Қылышбай ауылынан тәтті су шықты!

0 3

«Көп тілеуі — көл» дегендей, соңғы жылдары Мойынқұм ауданында да жақсы жаңалықтар көбейіп, мүмкіндіктер ашыла бастады. Сондай жағымды жаңалықтың нәтижесін жақын арада Қылышбай ауылының тұрғындары көреді деген үміт бар.

Аудан әкімі Ермек Карентаевтың бастамасымен «Саудабаев Сәбит» жеке кәсіпкерлігі Қылышбай ауылында тұщы судың қанша метрден шығатынын анықтау мақсатында бірнеше апта бойы жұмыс істеп жатқан еді. Фирма жұмысшылары 300 метрден астам тереңдікке дейін қазып, оң нәтижеге қол жеткізіп отыр.  Қазіргі таңда осынша тереңдіктен тұщы су шығатыны анықталды.

 – Ауылымыздың тұрғындары бұрғылау жұмыстарын үмітпен бақылып отырған еді. Енді міне, тұщы су қабатына жеткендігі туралы қуанышты хабар естіп отырмыз. Өзіміз басына барып та көрдік. Бұрғылаушы мамандар тәтті судың шыққанын растауда. Дегенмен, тереңнен алынған су арнайы сараптамадан өтетін болады. Жақын арада Қылышбай ауылының халқы жергілікті тұщы судың рәтін көруі мүмкін. Бұл қылышбайлық тұрғындар үшін үлкен қуаныш, – дейді аталған ауылдық округтің әкімі Ардақ Исабеков.

Ауыл ақсақалы Бодау Жүндібаев та қуанышын жасырмады.

– Ауданымыз шөлейтті екені белгілі. Дегенмен, қазіргі заманауи техникалардың күшімен аса терең аумақтан тұщы судың көзі табылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш. Міне, осы маңызды жұмысқа назар аударған, осынау мүмкіндікке ықпал еткен аудан әкімі Ермек Амангелдіұлына көп рахмет. Бұл деген – Қылышбай ауылының одан да өркендеп, өсуіне жасалған қадам. «Су – тіршілік нәрі» деп бабаларымыз бекер айтпайды. Тәтті су бар жерде берекенің орнайтыны рас. Бүгінде ауылымызда халық саны артып, мектепке дейінгі мекемеге баратын бүлдіршіндер қатары көбейе түскен. Бұл жас отбасылардың ауылда тұрақтай бастағанын көрсетеді. Ауылдың тәтті суы әр үйге барып, жағдайы жақсарса, тұрғындардың қызығушылығы артады. Экономикалық, әлеуметтік мүмкіндіктер де еселене түседі. Сондықтан бұл жағымды жаңалыққа өте қуаныштымыз, – дейді ақсақал.

Себебі, бұл Қылышбай ауылы құрылғалы бері жүзеге аспаған ғажайып мүмкіндік. Қылышбай ауылының тәтті суы таңдайымызға тиетін күнде алыс емес. Осынау жаңалыққа құлақтанған ауыл тұрғындарының жүздерінен тек қуанышты көруге болады.