Суға шомылу ережелері түсіндірілді
Меркі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері №17 И.Трубицын атындағы мектеп-гимназиясының оқушыларымен кездесу өткізіп, жазғы шомылу маусымында қауіпсіздік шараларын түсіндірді. Кездесу барысында балаларға суда қауіпсіздік ережелері мен төтенше жағдайлар кезінде дұрыс әрекет ету дағдылары үйретілді.
«Жазғы уақытта өзен, көл немесе басқа су айдындарында қауіпсіздік бірінші орында болуы керек. Суға тек рұқсат етілген жерлерде және ересектердің бақылауымен түсу қажет. Белгіленбеген орындарда шомылу, қауіпті ойындар ойнау және алысқа жүзу балалардың өміріне қауіп төндіреді», деді бөлім маманы Нұрлан Бақытұлы.
Кездесу барысында оқушыларға суға батып бара жатқан адамға көмек көрсету тәсілдері, құтқару құралдарын қолдану әдістері практикалық түрде көрсетілді. Сондай-ақ төтенше жағдай туындаған жағдайда 112 нөміріне жедел хабарласудың маңыздылығы ескертілді. Дұрыс әрекет ету – кейде адамның өмірін сақтап қалудың ең басты жолы екендігі түсіндірілді.
Мектеп оқушылары аталған сабақтан алған әсерлерін бөлісті. Олар енді өздерін және достарын қауіпсіз ережелерді сақтай отырып суда шомылуға дайындай алады. Кездесу балалардың жазғы демалысын қауіпсіз өткізуді қамтамасыз етуге, төтенше жағдайға дұрыс дайын болуға бағытталған.
Төтенше жағдайлар бөлімі болашақта да жазғы маусым кезінде мектептерде осындай профилактикалық сабақтарды жүйелі түрде өткізуді жоспарлап отыр.