Ауыл кітапханаларына Президент тартуы

0 21

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде «Ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз»,  деген еді. Осыған орай,  қазіргі таңда елімізде «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет және қоғам қайраткері Алма Оразбаеваның 126 жылдығына орай Т.Рысқұлов ауданы Луговой стансасына, қазақтан шыққан тұңғыш әйел дипломат Балжан Бөлтірікованың 103 жылдығы аясында Қордай ауданы Әлжан Ана ауылына және композитор Сыдық Мұхамеджановтың 100 жылдық мерейтойына орай Меркі ауданы Ойтал ауылына сый кітаптар жіберді. Сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігінің Басшысы Айбек Дәдебай ақын, сатирик Шона Смаханұлының 100 жылдық мерейтойы аясында Талас ауданы Ойық ауылына және журналист, жазушы Қарауылбек Қазиевтің 85 жылдығына орай Шу ауданы Көктөбе ауылына кітаптар жолдады.

Аталған бес ауылдық кітапханаға қазақ әдебиетінің үздік туындылары, танымдық-ағартушылық еңбектер, балалар әдебиеті, сұранысқа ие авторлардың шығармалары топтастырылған 100 кітаптан сыйға тартылды. Оларды аудандық кітапханалардың директорларына Ш.Уәлиханов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында облыс әкімі аппаратының басшысы Лесбек Ілебаев пен облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай табыстады.

– Кітап оқитын ұлтқа айналу үшін, бірінші кезекте жастарды кітап оқуға баулу керекпіз. Жастарды кітап оқуға баулу үшін, әлемде сұранысқа ие кітаптарды көптеп алып, өскелең ұрпақты қызықтыру керекпіз. Осы бастамамен шалғайдағы ауыл кітапханаларына соңғы шыққан жаңа туындыларды жеткізу арқылы жас буынның кітап оқуға деген зейіні ашылады деген сенімдеміз, – деп атап көрсетті Лесбек Құралбайұлы өз сөзінде.