Сыбайлас жемқорлықтың түп тамыры – білімсіздікте

0 16

Сыбайлас жемқорлық – тәуелсіз Қазақстанның, бүгінгі қоғамның өзекті де күрделі мәселелерінің бірі. Сондықтан да 2022 жылғы 1-ақпанда Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың төрағалығымен өткізілген кеңесте сыбайлас жемқорлықпен ымырасыз күресу мемлекеттік саясаттағы негізгі басымдықтың бірі екенін атап өтті. Мемлекет басшысы заң үстемдігін орнатып, нағыз құқықтық мемлекет құру үшін ең алдымен жемқорлықтың тамырына балта шабу керек деп нақты атап көрсетті.

Жемқорлықпен күресте әр мемлекеттің қолданатын әдіс-тәсілдері ерекше болып келеді. Осыған орай, біздің елімізде де бірқатар жұмыстар жүргізілуде.

Сыбайлас жемқорлықпен күресудің мақсаты — азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға, сыбайлас жемқорлық көріністерінен туындайтын қауіп-қатерден Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылықтың алдын алу, анықтау, олардың жолын кесу және ашу, олардың зардаптарын жою және кінәлілерді жауапқа тарту арқылы мемлекеттік органдардың, мемлекеттік міндеттерді атқаратын лауазымды және басқа адамдардың тиімді қызметін қамтамасыз ету. Сыбайлас жемқорлықпен күресудің негізгі принциптері – барлық адамдардың заң мен сот алдында теңдігі. Сыбайлас жемқорлыққа байланысты құқық бұзушылық субъектілеріне мемлекеттік міндеттер атқаруға уәкілетті адамдар мен оларға теңестірілген адамдар жауапты болады.

Қазақстан Республикасы азаматтарының әрбір қадамы «АҚ» әрі «АДАЛ» болған, әр азамат жеңіл жолмен пайда көруге емес, маңдай термен табысын еселеуге ұмтылған  жағдайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес өзекті проблемаға айналмас еді. Қазақ елі қалың жұртының санасында маңдай термен тапқан еңбегіңнің жемісі де, берекесі де болады деген ұстаным болса, қоғам дертінің тамырына балта шабылар еді. Ендеше егемен еліміздің еңселі азаматы болам десек, заңға қарама-қайшы іс-әрекеттерден алшақ болайық, заң талаптарын орындайық.

Сыбайлас жемқорлық өте ауыр қылмыс санатына жататындықтан, оны жасаған тұлғалар заң алдында қатаң жазаланады, яғни өз өміріне өзі балта шабатыны айдан анық. Адам адамды кешіргенімен заң адамды кешірмейтінін естен шығармайық.