Шу ауданында қауіпсіздік шаралары күшейтілді

0 4

Шу ауданында тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы профилактикалық жұмыстар жалғасуда. Аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері елді мекендерді аралап, халық арасында өрт қауіпсіздігі мен балалардың өмірін қорғауға қатысты түсіндіру шараларын өткізді.

Іс-шара барысында мамандар тұрғындарға тұрмыстық өрттің алдын алу жолдарын түсіндіріп, қауіпсіздік талаптарын сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Әсіресе жаз мезгілінде аула аумағында қоқыс пен құрғақ шөпті өртеудің қауіпті екені ескертіліп, мұндай әрекеттердің ірі өртке себеп болуы мүмкін екені айтылды.

Сонымен қатар құтқарушылар көпқабатты тұрғын үйлердегі балалар қауіпсіздігі мәселесіне ерекше назар аударды. Ата-аналарға балаларды қараусыз қалдырмау, терезе маңына жиһаз қоймау және қорғаныш құрылғыларын орнату қажеттігі түсіндірілді.

Профилактикалық іс-шара аясында бірқатар пәтерлердің терезелеріне арнайы блокираторлар орнатылып, бұл бағыттағы жұмыстардың алдағы уақытта да жалғасатыны жеткізілді. Мамандар мұндай қарапайым қауіпсіздік құралдары балалардың жазатайым жағдайға ұшырауының алдын алуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері тұрғындарды қауіпсіздік талаптарына бейжай қарамауға шақырып, кез келген төтенше жағдайдың алдын алу әр азаматтың жауапкершілігі екенін еске салды.