Шерхан Мұртаза тұрған үй музейге айналады

0 16

Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның Жуалы ауданы Талапты ауылында тұрған үйі музейге айналады. Бұл туралы мәслихат депутаттарымен кездесуінде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов айтты.

Кездесуде халық қалаулылары бірқатар мәселені көтеріп, ой-ұсыныстарын жеткізді. Ерболат Саурықов ауыр жүк көліктерінің шамадан тыс жүктемесінің салдарынан жолдардың бүлініп жатқандығын, Халық жазушысы Шерхан Мұртазаның 90 жылдығын кең көлемде атап өту, облыс орталығынан көше атын беру секілді мәселелерді көтерді. Өзге де халық қалаулылары әлеуметтік, ауылшаруашылығы, білім беру салаларындағы мәселелерге назар аудартты.

Облыс әкімі мәслихаттардың жұмысының маңыздылығын баса айтып, көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар ескеріліп, қарастырылатынын жеткізді. Соның ішінде Шерхан Мұртазаның 90 жылдық мерейтойын тиісті деңгейде атап өту үшін қажетті шаралар қабылданып жатқанын, тұлғаның Жуалыда өзі тұрған үйінде музейі ашылатынын атап өтті.

Бұдан бөлек өңірдегі төрт мектеп қабырғалы қаламгердің есімін еншілеген. Біртуар тұлғаның ескерткішін салу мәселесі де қаралуда.