Ел чемпионы — «Әулиеата» командасы

0 18

Тараз төрінде көкпар мен аударыспақтан дүбірлеп өткен ХХІ ел чемпионаты аяқталды. Көкпардан Жоғары лигада Қызылорда, Түркістан, Атырау, Жамбыл, Қарағанды облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласының командалары, Бірінші лигада Ақтөбе, Алматы, БҚО, СҚО, Қостанай, Маңғыстау, Павлодар облыстарының және Алматы, Шымкент қалаларының құрамалары, 300-ден астам спортшы бақ сынады.

Ереже бойынша топтық кезеңде сайысқан командалар жүлделі орындар үшін кездесулер өткізуі тиіс еді. Дегенмен биылғы дода жылдағыдан ауырлау болғандықтан, әсіресе аттарға оңайға соқпағандықтан бірнеше команда түйісу ойындарынан бас тартты. Ал көкпар ережесіне сәйкес ойыннан бас тартқан команда қарсыласынан 3:0 есебімен ұтылған болып есептеледі. Осылайша Қызылорда облысының құрамасы ойынға шықпағандықтан Жамбыл облысының «Әулиеата» командасы, Қарағанды облысының құрамасы ойынға шықпағандықтан Түркістан облысының «Тұран» командасы, Ақтөбе облысының құрамасы ойынға шықпағандықтан Батыс Қазақстан облысының құрамасы шаппай бәйге алды.

Сонымен Жоғары лиганың топтық ойындағы нәтижесі бойынша Жамбыл облысының «Әулиеата» құрама командасы І орынды жеңіп алып, ХХІ ел чемпионатының жеңіс тұғырына көтерілді. Жерлестеріміз барлығы 34 салым салып, 10 салымнан айырылып қалды. Жалпы ұпайы – 15. Жүлделі ІІ орында – Түркістан облысының «Тұран» командасы. Оңтүстіктің жігіттері барлығы 37 салым салса да, 22 салымнан айырылып қалды. Жалпы ұпайы – 12.

Барлығы 38 салым салып, 18 салымнан айырылған, жалпы 9 ұпай жинаған Атырау облысының «Нарын» командасы ІІІ орынды иемденді. Салым саны көп, айырылған салымы аз Жайық жігіттерінің екінші орыннан көрінуге мүмкіндіктері бар еді. Бірақ ойын барысында «Тұраннан» 10:4 болып жеңілгендіктен, ол межеге жете алмады.

«А» тобында өнер көрсеткен бес команданың нәтижесі төмендегідей. І орында –Маңғыстау облысының «Адай ата» командасы. Үстірттің салымгерлері барлығы 53 салым салып, 11 салымнан айырылды. Жалпы ұпайы – 12. ІІ орында – БҚО құрамасы. Оралдың оғландары 14 салым салып, 19 салымнан айырылды. Жалпы ұпайы – 9. ІІІ орында –Павлодар облысының құрамасы. Керекудің жігіттері барлығы 24 салым салып, 13 салымнан айырылды. Жалпы ұпайы – 6. Павлодарлық көкпаршылардың да салым саны көп, айырылған салымы аз болғанымен БҚО құрамасынан 2:3 болып ұтылуына байланысты екінші орынға шыға алмай қалды.

«В» тобында ойын көрсеткен төрт команда арасынан барлығы 32 салым салып, 5 салымнан айырылған Алматы облысының құрама командасы І орынды жеңіп алды. Жетісу жігіттерінің жалпы ұпайы – 9. Шымкент қаласының құрамасы барлығы 27 салым салып, 11 салымнан айырылып, ІІ орын тұғырына тұрақтады. Шымның шымыр жігіттерінің жалпы ұпайы – 6. Ал ІІІ орын жүлдесі Солтүстік Қазақстан облысы құрама командасының қанжығасында кетті. Қызылжардың қырандары барлығы 12 салым салып, 21 салымнан айырылған еді. Жалпы ұпайы – 3.

Ал аударыспақтан ересектер арасында өткен ел чемпионатында 57 кг, 62 кг, 68 кг, 74 кг, 82 кг, 91 кг, 100 кг және 100 келіден жоғары салмақ дәрежесіндегі балуандар күш сынасты.

Тартысты өткен бәсекелерде облысымыздың құрамасы сапында 82 келіде өнер көрсеткен Амзеев Нұржігіт пен аса ауыр салмақтағы Смаилов Данияр жеңімпаз атанса, Бейбітов Серік (62 кг) күміс жүлдені олжалады. Ал Берікбай Мұстафа (68 кг), Ержепбаев Дәулет (74 кг) ел чемпионатының қола жүлдесіне қол жеткізді.

Білек күші мен ептілік, шымырлық пен шеберлік сынға түскен дүбірлі дода да аяқталды. Жамбылдық «Әулиеата» құрамасы 12-ші рет ел чемпионатының жеңіс тұғырына көтеріліп, жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады. Жамбылдың жолбарыстарын,  құрама жетекшісі Нұрдәулет Момыновты, команданың жаттықтырушысы Жұлдызхан Тайырбековты жеңістерімен құттықтаймыз. Бәрекелді!

Қазақстан Республикасы Ұлттық ат спорты түрлерінен мемлекеттік жаттықтырушы Нүркен Байбөриевтің айтуынша, чемпионаттан кейін Қазақстан құрама командасына іріктеу өтеді. Іріктеу нәтижесінде жасақталған ұлттық құрама биыл қыркүйек айында Шымкентте өтетін әлем чемпионатына қатысады. «Бүгінгі таңда жарысқа қатысатындықтарын Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Түркия елдері растап отыр. Сонымен қатар қыркүйек айының соңында халықаралық турнир, Түркияда көшпенділер ойындары жоспарланған, оған Еуропа мен Азияның барлық елдері  қатысатын болады», — дейді мемлекеттік жаттықтырушы.

Чемпионаттың жабылу және жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі Жамбыл ауданы, Бектөбе ауылында орналасқан «Атшабарда» өтті.