Қос аудандағы қоныстой

0 20

Талас және Қордай ауданында тұрғын үйлер пайдалануға беріліп, 252 отбасы баспаналы болды.

Қаратау қаласында екі көпқабатты тұрғын үй жөндеуден өтті. Нәтижесінде кезекте тұрған 192 таластық баспана бақытына ие болды. Жыл басында 80 пәтерлі тұрғын ел игілігіне тапсырылған болатын. Талас ауданының әкімдігі кезекте тұрған 1487 азаматтың баспана мәселесін кезең-кезеңімен шешуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Қордай ауданында да 60 азамат пәтер кілтін иеленді. Олардың қатарында әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтар мен кезегі келген тұрғындар бар.

Жалпы, облысымызда биыл 2909 пәтерлі 56 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл қорытындысында 54 үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Сонымен бірге халықтың әлеуметтік осал топтары үшін коммуналдық тұрғын үй қорынан 345 пәтер және «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен 1221 пәтер сатып алу жоспарланған. Бұдан бөлек, жеке инвестиция есебінен 1105 пәтерлі 14 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде.

Жалпы, биыл кезекте тұрған жамбылдықтарды тұрғын үймен қамту көрсеткішін 227,1 пайызға (2023 ж. — 100,2 пайыз) арттыру жоспарланып отыр. Оның ішінде, 2173 шаршы метрі жалға берілетін тұрғын үй (2023 ж. — 1122 шаршы метр), 2151 шаршы метр әлеуметтік несиелік тұрғын үй (2023 ж. — 782 шаршы метр) беру көзделген.