Айдыны бөлек Айнакөл
Шығыс халықтарының ертедегі аңыз-ертегілерінде Феникс құсы от тәрізді қызыл-сарыала түстес келіп, нұрдан жаралғаны туралы наным қалыптасқан. Ол өлгенде жаны аспанға ұшып кетеді екен. Құдай бар болса, сарыала қаз құсының тұқымы үзілмейді, өртенсе, күлінен қайта тіріліп кететін әулие сынды. Өйткені сарыала қаз аспаннан отқа оранып, көл үстіне шырылдап түседі дейді. Ол адам аяғы баса бермейтін биік тауларда тіршілік етіп, шың басындағы қазаншұңқырлардың мөлдір, тұнық суларында балапанын өргізеді екен.
Қасиетті Қаратау тауының Алатаумен түйіскен Жуалы үстірті белдеуінің бойы əлімсақтан Қырғыз Алатауы немесе Шерағаңша қасиетті Тəңіртау аталады. Осы таудың Көксай, Ақсай жəне Тобышақты аңғарлары етегіндегі Мыңбұлақ жазығы – Шерхан Мұртазаның туып-өскен, кіндік қаны тамған отаны. Жазушының «Сарыала қаз – Феникс», «Ақсай мен Көксай», «Тұз кесел» əңгімелері кез келген оқырманды тақырыбы арқылы елең еткізіп, иірімдей тарта жөнеледі.
«Сарыала қаз – Феникс» əңгімесінде жол бастаушы, орманшы, жылқышы үшеуі Тəңір тауын аралау барысында шың басындағы көлде болғанын, белгісіз аңшының құсты атқан сəтте ашық күнде найзағай ойнап, аспан айналып жерге түскендей тау құлауынан кейінгі, ұйқылы-ояу шағындағы мəңгілік мұздақтарды жағалай тіршілік ететін аң-құстардың құрылтайы жайында, ертегі аралас оқиға баяндалады. Аңыздың түбі шындықтан құралатыны белгілі. Мұзарт шыңдар қойнауларында мекендейтін тағы аңқұстардан күнге табынған ғұн – гүн тайпаларының, көкбөріден өрбіген, көк тəңіріне тəу еткен көк түркілерінің таралғаны ескі жыр-дастандарда айтылады. Аңызбен астасқан жыр-дастандар болған оқиға желісіне негізделетіні хақ.
Аталған əңгімелер тауға баруға, мұзарт шыңының басындағы көлді көруге тартты да тұрды. Жергілікті жуалылық тумаларды үгіттей жүріп, тау кереметін асыра қоса айта жүріп, шығуға бел байладым. Жасақты тау əңгімесіне жетік жігіттерден құрып, күні белгіленіп, əйтеуір тауға шығуға дайын да болдық. Арман – Феникс мекені аталатын Айнакөлді бір көру.
Сонымен Б.Момышұлы ауылынан шығып, оңтүстік шығысты бетке өрлей жол тарттық. Топ ішінде ел басқару ісінде атқа мініп жүрген Марат Қасымбеков пен Ғани Қуанышев жəне тау жүрісіне ыңғайлы Артық пен ақкөңіл жолсерік Ержан.
Оң жақ маңдай тұста Алатаудың қарлы шыңдары менмұндалайды. Көксай аңғары – автокөлікке ыңғайлы жолмен отыз бес шақырымдай. Ары қарай жаяуға қуат берсін.
Жуалыда туып-өскендіктен, бұрынғының өлкеде ел басқарған тұлғалары жайында, осы жерде іздері қалған абыздар мен ақынжыраулар, елін қорғаған Бердіқожа, Ақментей батырлардың, Қоқанға қараған тұстағы Батырбек, Байзақ датқалардың басқаға бағына жүріп қол астындағы халқының болашақ тағдырына əсер еткен игі істері жайлы, патша кезіндегі көзі ашық Мақұлбек, Қабылбек, Жандарбек болыстардың, текті би Текебай мен Дəуімбет, Төребек сынды билердің асыл қасиеттерін қозғап, ел аузында қалған сөздерімен жол қысқартуда.
Мен ойда отырмын. Тарихи деректерде ел билеген қағандар мен əміршілер жорықтарында Жетісу мен ертеректе Жиделі Байсын делінетін өлкелердің аралығына жататын Жуалының табиғатына тамсанбауы, көңіл бөлмеуі мүмкін емес.
Кейбір тарихшы, жазушылардың еңбектерінде əлемнің билеушісі атанған ұлы Шыңғысхан батыс жорығында Хорезм хандығын күйрете жеңгенін қайтар жолда Шақпақ асуы мен Мұңбұлақ жазығында тойлаған деген мəлімет келтіріледі. Ал Боралдай таулары басталатын Қошқарата ауылының Оңтүстік Қазақстан облысының Бəйдібек ауданымен шектесетін оңтүстік тұсында, қозы көш жерде «Орда қонған» биігі – тарихтың куəсі. Қытай саяхатшыларының Х ғасырға дейінгі жазылған бүгінге жеткен жазба деректерінде Мыңбұлақ қағандардың жазғы жайлау қонысы (резиденциясы) болғаны, бұғы өсіріп, арнайы сырғалау, қоңыраулау арқылы санақ жүргізгені жəне сол замандарда қорық жасалып, аң аулау өнерін тамашалайтыны айтылады.
Ал Баукең дүниеден өткеннен кейін, туған жеріне тəу ете келген өнер құдіретінің иесі Н.Тілендиев Мыңбұлаққа іліне жол жиегіне аунай кетіп, «Сен жұтқан ауаны жұттым, сен ішкен бұлақтан су іштім, сен аунаған топыраққа аунадым, қасиетіңнен айналайын, Бəукем, батыр көкем», деп, біраз шерін тарқатып алған деседі.
– Түлкі кетті! – деген Мəкеңнің ащы даусынан селт ете жан-жағыма қарасам, оң жақ қапталда батыр Бауыржан Момышұлының туып-өскен мекені Момышбұлақтан өтіп барады екенбіз. Бұл маңайда мұндай бұлақтар мыңдап саналады. Мыңбұлақ аталуы содан болар.
Жер беті халықтарының бірінде ел қамын ойлаған, елге сыйлы жандар дүниеден қайтқанда Жаратушы рухын аң-құсқа айналдырып, ескі қоныстарына жібереді-мыс. Мүмкін, рас та шығар. Жаратушы бір емес пе?! Мүмкін бізге əр кез көрінетін түлкі қоныс иесінің бір кейпі болар. Аңды атуға болмайды.
Момышбұлақтың үстінде ескі Қаражолдың сұлбасы білінеді. Анау терек ағаштары мол – Талапты ауылы. Еліміздің аймақтарында қаймағы бұзылмаған, тек бір атадан тарайтын рулы ел қоныстанған елді мекендер бүгінгі күнде саусақпен санарлық. Бірақ кездеседі. Ауылда Бəйдібектен өрбіген Шымыр атаның Құли əулеті дара отыр. Бұл да тазалықтың бір нышаны шығар.
Ауылдан шығысқа қарай Мұртазаның қыстауы, қатарлас жатқан Бөдене ескі қыстауларының орындары. Одан əрі жол Ыбырайсайдан оңтүстікке өрлей жөнелді. Солтүстік еңісте жұмақ мекен Алатау ауылы көз тартады. Кезінде Жоңғар шапқыншылығы тұсында қырғыз мекен еткен болар, бір уақыт Шоң Қара аталыпты. Төменде Қызыларық ауылы қарауытады. Иек астында – өмір жолының бір аялдары Сұрым бекеті.
Алатау етегінде Ақсай мен Көксайдың арасындағы Қорым жайылымы мен Керегетас сайы бүгіндері малшылардың мырзалары отыратын мекеніне айналған. Шілденің аптап ыстығында мұнда самал есіп тұрғандықтан, қара күз түскенше жасылға бөленіп тұрғаны.
Ал қырғыздың сызығына енетін Манас шыңы осы маңдағы шыңдар-дың төресі саналады. Мызғымастай тұрпатына, өзгермейтін ақ бас шыңдарына сүйсінбейтін жан жоқ шығар. Талай əңгіменің желісіне арқау болған нағыз Тəңір Шыңы – осы. Бірақ созыла-керілген темір тордың арғы жағы. Өкінішті.
Мына Көксайдың арғы бетінен кезінде Кеңес үкіметі бетон канал жүргізген. Əр ел өзінше шаңырақ көтерген тұста Қырғызда қалыпты. Қырғыз шекарасында болғанымен, төменде егіс алқаптарын суаратын біздің диқандар. Жақын жылдары туындаған екі жақты жағдайларға байланысты канал аңғардың бергі тұсынан қайта салынуы үкіметтік деңгейде шешіліп, қазіргі таңда жаңа канал ел игілігін ақтауда.
Бүгінгі күні Көксай шатқалы тауға құмар оңтүстік өлке жұртының жиі баратын демалыс жайына, шатқал биігіндегі Айнакөлді көрушілердің көптігінен аңғардың аузы туризм орнына айналуда.
Аңғардың аузында «Ақсу Жабағылы» қорығының кардоны орналасқан. Кеш болмай осында жетіп үлгердік. Тау қарауылдарына сапарымыздың мəн-жайын түсіндіріп, келер күнгі таңғы сағат 4:30-да жолға шығатын болып, жақсылап тынығып алуға жайғастық. Осындағы қар басқан шыңдарға бұрын көтерілмегендіктен, келер күнгі саяхатымызға алаңдаудамыз.
Белгіленген уақытта тік көтеріліп, жолға шықтық та кеттік. Жалғызаяқ жол. Бір жағымыз шың да, келесі беті – шыңырау. Теледидардан еліміздің солтүстік аймағында биші қайың шоғырын көрсетіп жатады. Биші қайыңның бір қонысы Көксай аңғарының орта белі екен. Міне, қайыңның сұлулығын осында кездестірдік. Таңғаларлығы, киімге не шаң, не көк жағылмайды. Тылсым табиғат керемет қой. Ағаштар мен өсімдіктердің неше түрлері кездеседі. Суырдың ысқырған дауыстары. Басқа дүниеге енгендей əсермен келеміз. «Таңғажайып» сөзінің мəнісін енді ұққандай болдық. Мұндайды мың естігеннен, бір көрген дұрыс.
Шамамен, алты-жеті сағаттай мөлшерде баяң жүріспен жарқыраған Айнакөлге де жеттік. Теңіз деңгейінен 3 мың метр биіктен жоғары. Аумағы төрт гектарға жуық. Көлдің беті жетімсіреп тұрғандай, тіршілік сезілмейді. Қар еруінен жиналғандықтан, суы өте салқын. Көлдің төменгі жағалауы көкорай шалғын, жазықтық. Бір жайлау қонысына тартады. Қызыл-сары суырлардан мол тіршілік иесі жоқ. Əр тастың асты – қазылған ін. Айнакөлден жоғары мəңгілік мұз құрсанған шың жартастарға дейінгі бес жүз метрдей аралықта қоралы үй қонған көлемге шамалас бес-алты тау қазаншұңқырларында су айдындары жылтырайды. Ең жоғарғысына көтерілгенімде мəңгі мұзды көл алдымнан шықты. Бұл биіктікте мұз бен қардың толық еруіне мүмкіндік жоқ екен.
Өкініштісі, феникс мекенін көргенімізбен, сарыала қазды көре алмадық.
Қырық күнге созылатын шілденің екінші жартысында ғана мұнда жер жіпсіп, шың өсімдіктері тіршілігін жасап қалады екен. Тым қысқа болғанымен, асқақ, паң тіршілік. Айнала көрпе бойы алуан түсті гүлдер. Мұндай ашық түс түрлер төменде кездесе бермейді, тамсандырады. Қызылдың неше түрі, жасылдың түрлері, қою көк дейсің бе, күн түстес сары гүлдер. Бір көруге арман, нағыз жұмақ мекен.
Жоғары қарап отырып, құздардың арасындағы мұздақтардан екі қонжығын ерткен аюды көруге мүмкіндік туды. Міне, керемет. Көзге түсе бермейтін тылсым табиғаттағы жабайы аю. Бұған да шүкірлік айтып, екі жүз метр шамалас оң қапталдағы шың қуысына ендім. Таңғажайып осында екен. Мұз еруінің соңғы күндері болса керек. Көп гүлдердің арасынан Еңлікгүл (Эдельвейс) жарқ ете қалды. Міне, саған гүлдердің асылы. Көрсеткеніңе шүкір. Еңлікгүл адам аяғы жете бермейтін шыңдарда ғана кездеседі. Ертегілерде айтылатын мəңгілік махаббат гүлі.
Аспан үсті, көк кеңістігінің иесі қыран самғауы əсерін сезіндік. Жоғарғы шыңның оңтүстік батыс алқабы өзбек жері де, шығысқа қарай қырғыз таулары. Үш бауырмал елдің түйіскен жері десек те болады.
Аунап-қунап тау лəззатын алған соң бесін шамасында қайтуға жиналдық. Төмен түсіп келеміз. Батысқа созылған Қаратау, биіктен аласа жоталар тізбегі іспеттес.
– Қаздың даусы келе ме? – деді бір кезде саққұлақ Ғани.
Көз салсақ, аспан көкжиегінде кəдімгі жабайы қаз.
– Мұнда қайдан жүр? – деді таңғала Артық.
Оңтүстік батыс көкжиектен ұшып барады. Əлде күнге шағылысып солай көрінді ме. Мүмкін емес. Қаздың түсі сарыала.
– Сарыла қаз – Феникс жайлы əңгімеде аңыз желісіне құралған, өртенсе, күлінен қайта тіріліп кететін сондай əулие құс болады, – дедім.
Аңшы аң-таң.
– Мүмкін сол шығар.
– Иə, мүмкін. Кезінде Шерағаңның төбесінен шырылдап ұшып, Көксай аңғарының аузына дейін шығарып салған Феникс құсы ұрпағының жалғасы болар.
– Құдіреті күшті Жаратушы, сарыала қаз бұл жолы да жападан-жалғыз.
– Оның мекені – тəңірге жақын орын тепкен Айнакөл де жалғыз.