Жас балуандарды шыңдаған Жаз-ата турнирі

0 9

Шу аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің спорт кешенінде екі мәрте Социалистік Еңбек ері Жазылбек Қуанышбаевтың 130 жылдық мерейтойына орай, қазақ күресінен 2013-2014 жылы туған жасөспірімдер арасында облыстық турнир өтті. Турнирге Меркі, Қордай, Шу, Мойынқұм, Т.Рысқұлов аудандарынан екі жүзге жуық спортшы қатысып, 9 салмақ дәрежесі бойынша өз бақтарын сынады.

Жарыстың ашылу салтанатында Мойынқұм аудандық мәслихатының төрағасы Нұртас Саурықов, қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазқызы, Жазылбек Қуанышбаевтың ұлы Қойшыбай Жазылбекұлы, Мойынқұм ауданының Құрметті азаматы, спорт ардагері Ерқадыр Жұмабаев жас палуандарға сәттілік тіледі.

Жаз-ата турнирі аса қызықты әрі тартысты өтті. Жарыс қорытындысында 29 килограмм салмақ дәрежесінде мойынқұмдық Қайсар Әшім ақтық кезеңде шулық Нұридин Табиғатты ұтып, чемпион атанды. Нұридинге күміс, мойынқұмдық Аңсар Омарға қола медаль бұйырды. 32 килограмм салмақ дәрежесінде шулық Жангелді Жұмабек өз ауданының өкілі Санжар Жанарбекті жеңіп, алтын тұғырға көтерілді. Шулық Санжар Жанарбек екінші, Марғұлан Есімбай мен құландық Темірлан Тұрсынбек үшінші жүлдеге ие болды.

35 килограмм салмақ дәрежесінде мойынқұмдық Нұртас Көкірекбай жеңімпаз атанса, шулық Асылжан Омар екінші орыннан көрінді. Жартылай финалға еркін жеткен Құланның қос баласы Әмір Ақылбек пен Аян Тынышбек үшінші жүлдені олжалап қайтты. 38 килограмм салмақ дәрежесінде шулық Оразалы Шорақұл қарсылас шыдатқан жоқ. Шулық Азамат Марат күміс жүлдеден көрінсе, шулық Әлижан Иса мен құландық Асылжан Расылхан қоланы қанағат тұтты. 42 килограмм салмақ дәрежесінде шулық Нұрали Әміре алтыннан алқа тақса, шулық Ұлықбек Олжабек күмістің ауылынан көрінді. Шулық Аят Терекбай мен құландық Дамир Талғат қола жүлдені иеленді. 46 килограмм салмақ дәрежесінде мойынқұмдық Ердос Шымшықбай чемпион атанса, күміс жүлдені де мойынқұмдық Нұрасыл Тілеухан иеленді. Тіпті, қос үшінші орынға да мойынқұмдық Таңат Сәрсенбай мен Мирас Бауыржан қол жеткізді.

50 килограмм салмақ дәрежесінде шулық Бекнұр Құлан алтыннан алқа тақса, мойынқұмдық Нұрасыл Жарылқасын күміс медаль иеленді. Шулық Ерхан Әлімбай мен Т.Рысқұлов ауданынан келген Бекмырза Медерұлы қола жүлдені қанағат тұтты. 55 килограмм салмақ дәрежесінде шулық Нұртөре Сайлаубайға ешкім шақ келмеді. Екінші жүлде де шулық Бибатыр Жұмаханның еншісіне бұйырды. Үшінші орынға меркілік Мирас Қуаныш пен мойынқұмдық Нұрлыбек Болат қол жеткізді.

Түйе балуандар жарысы да қызыққа толы болды. Шулық Ерсұлтан Сейсен барлық қарсыласын айқын ұтып, түйе балуан атанды. Күміс жүлде меркілік Серік Әуесханға бұйырды. Жүлделі үшінші орын Т.Рысқұлов ауданынан келген Нұрислам Лесбек пен шулық Нұрасыл Жетпісбайға берілді.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер демеушілер тарапынан тағайындылып, арнайы жасалған белбеу, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.