Құрылтай

Қара шаңырақтың қасиетін сақтаған әулет

0 12

«Отан – отбасынан басталады» деген сөзді біз жиі айтамыз. Бірақ оның салмағын, шын мағынасын бір әулеттің өмір жолына үңілгенде тереңірек сезінетіндейміз. Өйткені отбасы – адамның дүниеге келген мекені ғана емес, оның мінезі қалыптасып, өмірлік ұстанымы орнығатын қасиетті орта. Әкенің маңдай тері, ананың мейірімі, баланың алғашқы қадамы, тұңғыш қуаныш, алғашқы арман – бәрі де осы шаңырақтың қабырғасында қалыптасады. Жылдар өте келе сол қарапайым күндердің өзі сағынышқа айналып, ата-ананың әрбір сөзі, әрбір ісі ұрпақ үшін баға жетпес мұра болып қалады.

Свердлов (қазіргі Байзақ) ауданында дүниеге келген Қоқан Әзімұлы мен Тұрсынай Шайнусқызының өмір жолы – осындай отбасылық құндылықтарды бойына жинаған тағылымды ғұмырдың бірі. Олардың ғұмырнамасында өткен ғасырдың талай белесі, ел басына түскен ауыр кезеңдер, тылдағы тынымсыз еңбек, бала тәрбиесі, білімге деген ұмтылыс, ағайын арасындағы татулық пен ата-ананы ардақтау секілді ұғымдардың бәрі тоғысып жатыр. Ең бастысы, бұл екі адамның артында өзара сыйластықты ту еткен, бірлігін жоғалтпаған, тамыры тереңге кеткен үлкен әулет қалды.

Бүгінде Қоқан ата мен Тұрсынай апаның шаңырағы үлкен әулетке айналып отыр. Олардың ұл-қыздары, немере-шөберелері ата-анадан қалған өнегені жалғап келеді. Қара шаңырақтың түтінін түтетіп, бір-біріне іргелес отырған Батырбек, Қуатбек және Мұратбек сынды үш ұлдың арасындағы татулық – кезінде әке мен ананың жүрегінде болған үлкен арманның орындалғанын көрсетеді. Бірінің қуанышын бірі бөлісіп, бірінің басына түскен ауыртпалыққа екіншісі сүйеу болып отырған ағайынның берекесі – ата-ананың балаға қалдырған ең асыл мұраларының бірі.

Қоқан атаның есімінің өзі де осы әулеттің тарихымен сабақтасып жатыр. Ол 1921 жылы дүниеге келген. Сол жылдары Өзбекстаннан Верный қаласына қарай жол тартқан Әзімнің әкесі Бердияр, Бердиярдың әкесі Алтынсары, Алтынсарының әкесі Мадияр атаның ұрпақтары жолай Әзімнің шаңырағына ат басын бұрады. Бұл кезде Әзімнің үйінде бесікте жатқан сәби бар еді. Жолаушылар баланың атын сұрайды. Сонда Әзім ата оның өзінің ұлы екенін айтып, Дүйсенәлі деп таныстырады. Алайда жолаушылар Мадиярдан тараған әулеттің ұрпағы екенін, ата-тегінің ел билеген, текті әулет болғанын айтып береді.

Сонда жолаушылар бесіктегі сәбиге сүйсіне қарап, «Мадиярдың ұрпағы болса, ел билеген текті әулеттің жалғасы екен. Аты Қоқан болсын» деген ниет білдіреді. Бұл есімді олар жайдан-жай қоймаған екен. Болашақта елге сөзі өтетін би болсын, би болмаса да, ел қатарлы шаңырақ көтеріп, үйдің иесі болсын деген ақ ниетпен, жақсы ырымға балап, сәбиге Қоқан деген атты берген екен. Осылайша бесіктегі балаға қойылған Қоқан есімі кейін бүкіл ғұмырына айналып, ел-жұрты оны осы атымен танып, Қоқан ата атап кеткен. Тіпті дүниеден озған кезінде азан шақырып қойылған атымен жерленгенімен, кейінгі ұрпақтың жадында ол Қоқан ата болып қалды.

Адамның аты кейде оның өмір жолымен бірге мағынаға ие болады. Қоқан деген ат та уақыт өте келе бір әулеттің ғана емес, сол әулеттің үлкеніне айналған азаматтың қадірлі атына айналды. Бесікте жатқан кезінде берілген есімнің салмағын ғұмырымен ақтағандай. Ол адал еңбекті серік етіп, бала тәрбиесін өмірінің басты мұратына айналдырды. Артында жеті перзент, одан тараған немере-шөбере, бірлігі жарасқан үлкен әулет қалды.

Қоқан Әзімұлы еңбекке ерте араласты. Жамбыл нан зауытында қатардағы жұмысшы болып бастаған еңбек жолы оны өндірістің жауапты басшыларының біріне дейін жеткізді. Еңбекке деген табандылығы, іскерлігі мен істің көзін таба білетін қабілеті оны зауыт меңгерушісі дәрежесіне көтерді. Бірақ оның өмірі тек қызмет пен тұрмыстың қалыпты арнасынан тұрған жоқ. Ел басына күн туған Ұлы Отан соғысы жылдарында оның да жүрегі майданға тартты. Ер-азаматтың бәрі қолына қару алып, ел қорғауға аттанып жатқанда, Қоқан Әзімұлы да майданға сұранып, бірнеше рет өтініш береді. Алайда өндірістің аса маңызды саласында еңбек етіп жүрген білікті маманға брон беріліп, оны тылда қалдырады.

Мұны Қоқан алғашында ауыр қабылдағаны анық. Өйткені ол Отан қорғауды әр азаматтың қасиетті парызы деп түсінген буынның өкілі еді. Бірақ тағдырдың салғанына мойымай, өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқаруды таңдады. Майдандағы жауынгердің ерлігі қандай болса, тылдағы еңбеккердің де еңбегі сондай қажет екенін түсінді. Өндірісті тоқтатпау, елге қажетті өнімді шығару, күн-түн демей жұмыс істеу – сол кезеңдегі Отан алдындағы азаматтық борыштың бір көрінісі еді.

Осылайша Қоқан ата қолына қару ұстап майданға аттанбаса да, тылдағы тынымсыз еңбегімен ел жеңісіне өз үлесін қосты. Оның өміріндегі осы кезең кейінгі ұрпаққа «әркім өз орнында адал еңбек етсе, елге қызмет еткені» деген үлкен өнеге болып қалды.

Өмірдің өзі кейде адамға ең үлкен сыйын күтпеген жерден жолықтырады. Қоқан ата да еңбек етіп жүрген жылдары өмірлік жары Тұрсынай Шайнусқызымен танысады. Екі жас 1942 жылы шаңырақ көтеріп, тағдырларын бір арнаға тоғыстырады. Сол күннен бастап олардың қуанышы да, қиындығы да ортақ болды.

1926 жылы облысымыздағы Бектөбе ауылында дүниеге келген Тұрсынай Шайнусқызы бар ғұмырын отбасының берекесіне, бала тәрбиесіне арнады. Қоқан ата екеуі төрт қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірді. Жеті баланың тағдырын арқалап, олардың әрқайсысының болашағына алаңдау – бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, үлкен жүректің ғана қолынан келетін іс еді.

Қоқан ата сырттағы ауыр жұмысты мойнына алса, Тұрсынай апа шаңырақтың ішкі жылуын сақтады. Бірі отбасының нәпақасын маңдай терімен тапса, екіншісі отбасының берекесін кіргізіп, балаларын тәрбиеледі. Үйдің үлкені мен кішісін жарастырып, бір-біріне бауыр етті. Екеуінің еңбегі бір арнаға тоғысып, жеті баланың болашағына жол ашты.

Қоқан атаның өміріндегі ең үлкен армандардың бірі балаларының жоғары білім алуы еді. Өзі жоғары оқу орнын тәмамдай алмағандықтан, дипломның жоқтығының адам алдынан кейде тосқауыл болып шығатынын жақсы білді. Сондықтан ол өз басынан өткен қиындықты балаларының қайталауын қаламады. Балаларының білім алуын, жақсы маман болуын мақсат етті. «Менің мақсатым – балаларымды оқытып, жақсы маман ету», деген сөзі оның өмірлік ұстанымына айналды.

Әке арманының орындалуына ана да бар күшін салды. Балаларының сабағына көңіл бөліп, жоғары білім алуына жағдай жасады. Студент кезінде де олардың жағдайын ойлап, қолынан келген көмегін аямады. Ата-ананың маңдай тері мен ақ тілегі ақыры өз жемісін берді. Жеті баланың бәрі жоғары білім алып, әртүрлі саланың білікті маманы атанды.

Бұл – Қоқан ата мен Тұрсынай апаның еңбегінің ең үлкен нәтижесі еді. Олар балаларына дүние жинап беруді емес, білім беруді мұрат етті. Дүние бір күндік екенін, білім мен тәрбие ұрпақтан ұрпаққа жалғасатын мұра екенін жақсы түсінді.

Үлкен қызы Мавра Қоқанқызы Жамбыл технологиялық институтын бітіріп, елге елеулі еңбек сіңірді. Отбасында Мәуреш деп еркелетілген ол Атырау қаласындағы автобасқармада басшысы, қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, құрылыс, сәулет және қала құрылысы салаларында басшылық қызметтер атқарып, өз ортасында абыройлы маман ретінде танылды. Оның өмір жолы ата-ананың берген тәрбиесі мен білімге деген ұмтылысының жемісі еді.

Өкінішке қарай, елге қызмет етіп, ұрпағын өсіріп отырған шағында Мавра Қоқанқызы 75 жасында дүниеден өтті. Артында ұл-қызы, жақсы аты мен елге сіңірген еңбегі қалды.

Жұмакүл есімді екінші қыздары да Шымкент қаласында қызмет етіп, автобасқармада бас бухгалтер болды. Алайда тағдырдың жазуымен жол апатынан мезгілсіз қаза тапты. Артынша кенже қыздары Бақыткүл де өмірден ерте озып, ата-ананың жүрегіне жазылмас жара салды. Екі аяулы қыздың ғұмыры қысқа болғанымен, олардың жарқын бейнесі туған-туыстарының жадында мәңгі сақталды. Ағайынның жүрегінде орны бөлек болған төрт әпкеден бүгінде Ботакөз ғана орталарына аман жетіп отыр. Ол Атырауда тұрады, мамандығы – дәрігер.

Ата-ана үшін баланың маман болуы – бір жетістік. Бірақ одан да үлкен жеңіс бар. Ол – балаларының бір-біріне деген бауырлығын сақтап қалу. Тұрсынай апа мұны жақсы түсінді. Сондықтан ол үш ұлы – Батырбек, Қуатбек және Мұратбектің бір-бірінен алыстамай, қара шаңыраққа жақын отырғанын қалады. Тіпті қара шаңырақтың жанындағы екі үйді сатып алып, балаларына баспана салып берді. Ана жүрегінің тілегі біреу еді: балалары бір-біріне жақын болсын, қиындықта сүйеу, қуанышта тілекші болсын.

«Бірлік бар жерде тірлік болады. Бірге тұрсаңдар, ынтымақтарың ажырамайды», – деген сөзді Тұрсынай апа балаларына жиі айтып отырған. Бұл сөз жай ғана ана өсиеті болып қалмады. Бүгінде сол сөздің өмірдегі шындығын осы әулеттің тіршілігінен көруге болады. Үш ағайындының үйлері қатар. Бір-бірінің қуанышын бөліседі, қажет кезде қолдау көрсетеді. Балалары бір-біріне бөтен болып өскен жоқ. Немерелері де туыстықтың қадірін біліп келеді.

Уақыт өзгергенімен, ана өсиеті өзгерген жоқ.

Тұрсынай апаның келін ретіндегі өнегесі де бөлек әңгімеге арқау боларлық. Ол Қоқан атаның анасы Қалампыр әжеге келін болып түсіп, қартайған шағында ерекше күтім көрсетті. Өз балаларының тәрбиесімен қатар, ененің көңілін тауып, үлкеннің батасын алды. Бұл – қазақы тәрбиенің ең асыл үлгілерінің бірі. Қазақта келіннің қадірі оның үйге кірген күнінен емес, сол шаңыраққа сіңірген еңбегімен өлшенген. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізет білдірген келін елдің батасын алады. Тұрсынай апаның ғұмыры да осы ұстанымнан алшақ болған жоқ.

Қоқан ата мен Тұрсынай апаның ғұмыры ұзақ болды. Егер бүгінде ортамызда болғанда, Қоқан Әзімұлы 105 жасқа, Тұрсынай Шайнусқызы 100 жасқа толар еді. Қоқан ата өмірден бұрын озды. Ал Тұрсынай апа 95 жас жасап, ұрпағының қызығын көріп барып мәңгілік мекеніне аттанды.

Анасының бақилық болғанына биыл бес жыл болыпты. Бес жыл – күнтізбе үшін аз уақыт болуы мүмкін. Бірақ анадан айырылған бала үшін уақыт сағынышты өшіре алмайды. Керісінше, жыл өткен сайын ананың қарапайым ғана сөзі, үйдегі жүріс-тұрысы, дастарқан басындағы отырысы, балаға айтқан ақылы сағыныш болып оралады.

Мұратбек аға анасының соңғы жылдарында ұрпағының өсіп-өнгенін көріп кеткенін үлкен жұбанышпен айтады. Шөпшегінің алақанынан май жеп, ұрпағының қызығын көру – ана үшін үлкен бақыт. Бір кездері жеті баласын жетелеп, олардың мектепке барғанын, студент болғанын, қызметке тұрғанын көрген Тұрсынай апа өмірінің соңында сол балалардан тараған ұрпақтың қызығына да куә болды.

Адам ата-анасының қадірін кейде олар жанында жүргенде толық сезіне бермейді. Күнделікті тіршілік, жұмыс, бала-шаға, тұрмыстың күйбеңі адамды алға жетелейді. Әке мен ана қасымызда мәңгі жүретіндей көрінеді. Бірақ бір күні үйдегі таныс дауыс естілмей, төрдегі орын бос қалады. Сонда ғана адамның жүрегінде бір үлкен сағыныш пайда болады.Ата-ананың орны ештеңемен толмайтынын сонда түсінесің.

Қоқан ата мен Тұрсынай апаның балалары да бүгінде ата-ананың қадірін жүректерімен сезініп отыр. Сондықтан олардың есімдерін жаңғыртып, рухтарына Құран бағыштап, ас беруді ұйғарған. Бұл – өткенге тағзым ғана емес, кейінгі ұрпаққа көрсетілген өнеге. Өйткені ата-ананы еске алу – олардың есімін ғана еске алу емес. Олардың өмір сүрген жолын, көрген қиындығын, жасаған еңбегін, айтқан өсиетін ұмытпау. Ал ұмытпау – аманатты сақтау.

Қоқан атадан қалған аманат – адал еңбек, қайсарлық, жауапкершілік. Тұрсынай ападан қалған өсиет – бірлік, бауырмалдық, мейірім. Бірі балаларына білімнің жолын көрсетсе, бірі ағайынның жолын жақындатты. Бірі шаңырақтың тірегіне айналса, бірі сол шаңырақтың шырағын жақты.

Бір отбасының тарихына үңілгенде, кейде тұтас бір дәуірдің тынысын сезінесің. Қоқан ата мен Тұрсынай апаның ғұмырынан да өткен ғасырдың талай белесін көруге болады. Соғыс жылдарындағы тыл еңбегі, соғыстан кейінгі ауыр тұрмыс, бала тәрбиесі, білімге ұмтылыс, қызмет жолындағы сынақтар, ата-ананы ардақтау, ағайын арасын сақтау – бәрі бір әулеттің тарихында тоғысып жатыр.

Бүгінде Қоқан ата мен Тұрсынай апаның балалары өздері де жас емес. Кеше ғана әке мен ананың тәрбиесін көрген ұрпақ бүгінде немере сүйіп, кейінгі буынға бағыт-бағдар беріп отыр. Өмірдің заңдылығы да осы шығар. Ата-анадан балаға, баладан немереге, немереден шөбереге жалғасқан өнеге ешқашан үзілмеуі керек.

Адам өмірден өтеді. Бірақ оның жақсы аты, артында қалдырған тәрбиесі мен өнегесі өмір сүре береді. Қоқан ата мен Тұрсынай апаның есімі де ұл-қыздарының жүрегінде, немере-шөберелерінің жадында сақтаулы. Қара шаңырақтың түтіні түзу шығып, ағайынның арасындағы байланыс үзілмей тұрса, бұл – ата-ананың еңбегінің ақталғаны.

Қазақ «Әке – асқар тау, ана – бұлақ, бала – жағасындағы құрақ» дейді. Бұл сөздің мәні Қоқан ата мен Тұрсынай апаның өмірінен анық көрінеді. Әке – отбасының қорғаны болды. Ана – шаңырақтың жылуын сақтады. Балалары сол тәрбиені бойына сіңіріп, өмірден өз орындарын тапты. Ең бастысы – олар ата-ананың еңбегін дүние-мүлікпен емес, татулықпен, біліммен, адамдықпен ақтады.

Енді сол әулет ата-анасының рухына тағзым етіп, Құран бағыштап, ас бермек. Бұл – жай ғана дастарқан басына жиналу емес. Бұл – өткенге тағзым, бүгінге шүкіршілік, келешекке аманат.

Қоқан Әзімұлы мен Тұрсынай Шайнусқызының ғұмыры – бір отбасының тарихынан әлдеқайда биік. Бұл – адал еңбектің, балаға берілген білімнің, ананың мейірімінің, әкенің табандылығының, ағайын арасындағы бірліктің тарихы.

Уақыт өтеді. Адамдар өзгереді. Ұрпақ жаңарады. Бірақ жақсыдан қалған өнеге өлмейді. Қоқан ата мен Тұрсынай апаның ең үлкен байлығы – артында қалған ұрпағы. Олардың ең үлкен жеңісі – балаларының білім алып, ел қатарлы қызмет етуі ғана емес, бір-бірінен алыстамай, ағайынның қадірін сақтауы. Ал ең үлкен мұрасы – қара шаңырақтың шырағын сөндірмей, бірліктің отын өшірмей келе жатқан ұрпағы. Атадан қалған ең қымбат мұра – дүние емес, өнеге. Анадан қалған ең асыл аманат – бірлік. Сол өнеге мен аманатты жүрекке сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу – әр перзенттің парызы.

Қоқан ата мен Тұрсынай апаның рухтары разы болғай. Жатқан жерлері жайлы, топырақтары торқа болсын. Ал олар іргесін қалаған қара шаңырақтың түтіні түзу шығып, ұрпағының ырысы мен ынтымағы арта берсін.

Өйткені отбасы – адамға берілген алғашқы мектеп. Ал сол мектептен алған тәрбие – ғұмыр бойы бірге жүретін ең қымбат сабақ.