Жаздық үйде ашық от жағуға тыйым салынады

0 8

Өрттердің көпшілігі адамдардың отқа салғырт қарауынан туындайтыны белгілі. Сондықтан өзіңді, жақындарыңды және үйіңді өрттен қорғау үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтау қажет. Ең бастысы – барлық нәрсе өзімізге байланысты екенін есте ұстау. Сол себепті азаматтарды табиғатты сақтау, қоршаған ортаның қауіпсіздігіне үлес қосу және төтенше жағдайлардың алдын алу шараларын орындауға шақырамыз.

От қатал, ал оған салғырт қарау ең болжанбайтын зардаптарға әкелуі мүмкін. Өрттің алдын алу, өмір мен мүлікті қорғау мақсатында үйде тез тұтылатын және жанғыш сұйықтықтарды жинақтамау қажет. Кіші жастағы балаларды қараусыз қалдырмау, оларға электроқыздырғыш құралдарды қосуға немесе газ жағуға рұқсат бермеу маңызды. Үйден шыққанда электр құрылғыларын өшіруді әдетке айналдыру керек.Өрттің алдын алу үшін үй ауласын құрғақ шөп пен қоқыстан тазалау қажет, отты тек арнайы белгіленген жерлерде жағу керек. Сонымен қатар табиғатқа шыққанда өрт сөндіру құралдарын – су, өрт сөндіргіш, күрек сияқты құралдарды алып жүру керек.

Қазіргі таңда үйдің маңында немесе жаздық үйде ашық от жағуға тыйым салынады. Егер мангал немесе гриль қолданылатын болса, жанында кемінде 2 кг көлемінде өрт сөндіргіш немесе 10 литр су болуы тиіс. Сонымен қатар, құрғақ шөп пен ағаштардан алшақ орналастыру, құрылғыларды ғимараттардан кемінде 10 метр қашықтықта қою қажет.

Бұл ережелерді орындамау айыппұл салуға әкеп соғуы мүмкін. Бірінші рет – бес айлық есептік көрсеткіш, қайталанғанда – 10 АЕК. Егер абайсыздық салдарынан өрт болып, адамдар немесе басқа мүлікке 50 АЕК-тен асатын залал келсе, айыппұл – 10 АЕК.

Өрттің алғашқы белгісін байқасаңыз, дереу «101» немесе «112» телефондарына хабарласып, өрт туралы хабарлаңыз.