Тараз – қолөнершілер қаласы
«Көне Тараз» тарихи-мәдени кешенінде «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты IV халықаралық қолөнершілер фестивалі басталды. Биыл үшінші рет Тараз қаласында ұйымдастырылып отырған мәдени іс-шараға алыс-жақын шетелдерден шеберлер қатысты. Оны тамашалауға қала тұрғындары мен қонақтар көп жиналды.

Ұлттық киім киген үлкен-кіші, қазақтың әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі көрініс тапқан салтанатты іс-шара бірден көрермені мен қатысушысының жүрегіне жылулық сыйлады. Оны облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ашып, Тараздың тарихи-мәдени маңызына кеңінен тоқталды.
– Тараз – тек көне шаһар емес. Тараз – уақыттың таңбасын сақтаған, өркениеттер үнін жеткізген, Ұлы Жібек жолының бойында адамзат мәдениетінің алтын арқауына айналған қасиетті мекен. Екі мың жылдан астам тарихы бар қала ғасырлар бойы сан түрлі халықтарды табыстырып, өнер мен дәстүрдің үзілмес желісін қалыптастырды. Сондықтан Тараз – шежіре, Тараз – тағылым, Тараз – рух», – деді аймақ басшысы.
Сонымен қатар аймақ басшысы 2022 жылы Тараздың дүниежүзілік қолөнершілер қалалары тізіміне енуі ұлттық өнердің халықаралық деңгейде мойындалғанының айқын дәлелі екенін атап өтті. «Бүгінгі басқосу – мазмұны терең, мағынасы айрықша мәдени кеңістік. Мұнда дәстүр мен жаңашылдық үндесіп, өнер мен шеберлік жаңа деңгейде тоғысып отыр. Әр туындыда тарихтың ізі, әр өрнекте ұлттың жаны жатыр», – деді Ербол Қарашөкеев.
Әкім фестивальдің маңызына тоқтала келе, бұл алаң шеберлер арасындағы тәжірибе алмасуға, шығармашылық байланысты нығайтуға мүмкіндік беретінін жеткізді. Сондай-ақ мұндай іс-шаралар өңірдің туристік тартымдылығын арттырып, қолөнер саласындағы кәсіпкерліктің дамуына серпін беретінін атап өтті. «Ең маңыздысы – жас ұрпақтың бойында ұлттық өнерге деген қызығушылықты оятып, рухани сабақтастықты бекемдейді», – деді ол.
Мұнан кейін Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев сөз сөйлеп, фестивальдің маңыздылығына тоқталды. Іс-шара аясында бірқатар азаматтар ҚР Президентінің арнайы Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.
Сондай-ақ, жиында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова мен «Қазақстан этнодизайнерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің президенті Салтанат Жапарова құттықтау сөз сөйлеп, қолөнер саласының дамуына тілектестік білдірді.
Іс-шара барысында ұйымдастырушылар фестивальдің ресми түрде ашылғанын жариялады. Екі күнге жоспарланған мәдени іс-шара аясында қолөнер көрмелері, жәрмеңкелер, шеберлік сағаттары, ғылыми-практикалық кездесулер мен концерттік бағдарламалар өтеді.
Фестивальдің ерекшеліктерінің бірі – ұлттық нақыштағы сән үлгілерінің көрсетілімі болды. Заманауи дизайнерлердің туындылары көпшілік назарына ұсынылды.
Сонымен қатар «Көне Тараз» кешені аумағында этноқалашық жасақталып, он киіз үй тігіліп, әрқайсысы белгілі бір тақырыпта безендірілді. Қонақтар қазақ халқының тұрмыс-тіршілігімен, музыкалық аспаптарымен және қолөнер бұйымдарымен танысу мүмкіндігіне ие болды.