Бесігінде тербелді талай қазақ баласы
Бала тәрбиесі бесіктен басталады. Қазақ үшін бесік – сәбиді жатқызатын ағаш төсек қана емес, ұрпақ тәрбиесімен, салт-дәстүрмен біте қайнасқан қасиетті бұйым. Ғасырлар бойы атадан балаға жалғасып келе жатқан бесік бүгінде де өз маңызын жоғалтқан жоқ. Қазір заман талабына сай бала күтіміне арналған түрлі құралдар көбейіп, жас ата-аналардың таңдауы артты. Соған қарамастан ұлттық нақыштағы бесікке деген сұраныс сақталып отыр. Мұны өз кәсібін осы бағытпен ұштастырып жүрген тараздық шебер Нұрсұлтан Рахыштың еңбегінен де аңғаруға болады.
Нұрсұлтан бесік жасауды 2018 жылы қолға алған. Алғашында бұл істі шағын кәсіп ретінде бастаған шебер уақыт өте келе жұмысының ауқымын кеңейтіп, заманауи талапқа сай жиналмалы бесіктер дайындауға көшкен.
– Бесік жасауға қызығушылығым бұрыннан бар еді. Кейін осы істі кәсіпке айналдыруды қолға алдым. Жұбайым Гүлдерай да үнемі қолдау көрсетіп келеді. Бірде ол қайтарымсыз грантқа қатысуға кеңес берді. Нәтижесінде грант иеленіп, қажетті құрал-жабдықтарымызды толықтыруға мүмкіндік алдық. Бұл біз үшін үлкен қолдау болды, – дейді кәсіпкер.
Шебердің айтуынша, бесік жасау – ағашты өлшеп, кесіп, құрастыра салатын қарапайым жұмыс емес. Әр бұйымның өзіне тән сызбасы, өлшемі, ою-өрнегі болады. Оның үстіне тапсырыс берушінің қалауын да ескеруге тура келеді.
Бұл жұмыста Нұрсұлтанға жұбайы Гүлдерай да көп көмектеседі. Ол Алматыдағы «Сымбат» академиясын дизайнер-тігінші мамандығы бойынша тәмамдаған. Үй жағдайында бесікке қажетті жасау-жабдықтарды тігетін шағын цехы бар.
– Бесікке арналған көрпе-жабдықтарды дайындағанда Гүлдерайдың тәжірибесі көп көмектеседі. Алдымен тапсырыс берушінің қалауын тыңдап, ою-өрнек пен түстерді таңдаймыз. Кейін қажетті өлшемдерді алып, дизайнын әзірлейді. Дайын үлгі бойынша жасау-жабдықтар бір-екі күннің ішінде тігіліп шығады. Осылайша отбасылық кәсіпке айналып отыр, – дейді Нұрсұлтан.
Бүгінде шебердің өнімдерінің басты ерекшелігі – оның жиналмалы болуында. Яғни бесікті қажет болған жағдайда бөлшектеп, арнайы қоржынына салып, басқа жерге алып жүруге болады. Әсіресе көлікпен жиі қатынайтын, сапарға шығатын отбасылар үшін бұл қолайлы.
Бесіктер негізінен МДФ материалынан жасалады. Ағаш бөлшектері арнайы станокта өңделіп, ою-өрнектер компьютерлік бағдарлама арқылы ойылады. Шебер үшін жұмыстың ең жауапты тұсы да осы – бесіктің сызбасын дұрыс әзірлеп, оюдың әр бөлшегін дәл орналастыру.
– Бір бесікті толық дайындауға орта есеппен бір күндей уақыт кетеді. Бірақ оған дейін сызбасын әзірлеу, материалды дайындау, ою үлгісін таңдау сияқты жұмыстар бар. Әсіресе өзіміз ойлап тапқан авторлық оюларды дайындауға көп уақыт жұмсалады. Өйткені бесіктің сыртқы көрінісі әдемі болғанымен, оның ең басты талабы – берік әрі қауіпсіз болуы, – дейді ол.
Шебер ұлттық нақышты да назардан тыс қалдырмайды. Бесіктің дәстүрлі құрылымына тән негізгі ерекшеліктер сақталады. Түбек пен шүмекке арналған орындары қарастырылып, өлшемдері де қалыптасқан талаптарға сай жасалады. Ұлттық ою-өрнектер арқылы әр бесікке өзіндік сипат беруге тырысады.
Қазір тұмар, этно, дәстүрлі және мұсылмандық нақыштағы бесіктерге сұраныс бар. Әр оюдың мәніне де мән беріледі. Шебердің пайымынша, бесіктің сыртқы безендірілуі оның ұлттық сипатын айқындап қана қоймай, ата-ананың балаға деген ізгі тілегін де білдіреді.
Кәсіпкер үшін сапа бірінші орында. Өйткені бесік – сәби күн сайын жататын орын. Сондықтан оның мықтылығы мен қауіпсіздігіне ерекше мән береді. Бұған қоса бесікке арналған ортопедиялық матрастарды да қолдан тігеді.
Балаға бесіктің пайдасы туралы сөз болғанда, шебер медициналық кеңестен гөрі ата-ананың дұрыс күтіміне басымдық беретінін айтады. Оның пікірінше, бесік баланың денесін дұрыс қалыпта ұстауға мүмкіндік беретін жайлы орын болуы керек. Ал сәби денсаулығына қатысты қандай да бір мәселе болса, міндетті түрде дәрігердің кеңесін алған жөн.
Нұрсұлтанның жоспары да ауқымды. Ол бесік жасаумен ғана шектелмей, өнім түрлерін көбейтуді көздеп отыр. Соның бірі – бесік-манеж. Сонымен қатар ұлттық нақыштағы бұйымдарды шетелдік нарыққа шығаруды жоспарлап отыр. Қазақ бесігіне деген қызығушылық ел ішінде ғана емес, шетелде де байқалады. Шебердің айтуынша, оның қолынан шыққан бұйымдарға сырттан тапсырыс беріп, қызығушылық танытатындар бар.
Ұлттық құндылықты кәсіппен ұштастырған Нұрсұлтан үшін бұл жұмыс – табыс көзі ғана емес, атадан қалған дәстүрді жалғастырудың бір жолы. Заманауи үлгі мен ұлттық сипаттың үйлесуі де осыдан көрінеді. Бәлкім, уақыт өте оның қолынан шыққан бесіктер алыс елдердегі қазақ отбасыларының шаңырағынан орын алар. Ең бастысы, бесікпен бірге ұрпақ тәрбиесіне қатысты ұлы ұғым да бірге жалғаса бермек.