Байзақта құқықтық профилактика кабинеті ашылды
Байзақ аудандық полиция бөлімінде құқықбұзушылықтың алдын алуға бағытталған профилактикалық кабинет ашылды. Аталған бастама министрліктің тапсырмасына сәйкес, «Құқықбұзушылықтардың профилактикасы туралы» Заңды іске асыру және «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылып отыр.
Кабинеттің ашылу салтанатына аудан әкімі Олжас Баққараев, аудандық соттың төрағасы Досжан Төленбеков, аудан прокуроры Ақберген Мүлкеманов, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің «Отбасын қолдау орталығының» директоры Мейірбек Ноғаев, аудандық Пробация қызметінің бастығы Нұрсұлтан Сайранбаев қатысты.
Жаңа кабинет заманауи талаптарға сай жабдықталған. Онда ақпараттық стендтер, әдістемелік және үлестірме материалдар орналастырылған.
Аудандық полиция бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Әлімхан Қарымсақов қолданысқа беріліп отырған профилактикалық кабинет полиция қызметкерлері мен тұрғындар арасында ашық диалог алаңын қалыптастыратын маңызды құрал екендігін атап айтты. Мұнда учаскелік инспекторлар азаматтарды жеке қабылдап, құқықтық кеңес беріп, тұрмыстық жанжалдардың, отбасылық кикілжіңдердің және өзге де құқықбұзушылықтардың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізетіндігін, сонымен қатар, кабинетте пробация қызметінде есепте тұрған тұлғалармен, сондай-ақ мінез-құлқында қауіп бар азаматтармен профилактикалық әңгімелер өткізу көзделгендігін жеткізді. Д.Төленбеков құқықбұзушылық кезінде қолданылатын жеке шектеу шаралары туралы кеңінен түсіндіріп, қатысушылардың сауалдарына жауап берді.
Аудан әкімі Олжас Елебекұлы бұл бастаманың маңыздылығына ерекше тоқталып өтті.
– Қызметтің тиімді болуы үшін ең алдымен оған қажетті жағдай жасалуы тиіс. Бүгін ашылған бұл кабинет – сол бағыттағы нақты қадам. Алдымызда заңмен айқындалған ауқымды міндеттер тұр. Ендігі кезекте бұл жерде жүйелі қабылдаулар өткізіліп, халықпен тығыз байланыс орнататын нақты іс-шаралар жүзеге асырылуы қажет. Әр бастама нәтижелі болуы үшін жұмыс сапалы әрі жүйелі жүргізіледі деп сенемін, – деді аудан басшысы.
Кабинеттің ашылуы халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және азаматтардың полицияға деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.