Робот жүргізген байқау

0 4

Жақында ерекше бір шығармашылық байқау өтті. Дәстүр мен технологияны тоғыстырған іс-шараны жасанды интеллект – робот жүргізді.

Облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының қолдауымен облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы ұйымдастырған «Жамбыл Жабаев бүгін Instagram-да не туралы жазар еді?» атты байқау заманауи цифрлық технологияны дәстүрлі мәдени мұрамен үйлестіру мақсатында өткізілді. Іс-шара Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2026 жылды Жасанды интеллект жылы деп жариялау бастамасымен үндесіп, көрермендерге жаңа форматтағы өнер мен білімді таныстыруға бағытталды.

Байқаудың ең ерекше тұсы – жасанды интеллект негізіндегі «Темірбек» атты робот жүргізушінің қатысуы болды. Робот қатысушылар мен көрермендерге іс-шара барысын таныстырып, шығармашылық көріністерді жан-жақты жеткізді. Сондай-ақ іс-шара аясында кітап көрмесі, робототехника көрмесі ұйымдастырылды, «Брайль» қарпіндегі басылымдардың тұсаукесері жасалды. Әуеде дрон арқылы ақын портреттері көрсетіліп, Жамбыл мен Құлмамбет айтысының жаңа форматтағы сахналануы ерекше әсер қалдырды.

Байқауға өңірдің түрлі оқу орындары мен мәдени мекемелерінен 30-ға жуық жұмыс ұсынылды. Қазылар алқасы шығармалардың мәнін бағалап, дараларын анықтады. І орынды «Әлем» кәсіби білім беру колледжінің кітапханашысы Жақсымбетова Гүлсім, ІІ орынды  «IT» мамандандырылған лицейінің оқушысы Бейсен Едіге, ІІІ орынды Жамбыл аудандық зағип және көзі әлсіз көретін азаматтар бөлімінің кітапханашысы Үркімбаева Айгерім иеленді. Сонымен қатар, «Үздік визуал», «Юмор», «Әдеби сын», «Ой ұшқырлығы» аталымдары бойынша жеңімпаздар марапатталып, арнайы сыйлықтар табысталды. Қалған қатысушыларға Алғысхаттар берілді.

Бұл іс-шара жасанды интеллект пен дәстүрлі мәдениетті үйлестіру арқылы көрерменге жаңа форматтағы әсер сыйлап, технология мен өнердің тамаша тоғысын көрсетті.