Жаңа жол – жаңа мүмкіндік
Биыл елімізде 8900 километр республикалық автожолдарда түрлі жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Оның 3400 километрінде – құрылыс және жаңарту, 324 километрінде – күрделі жөндеу және 5200 километрінде орташа жөндеу көзделген. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Дархан Иманашев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында бұл жұмыстарға ел көлемінде 12 мың арнайы техника, 25 мыңнан астам маман және 193 асфальтбетон зауыты жұмылдырылатынын айтты. Жалпы жобаларды жүзеге асыру барысында 10 миллион текше метр қиыршық тас пен 1,3 миллион тонна отандық битум қолданылмақ. Басқарма төрағасының айтуынша, халықаралық және республикалық маңыздағы автожолдардың желісін жаңғырту аясында 3400 километрде құрылыс және қайта жаңарту жұмыстары басталған.
Соның ішінде, республикалық мәндегі Күйік асуы да бар. Халықаралық трассаны жаңғырту үшін былтыр 6,9 миллиард теңге бөлінген. Қазір шатқалдағы асуда жаңа жолмен қоса жылыту пунктері де салынып жатыр. Өйткені, Ресей, Қырғыз және Қытайдан шыққан жүк көліктерінің барлығы осы ескі Күйік асуымен өтеді. Шатқалдағы 12 километрлік жол 1970 жылдары салынған. Араға елу жылдан аса уақыт салып, күрделі жөндеуден өткізіліп, жүргізушілер үшін барлық қауіпсіздік шаралары қаралған.
– Биыл ұзындығы 2 153 километрді құрайтын ауқымды 7 жаңа жоба бар. Олар: Орталық-Батыс, Қарағанды-Жезқазған, Атырау-Доссор, Қызылорда-Сексеуіл, сондай-ақ Сарыағаш, Қызылорда және Петропавл қалаларының айналма жолдары. Атап өту керек, осы аталған барлық жобалардың құрылысында отандық тауар өндірушілердің материалдарын пайдалану және жергілікті мамандарды тарту көзделген. Сонымен қатар, жылдың соңына дейін Ұлытау облысы бойынша 208 шақырым болатын Қызылорда-Жезқазған автожолының негізгі құрылыс жұмыстарын аяқтап, екі облыс арасындағы қозғалысты толықтай ашуды жоспарлап отырмыз, – деді басқарма төрағасы.
Бұдан бөлек, биыл Қазақстан аумағында 5200 километрді құрайтын 124 нысанда орташа жөндеу жүргізілмек. Жыл соңына дейін 2 мың километр жолды қолданысқа беру жоспарланған. Ал күрделі жөндеу 54 нысанда немесе 324 километрде жүргізілмек. Биыл тапсырылатын нысан ішінде Күйік жолы да бар.
Жалпы Жамбыл облысында жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге барлық бюджет көздерінен 21,3 миллиард теңге қарастырылып, 76 жобаны іске асыру көзделген. Облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың айтуынша, биыл 2 көпір мен 3 теміржол өткелінің құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ 7,6 километр көше жолы қайта жаңғыртылып, 167,6 километр автожол орташа жөндеуден өтеді. Аталған жұмыстар облыстық маңызы бар жолдардың 26,2 километрін, аудандық маңызы бар жолдардың 20,1 километрін және елді мекен көшелерінің 128,9 километрін қамтиды. Жалпы 76 жобаның 40-ы – 2025 жылдан өтпелі жобалар болса, қалған 36-сы – жаңа жобалар. Бөлінген қаражаттың 3,2 миллиард теңгесі жергілікті маңызы бар жолдар мен елді мекен көшелерін ағымдағы жөндеу және күтіп ұстау жұмыстарына бағытталады.
– Бүгінгі күні Күйік асуындағы жол құрылысы жалғасын табуда. Ондағы жол құрылысы аяқталуға жақын. Қазіргі таңда «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы бар күшін жұмылдырып, нысанды мейлінше ертерек тапсыруға күш салуда, – дейді басқарма басшысы.
Күйік асуындағы автожол жаңғыртылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі артып келеді. Бұл бағыт – өңір үшін стратегиялық маңызы бар көлік дәліздерінің бірі болғандықтан, жол сапасын арттыру мен қауіпсіздікті күшейту басты назарға алынған. «ҚазАвтоЖол» акционерлік қоғамы облыстық филиалының бөлім басшысы Біржан Әшіровтың айтуынша, бүгінгі күні аталған жол құрылысы нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Мамандар жол төсемін жаңартып, ескі қабатты толық ауыстыруда. Сонымен қатар жолды кеңейту және тегістеу жұмыстары қатар атқарылып жатыр. Жоба аясында заманауи технологиялар қолданылып, жолдың сапасы мен ұзақ мерзімділігіне ерекше мән берілген.
Жаңғырту жұмыстары тек жол жабынымен шектелмейді. Сонымен бірге, жол инфрақұрылымы толық жаңартылуда. Атап айтсақ, су өткізу жүйелері ретке келтіріліп, жол жиегі нығайтылып жатыр. Қауіпсіздік шараларын арттыру мақсатында жол жиегіне қоршаулар орнатылып, жол белгілері жаңартылуда. Бұл шаралар жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.
Жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатқандықтан, кейбір учаскелерде уақытша қозғалыс шектеулері енгізілген. Дегенмен жауапты мекемелер көлік қозғалысын толық тоқтатпай, баламалы бағыттар арқылы үздіксіз қатынасты қамтамасыз етуде. Жүргізушілерге уақытша жол белгілеріне назар аударып, қауіпсіздік талаптарын сақтау ұсынылады.
– Күйік асуындағы жолды жаңғырту – өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудағы маңызды жобалардың бірі. Жоба толық аяқталғаннан кейін бұл бағыттағы қозғалыс әлдеқайда ыңғайлы әрі қауіпсіз болмақ. Сондай-ақ жол пайдалану пунктінде жұмысшыларымыз сонымен қатар қыста керек инертті материалдар, тайғаққа қарсы материалдар және де техникаларымыз орналасады. Қаладан осы Күйікке дейін жоқ дегенде 30-40 шақырым. Одан техника келіп жүргеннен осы жерде дайын техникамен уақытылы шығып уақытылы қарын тазалап, уақытылы тайғаққа қарсы материал себу өте тиімді болады. Бұл тиімді жағы да асуда ойластырылған. Жалпы 2026 жылы облыстағы жол саласына 21 миллиард теңге бөлінді. Бұл қаржыға 78 жоба жүзеге асып, 179 шақырым жол жөнделеді, – дейді Біржан Әшіров.
Қазіргі уақытта жолдың жақсарғаны көрініп тұр. Бүгінгі таңда асфальт жабындысының екі қабаты төселген. Үшінші қабатын бір апта ішінде төсеу жоспарланып отыр екен. Осылайша тас жолдың жалпы қалыңдығы 27 сантиметрге жетпек. Құрылыс алаңының басшысы Джамаль Огулмущтың айтуынша, жол құрылысына 22 Камаз, 20 жол төсеуші түрлі техника, 80 адам қатысуда. Жалпы жұмыстың 70 пайызы орындалған.
– Құрылыс нысанын осы жазда аяқтау жоспарланған. Сонымен бірге, қыс айларында қар түссе Күйік асуының жиі жабылып қалатыны белгілі. Сондықтан мұндағы жол пайдалану пункті де жаңғыртылып жатыр. Бекетте жылыту пункті, техникаға арналған тұрақ пен инертті материал сақтайтын қойма орналасады. Бұл жол қозғалысын жақсартуға өз септігін тигізеді деген ойдамын, – дейді ол.