Ауылдық аумақтарды дамытудағы маңызды қадамдар

0 8

Байзақ ауданының ауылдық округтерінде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалар көп. Мәселен, бүгінгі күні Түймекент ауылдық округіндегі «Алель Агро» АҚ-ның құс өсіру кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жалпы аумағы 70 гектарды құрайтын жобаның бүгінде 25 гектарында құрылыс жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда 20 құсхананың сыртқы қаңқасы көтеріліп, нысандар заманауи талаптарға сай салынуда. Әрбір құсхана 55 мың басқа арналған, ал бір ғимараттың жалпы ауданы 2160 шаршы метрді құрайды. Жоба аясында 2026 жылы қосымша тағы 16 құсхананың құрылысын бастау жоспарланған. Сонымен қатар, сәуір айында қажетті инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынбақ. Құрылыс алаңында 50-ге жуық адам еңбек етуде. Аталған жобаны «Просистемэнержи» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүзеге асырып жатыр. Бұл кешен іске қосылғанда өңірдің агроөнеркәсіптік әлеуеті артып, көптеген жаңа жұмыс орындары ашылатын болады.

Аудан әкімі Олжас Баққараев нысанның құрылыс жұмысымен танысып, атқарылған жұмысқа жақсы баға берді. Сондай-ақ құрлыс жұмысына жергілікті тұрғындарды көптеп тартуды тапсырды.

Бұдан кейін аудан әкімі Ботамойнақ ауылдық округіндегі «Тараз-Алматы» автожолы бойында салынып жатқан «Taras Bitum» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Битум өндіру» зауытына барды. Мұнай-газ секторындағы өңдеу саласына бағытталған бұл кәсіпорын автожол құрылысына қажетті жоғары сапалы битум өнімдерін шығаруды көздейді. Зауыттың жобалық қуаттылығы тәулігіне 470 тонна автожол битумын өндіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Мырзатай ауылдық округінде жеке кәсіпкер Тазабек Досжанның бастамасымен томат өңдеу цехының құрылысы аяқталуға жақын. Жылына 2000 тоннаға дейін өнім өңдеуге қауқарлы заманауи өндіріс орнында қазіргі таңда құрал-жабдықтарды жеткізу және орнату жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында 10 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Цех толық іске қосылғаннан кейін өңірдің тамақ өнеркәсібі саласының дамуына оң әсер етіп, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу көлемін арттыруға мүмкіндік береді.

Аудан әкімі Олжас Баққараев бұл инвестициялық жобалардың ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін беретінін атап өтті. Сондай-ақ бұл құрылыс нысандары жергілікті тұрғындарды жұмысқа тартып отырғанын айтты.