата.

Бүгінгі көзқараспен қарағанда, үш ұл, он немерені өсіру де оңай шаруа емес. Бірақ көп балалы шаңырақтың өз артықшылығы бар. Онда бала жалғыз өспейді: өзінен үлкенге қарап есейеді, өзінен кішіге қарап жауапкершілікті үйренеді. Үлкен ағаның сөзі, әпкенің қамқорлығы – бәрі тәрбиенің бір бөлшегі. Ата-ана жеткізе алмаған уақытты бауырлар бір-біріне береді. Сондықтан көп балалы отбасынан шыққан адамның мінезінде төзім мен ымыраға келгіштік басым болатыны кездейсоқ емес.

Шаңырақтың басты құндылығы туралы сұрағанда, отағасы ойланып жатпастан: «Отбасының тірегі – бірлік, өзара сыйластық, үлкенге құрмет, кішіге ізет және ұрпақтар сабақтастығы. Отбасымызда әр адамның орны ерекше, барша перзентімізді бір-біріне қамқор болып, туған шаңырақтың қадірін бағалауға тәрбиелеуді өмірлік ұстаным еттік», – деп жауап берді.

Үш баланың әрқайсысының білім алып, өз алдына шаңырақ көтеріп, елге қызмет етуі – әулет үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш. Шаңырақта еңбекқорлық пен білімге ұмтылу, адалдық пен жауапкершілік әрдайым жоғары бағаланған. Қаржы саласында еңбек еткен бірнеше ұрпақтың қалыптасуы да – осы құндылықтардың жемісі. Отағасының пайымдауынша, әулеттің ең үлкен байлығы дүние-мүлік емес, татулықта өмір сүріп, бір-біріне сүйеніш болатын ұрпақтың көптігі. Қандай жетістікке жетсе де, оны жеке адамның емес, бүкіл әулеттің ортақ еңбегі мен тәрбиесінің жемісі деп қабылдау – осы шаңырақтың қағидасы.

Отағасының еңбек жолы да өз алдына бір әңгіме. «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» атағы бір күнде берілмейді. Ол – жауапкершілігі жоғары, адалдықты қатаң талап ететін саладағы ұзақ жылғы қызметтің қорытындысы. «Еңбек ардагері» атағы да сондай. Балалар осы екі белгінің қандай жолмен келгенін көзімен көріп өсті. Әкенің жұмыстан кеш оралуы, ісіне мұқияттылығы, айтқанынан қайтпайтын беріктігі – бәрі айтылмаған тәрбие сабағы болды.

Жылдар өтсе де отбасындағы сыйластықты сақтаудың сыры неде? Абдрахман ақсақал бұл сұраққа да ұзақ жауап іздеген жоқ: бір-бірін тыңдай білу, түсіне білу және әрдайым қолдау көрсету. Шаңырақта үлкеннің сөзін құрметтеу, кішінің көңіліне қарау, қандай жағдайда да бір-біріне сүйеніш болу – бала кезден қалыптасқан тәрбие. Мұндай дағды бір күнде пайда болмайды, ол күнделікті тірліктің ішінде шыңдалады.

Әр баланың мінезі де, өмір жолы да әртүрлі. Бірақ бәрін біріктіретін ортақ құндылық бар. «Бірлік бар жерде береке бар» деген қағиданы әулет мүшелері жадынан шығармайды. Қуанышта бірге қуанып, қиындықта бір-біріне демеу болу – бұл шаңырақтың берік дәстүріне айналған. Ата-ананың ақылы мен батасын қадірлеу, аға-әпкенің қамқорлығын сезіну, бауырлардың бір-біріне деген жауапкершілігін сақтау ұрпақтар арасындағы байланысты нығайта түседі. Үлкен әулетте әр адамның пікірін сыйлау, мәселені ақылдасып шешу және ешкімді сырт қалдырмау аса маңызды.

Бүгінде немерелердің ортасында да осы дәстүр жалғасуда. Үлкендер өз өнегесін көрсетсе, жастар ізеттілігімен жауап береді. «Татулық арнайы қалыптастыратын нәрсе емес, күнделікті қарым-қатынаста мейірім, құрмет және кешірім арқылы сақталатын құндылық», – дейді отағасы. Расында, отбасының берекесі бір күнде туындамайды. Ол шағын да қарапайым қадамдардан – айтылған жылы сөзден, көрсетілген қамқорлықтан, кешірімнен – құралады.

Бала тәрбиесіндегі басты ұстаным – жеке өнеге көрсету. Үлкенді сыйлау, кішіге қамқор болу, адал еңбек ету, өз ісіне жауап беру сияқты қасиеттер осы отбасының негізгі тәрбие қағидаларына айналған. «Балаға ақыл айтудан бұрын, өзіміз ісімізбен үлгі болуды маңызды деп санаймыз», – дейді Абдрахман Сатыбалдыұлы. Бұл – көп сөзден гөрі бір істің әсерлі екенін білетін адамның тұжырымы. Бала ата-анасының айтқанын емес, істегенін қайталайды. Сондықтан ең күшті тәрбие – ұсақ-түйек тұрмыстың ішінде күнде қайталанатын өнеге.

Шаңырақта қазақтың салт-дәстүрін берік сақтау ұрпақ тәрбиесінің ажырамас бөлігі саналады. Балалар мен немерелер үлкендердің батасын алуға, оларды құрметтеуге, ата-баба рухына тағзым етуге, туыстық байланысты қадірлеуге бейімделіп өседі. Қонақжайлылық та әулеттің басты дәстүрлерінің бірі. Ұлттық мерекелерді, айтулы күндерді және отбасылық қуаныштарды барша әулет болып бірге атап өту әдетке айналған. Осындай құндылықтар арқылы кейінгі ұрпаққа ата-баба аманаты жетіп, ұлттық тәрбиенің сабақтастығы сақталады.

Ешбір отбасы түсініспеушіліксіз өмір сүрмейді. Мұны Абдрахман ақсақал да жасырмайды. Бірақ ол мұндай жағдайды шешудің өз жолын ұсынады: өзара сыйластық, сабырлылық және ашық әңгімелесу. «Мәселені ушықтырмай, бір-біріміздің пікірімізді тыңдап, ортақ шешімге келуді басты қағида санаймыз», – дейді ол. Қандай қиындық болмасын, ағайынның бір-біріне қолдау көрсетуі мен ауызбіршілігі оны еңсеруге күш береді. Бұл отбасы үшін татулықты сақтау – әркімнің жеке ісі емес, ортақ жауапкершілік.

Берекенің бастауы – отағасы мен отанасының өзара үйлесімі. Отағасы – отбасының тірегі, қорғаны әрі бағыт бағдар берушісі. Отанасы – шаңырақтың ұйытқысы, тәрбие мен мейірімнің негізі. Екеуінің өзара сыйластығы мен түсіністігі отбасындағы татулықтың берік іргетасын қалайды. Балаларға өнеге көрсету, ортақ шешім қабылдау, әр перзентке бірдей көңіл бөлу және отбасылық құндылықтарды дәріптеу – ерлі-зайыптылардың ортақ парызы. Он бала өсірген шаңырақта бұл парыздың салмағы да, жауапкершілігі де ерекше ауыр болғаны анық.

Үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету дәстүрі бұл шаңырақта күнделікті тұрмыстан көрінеді. Балалар мен немерелер үлкендердің батасын алып, ақыл-кеңесін тыңдауды, олардың алдынан кесе өтпеуді әдетке айналдырған. Ал үлкендер өз кезегінде кейінгі ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсетеді. Әулеттік басқосуларда үлкендердің төрден орын алуы, батасын беруі, жастардың ізет көрсетуі арқылы бұл дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді. Мұндай көрініс жас ұрпақ үшін ең тиімді тәрбие сабағы болмақ.

Бос уақытты мүмкіндігінше отбасы мүшелерімен бірге өткізуге тырысады. Әулет болып бас қосып, дастархан басында әңгіме-дүкен құру, мерекелер мен қуанышты күндерді бірге атап өту – осы шаңырақтың үйреншікті тірлігі. Мұндай басқосу туыстық байланысты нығайтып, үлкендер мен кейінгі ұрпақтың өзара араласуына мүмкіндік береді. Кейде табиғат аясына шығып, бірге серуендеп, отбасылық естеліктермен бөліседі. Әркім өз бөлмесінде, өз экранының алдында отыратын бүгінгі заманда осы қарапайым дәстүрдің өзі үлкен байлыққа айналып отыр.

«Мерейлі отбасы» атану әулет үшін қандай жауапкершілік жүктейді? Отағасының жауабы нақты: бұл – отбасының көпжылдық еңбегі мен тәрбиесінің, өзара сыйластық пен бірлігінің бағалануы. «Бұл марапат бізге үлкен қуаныш сыйлап қана қоймай, ұрпақ тәрбиесіне деген жауапкершілігімізді арттыра түседі», – дейді ол. «Өнегелі отбасы» номинациясына ие болу ата-ана ретінде берген тәрбиенің және отбасылық құндылықтарды ұрпаққа жеткізу жолындағы еңбектің лайықты бағасы деп қабылданған. Бұл атақ әулетті ұлттық дәстүрлерді дәріптеуге, отбасы бірлігін сақтауға, кейінгі ұрпаққа үлгі болуға одан әрі ынталандырады.

Жаңадан шаңырақ көтеріп жатқан жас жұбайларға айтар кеңесі де көпке ортақ: бір-бірін сыйлап, түсініп, қандай жағдайда да отбасы бірлігін бірінші орынға қою. Үлкеннің ақылын тыңдау, кішіге қамқор болу, қиындықты бірге еңсеру, қуанышты бірге бөлісу маңызды. Отбасында сенім, сабыр, кешірім мен жауапкершілік болса, шаңырақтың берекесі де берік болмақ. «Ең бастысы – отбасы құндылықтарын сақтап, бала тәрбиесіне жауапкершілікпен қарап, бір-біріне өмірлік серік әрі тірек болу», – дейді Абдрахман Сатыбалдыұлы.

Отбасы болу – бүгінгі күннің өлшемімен қарағанда оңай шаруа емес. Ал сол ұрпақтарды білім алуға, адал еңбек етуге, елге қызмет етуге баулу – одан да ауыр міндет. Бұл шаңырақ сол міндетті абыроймен атқарып шықты. Оның нәтижесі бүгінгі 10 немеренің қызығын көру десе болады. Әулет ағашының тамыры терең болса, бұтағы да мол болатыны рас.

Ата мен әженің тәрбиесі – қазақ отбасының ерекше құбылысы. Дүниежүзілік тәжірибеде ата-әже көбіне немерені уақытша қарайтын адам саналса, бізде олар – тәрбиенің тең құқылы қатысушысы. Ертегі айтатын да, бата беретін де, ұрпаққа шежіре таныстыратын да солар. Абдрахман Сатыбалдыұлы зейнетке шыққаннан кейінгі басты жұмысын осылай айқындаған. Немерелеріне саналы салиқалы тәрбие беру – ол үшін бос уақыттың айналысы емес, өмірлік міндет.

Мемлекет басшысы отбасы құндылықтарын дәріптеуді, ана мен бала құқығын қорғауды мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі санайды. Ал сол саясаттың нақты өмірдегі көрінісі – осындай әулеттер. Заң да, бағдарлама да шаңырақ құра алмайды, олар тек жағдай жасайды. Берекені, татулықты, ұрпақ сабақтастығын әр отбасы өз қолымен, күнделікті еңбегімен жасайды. Абдрахман Сатыбалдыұлының шаңырағы – соның айқын дәлелі.

Ұлттың болашағы туралы ойлағанда, сөз түптеп келгенде осындай қарапайым да қасиетті ошақтарға тіреледі. Өйткені ел іргесі шаңырақтан бастау алады. Ал шаңырақтың беріктігі мүліктің молдығында емес, адамдардың бір-біріне деген сенімі мен сыйластығында. Тоғызкенттің құмында ойнап өскен баланың бүгінгі үлкен әулеттің ақсақалы дәрежесіне жетуі – осы қарапайым ақиқаттың ең сенімді айғағы.