Жамбылдық шаруа түрлі техника жасап шығаруда

0 17

Байзақ ауданы Үлгілі ауылының тұрғыны Әмірбек Төлепов «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыру» пилоттық жобасы аясында «Тараз» ӘКК» АҚ-дан несие алып, соқаның 30 түрін жасап сатып, табыс табуда.

Жалпы бұл жобаға қатысушыларға өз ауласындағы жерді пайдаланып, жылыжай салып, тігін цехын ашып, табыс табуға мүмкіндік берілген. Пайызы төмен жеңілдетілген несие түрінде қаржылай қолдау көрсетіледі. Ал темірден түйме түйетін ұста Әмірбек Өтепұлы комбайн, тракторларды жөндеумен қатар жаңа техника жасап сатуды ұйғарыпты. Үлгілілік тұрғын аталған жоба арқылы 2,5 пайызбен 2 миллион 700 мың теңге несие алған. Осылайша кәсібін дөңгелентіп отыр.

Ол жер жыртатын соқаның 30 түрін жасау үшін несие қаражатына сегіз тонна металл сатып алған. Қазір шебер соқадан бөлек арық қазатын, жер қопсытатын, тегістейтін, шөп шабатын, қора тазалайтын және «пескаблок» кірпішін шығаратын техникаларды жасап шығаруда.

«Біз жасап шығарып жатқан ауылшаруашылығы техникаларының зауыттан келетін техникалардан ерекшелігі – сапасында. Сапалы болатына – біз техниканы әр аудан, ауылдың жер қыртысына қарай жасаймыз. Яғни алдымен сатып алушының жерін зерделеп барып, техниканы сатамыз. Сондықтан да сапалы дүние шығады», – дейді Әмірбек Төлепов.

Оның жасаған ауылшаруашылығы техникалары Жамбыл өңірінен бөлек, Қырғыз Республикасына, Атырау, Көкшетау, Қызылорда, Қарағанды облыстарына сатылуда. Зауыттағыдан 60-70 пайыз арзан техникаларды тіпті несиеге сұрайтындардың да қатары көбейіпті. Сондықтан сұранысты уақытылы орындау үшін алты адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Олардың орташа айлық жалақысы 250000-300000 теңге көлемінде.