Балалар шығармашылығын шыңдайтын орталық

0 59

Жамбыл ауданындағы «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының» ашылғанына үш жыл толуына орай, «Шығармашылық әлем. Өнер. Әсер» тақырыбында «Ашық есік» күні өткізілді.

Әрбір қоғамның әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі сол қоғамдағы жеке адамның шығармашылық әлеуетіне байланысты. Олай болса, егемен елімізде дарынды баланы дамыту мен анықтаудың қажеттілігі туындап отыр. Қазіргі кезде қоғамдағы қарқынды өзгерістер жыл сайын жаңа өмір салтын құруда. Осыған орай, қоғамның жаңа талап-тілектері мен әлеуметтік сұранысын қамтамасыз ету мақсатында шығармашылық тұрғыда ойлайтын, дербес шешім қабылдауға бейім ұрпақты тәрбиелеу бүгінгі күнде аса маңызды мәселе болып отыр.

Дарынды балалардың қолөнер туындыларын көпшілік назарына ұсыну, «Техникалық шығармашылық және кәсіби бағдар беру орталығының» жұмыс барысымен, үйірме жұмыстарымен таныстыру мақсатында өткен «Ашық есік» күніне аудандық мәслихаттың төрағасы Мұхтар Шайдаев, аудан әкімінің орынбасары Махпал Досымбекова, аудандық білім бөлімінің басшысы Зәуре Әбдірәсілова, аудан әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Бақытжан Құтжан, «Жастар ресурстық орталығының» директоры Жандар Тоқсаба және білім беру мекемелерінің басшылары мен оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қатысты. Іс-шара барысында келген қонақтар орталықтың тыныс-тіршілігімен, үйірме жұмыстарымен, орталықтың ұлттық нақышта безендірілген, оқушылардың қолөнер туындылары қойылған көрме залымен танысты. «Ағылшын тілі», «Қолөнер», «Әуе үлгілеу», «Қызықты математика», «Жас биолог», «Жас химик», «Саздан бұйым жасау», «Тағам дизайны», «Киім үлгілеу және заманауи дизайн», «Ұлттық ойын технологиясы», «Робототехника», «Алғашқы медициналық көмек көрсету» үйірмелерінің жұмысын көріп, шеберлік сағаттарына қатысты.

Орталық директорының міндетін уақытша атқарушы Дариға Сатылғанова баяндама жасаса, «Тағам дизайны» және «Қолөнер» үйірмесінің жетекшілері «Ашық есік» күні қатысушыларымен шеберлік сыныптарын өткізді.