Тың технология – диқанға тірек

0 13

Мемлекет басшысының егіс науқанын уақтылы әрі сапалы өткізу жөніндегі тапсырмасы аясында елімізде «Кең дала 2» бағдарламасы іске асырылуда. Ауылшаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биыл көктемгі дала және егін жинау жұмыстарына 750 миллиард теңге бағыттау жоспарланған. Ауылшаруашылығы тауар өндірушілері үшін түпкілікті сыйақы мөлшерлемесі жылдық бес пайызды құрайды.

Бүгінгі күні республикамызда 4,5 мың ауылшаруашылығы тауар өндірушісі 612 миллиард теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып үлгерген. Бұл 7,2 миллион гектар егіс алқабын қамтып отыр. Сонымен қатар «Даму» қоры арқылы несиелерге кепілдік беру тетігі қатар қолға алынуда. Бұл тетік несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік беруге мүмкіндік береді. Есепті кезеңде 191 миллиард теңгеге 1125 кепілдік берілген.

Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Әбдірәсіл Желеубаевтың айтуынша, биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыру үшін, «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы «Кең дала» және «Кең дала 2» бағдарламалары аясында облысқа 7 миллиард теңге қаржы қарастырылмақ. 2026 жылғы көктемгі дала жұмыстарын қаржыландыруға өтінімдер 2025 жылдың қараша айынан бастап қабылданған. Бүгінде 200 шаруадан 6,3 миллиард теңгеге өтінім түсіп, 177 шаруаға 5,1 миллиард теңге қаражат 5 пайыздық несиемен берілген. Өткен жылы барлығы 209 шаруаға «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 4,9 миллиард теңге несие берілген екен.

Бұдан бөлек, бүгінде ауылшаруашылығы техникасын жаңарту қарқын алған. Мәселен, агроқұрылымдар тарапынан 114 миллиард теңгеге 2,9 мың  арнайы техника жеткізуге 1,8 мың жеңілдетілген лизинг шарты жасалған. Салыстыру үшін айтсақ, 2025 жылдың осы кезеңінде лизинг келісімдерінің көлемі 30,4 миллиард теңгені құраған, бұл саланы жаңғыртудың айтарлықтай қарқынды екенін айғақтайды. Қаржыландырудың ерте басталуы аграршыларға биылға егіс науқанына алдын ала дайындалуға жол ашты. Алынған қаражат жанар-жағармай материалдарын тиімді бағамен сатып алуға, минералды тыңайтқыштар алуға, ауыл шаруашылығы техникасын жөндеуге және қажетті тұқым қорын қалыптастыруға бағытталуда.

Жеңілдетілген қаржыландыру көктемгі дала жұмыстарын дайындау мен өткізуге, сондай-ақ егін жинау науқаны мен маусымдық шығындарды жабуға қолжетімді болмақ. Қаражат «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамының филиалдық желісі арқылы, сондай-ақ екінші деңгейлі банктер, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар, өңірлік инвестициялық орталықтар және басқа да ұйымдар арқылы ұсынылуда.

Ал көктемгі дала жұмыстарына келетін болсақ, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының мәліметінше, биылғы егіс алқаптарының жалпы көлемін өткен жылмен салыстырғанда 25,5 мың гектарға ұлғайтып, 665,4 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Оның ішінде дәнді және дәнді бұршақты дақылдарды 378,3, майлы дақылдарды – 44,3, қант қызылшасын – 8,5, картопты – 8,8, көкөністерді – 28,9, бақша дақылдарын – 9,7, мал азығы дақылдарын 186,7 мың гектарға орналастыру көзделген.

– Биылдан бастап «Ислам даму банкінің» қаржыландыруымен облыстағы 71 каналға жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осыған байланысты суды қажет ететін көкөніс дақылдары 2,1 мың гектарға қысқарып, жалпы алаңы 28,9 мың гектарға, бақша дақылдарының алаңы 3 мың гектарға қысқартылып, жалпы алаңы 9,7 мың гектарға орналастыру жоспарланып отыр. Облыстағы каналдардың суару алаңы 24,9 мың гектарды құрайды, жалпы ұзындығы 421,4 шақырым. Нақтырақ айтсақ, Байзақ ауданында 17 канал, жалпы ұзындығы 69,8 километр, Меркі ауданында бір канал, ұзындығы 9,3 километр, Сарысу ауданында 10 канал, ұзындығы 62,1 километр, Талас ауданында бір канал, ұзындығы 4,8 километр, Шу ауданында 42 канал, жалпы ұзындығы 275,5 километр. Дегенмен, биылғы жылы басымдық өңірде орналасқан қайта өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етуге берілетін болады. Дәндік жүгері дақылының алаңы 11,8 мың гектарға артып, жалпы алаңы 30 мың гектарға жеткізіледі. Нәтижесінде жиналатын өнім көлемі өткен жылмен салыстырғанда 109 мың тоннадан 210 мың тоннаға дейін артуы күтілуде. Биыл қант қызылшасы 1,9 мың гектарға артып, 8,5 мың гектарға орналастырылады. Одан 450 мың тонна қант қызылшасын жинау жоспарлануда, – дейді Әбдірәсіл Серікұлы.

Көктемгі дала және егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін шаруалардан түскен өтінімдерге сәйкес 27,4 мың тонна дизель отыны қалыптастырылған. Көктемгі дала жұмыстары үшін 18,2 мың тонна болса, күзгі дала жұмыстарына 9,2 мың тоннасы арналған. Басқарма басшысының айтуынша, көктемгі дала жұмыстарына Энергетика министрлігі тарапынан облысқа мұнай өңдеуші зауыттардың қуаттылығына қарай 15,9 мың тонна дизель отыны бөлінген. Оны Байзақ ауданында «Тараз VIP сервис», Жамбыл ауданында және Тараз қаласына «SAMOIL», Жуалы ауданында «Ақ қайың», Қордай және Мойынқұм аудандарында «КазснабГрупп», Меркі мен Т.Рысқұлов аудандарында «WeDo Energy» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері үлестіруде. Ал Сарысу ауданында «Сарыпбекова Мария Кумисбековна» жеке кәсіпкерлігі, Талас ауданында «ТАҢ», Шуда «Шу мұнай өнімдері» ЖШС таратуда. Биылғы жылы жанар-жағармай шаруалар үшін босату бағасы 1 литрі 281 теңге болып бекітілген. Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге шекті баға нарықтағыдан 15 пайызға төмен, нарықтық баға 330-335 теңгені құрайды. Мұнай өңдеуші зауыттар мен өңірлік операторлар арасындағы келісімшарт жасасу жұмыстары жүргізіліп, 5,5 мың тонна дизель отынына қаражат төленген. Бүгінгі таңда бөлінген көлемнің 3,2 мың тоннасы облысымызға жеткізіліп, 1,9 мың тоннасы облыс агроқұрылымдарына таратылған.

Мол өнім алу үшін жерге минералды тыңайтқыштарды ендіру маңызды. Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүзеге асырылған. Басқарма басшысының сөзінше, биыл 665,4 мың гектар алқапқа 109,7 мың тонна минералды тыңайтқыш ендіру жоспарланған. Биыл минералды тыңайтқыштардың құнын субсидиялау бағдарламасына 2,5 миллиард теңге бөлінген. Бұл органикалық тыңайтқыштарды қоспағандағы бөлінген қаражат. Аталған қаражаттың 664,7 миллион теңгесі өткен жылдан күту парағына түскен өтінімдерге төленіпті. Қалған 1,8 миллиард теңге көктемгі дала жұмыстары барысында, шаруалар үшін тыңайтқыштар алу механизмі ретінде қолайлы аванстық төлемдер түрінде отандық «ҚазАзот» және «Қазфосфат» кәсіпорындарына аударылатын болады.

– Бүгінгі күні шаруалар тарапынан 21,9 мың тонна минералды тыңайтқышқа келісімшарт жасалған. Оның 14,1 мың тоннасы жөнелтіліп, 64,4 мың гектар алқапқа сіңірілген. Осы жұмыстардың арқасында көктемгі дала жұмыстары кезінде ауылшаруашылығына қажетті тыңайтқыштарды уақытында алу қамтамасыз етіліп, егіс науқанының тиімді және дұрыс өтуіне мүмкіндік беріледі. Көктемгі дала жұмыстарына 10,7 мыңға жуық ауыл шаруашылығы техникасы жұмылдырылады. Атап айтсақ, 5447 трактор, 1032 соқа, 562 қопсытқыш, 645 дәнсепкіш, 79 тұқым дәрілегіш және 2920 басқа да техника бар. Техника паркін жаңарту мақсатында биылғы жылы өздігінен жүретін ауылшаруашылығы техникасының жаңару жоспарын 8 пайызға жеткізу көзделуде. Бүгінгі күні жаңа 62 техника сатып алынып, жаңару көрсеткіші бір пайызға орындалды. Оның ішінде екеуі комбайн, 60-ы трактор бар, – деді облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Болат Сағынбеков.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы берген мәлімет бойынша, биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты көктемгі дала жұмыстары былтырғы жылмен салыстырғанда кеш басталған. Бүгінгі күні 106,1 мың гектар алқап жыртылған. Сонымен қатар, дақыл себуге 154 мың гектар жер дайындалған. Негізі 365,7 мың гектарға дақыл себу жоспарланған, қазіргі уақытта 42,1 пайызы орындалып отыр. 110,6 мың гектар алқапқа жаздық дақылдар орналастырылыпты. Жоспар 365,7 мың гектар деп көзделген екен, 30,3 пайызы қазіргі уақытта жүзеге асырылған. Нақтырақ айтқанда, 94,2 мың гектар алқапқа жаздық масақты дақыл, яғни арпа, 8,5 мың гектарға көпжылдық шөп, 6,2 мың гектар алқапқа көкөніс дақылдары, 96 гекар алқапқа бақша дақылдары, 951 гектар алқапқа картоп және 395 гектарға қант қызылшасы себілген.

– Бүгінгі күні шаруаларға қойылып отырған талап, ағын суды тиімді пайдалану. Транс шекаралық өзендерді айтпағанда, егіс алқаптарында жаңа технологияны енгізу соңғы жылдары жақсы жолға қойылып келеді. Мәселен, өткен жылы шаруалар тарапынан 11 мың гектар алқапқа су үнемдеу технологиясы енгізіліп, ол 66,5 мың гектар алқапқа жетті. Оның ішінде 44,6 мың гектары тамшылатып, 19,3 мың гектар жаңбырлатып ылғалдандырылды.  2,6 мың гектар лазерлік жоспарлаушымен қамтамасыз етілді. Су үнемдейтін суару технологиясын енгізу мақсатында 50 пайыз көлемінде субсидия қарастырылған. Биыл аталған бағытқа 11,7 миллиард теңге бөлініп отыр. Бөлінген қаражат есебінен 2024- 2025 жылдардан қалған берешектер өтеліп, қалған қаражатпен жаңадан 10 мың гектардан астам алқапқа су үнемдеу технологиясын енгізіп, жалпы көрсеткішті 76,6 мың гектарға жеткізу жоспарлануда. Сонымен қатар ағын су тапшылығын азайту мақсатында 11 мың гектар алқап ұңғыма арқылы суландырылуда және одан әрі аталған бағытта жұмыстар жалғасатын болады. Сонымен қатар 2027 жылы бөлінетін 11,6 миллиард теңге қаражат есебінен 27 мың гектарға, ал 2028 жылы бөлінетін 14,3 миллиард теңге қаражат есебінен 33 мың гектарға су үнемдеу технологиясын енгізе отырып, үш жыл ішінде су үнемдеу технологияларын 137 мың гектарға дейін жеткізу жоспарлануда. Нәтижесінде жыл сайын 234 миллион текшеметр су үнемделетін болады. Әрине, жерүсті сумен қамтуда біршама қиындықтар болуы мүмкін. Осыған байланысты, Талас, Шу және Байзақ аудандарында жерасты суын пайдалану арқылы 43,2 мың гектар алқапта пилоттық жобаны іске асыру жоспарлануда, – дейді басқарма басшысы Әбдірәсіл Желеубаев.