Республикалық байқау Таразда қорытындыланды

0 6

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департаментінің бастамасымен және Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Парасат елшісі» республикалық байқауының қорытынды кезеңі өтті. Ақтық айналымның салтанатты ашылу рәсіміне Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков пен Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов қатысты.

Әуелі шаһар басшысы сөз алып, ізгі тілегін білдірді.

– Бүгінде елімізде жемқорлықпен күрес қарқынды жүруде. Осы бағытта баянды бастамалар қолға алынып, жарқын жобалар жемісті жүзеге асты. Мұндай жүйелі жұмыстар Тараз қаласында да үздіксіз жүзеге асырылып келеді. Бүгінгі «Парасат елшісі» байқауы да – соның жарқын көріністерінің бірі. Сіздердің байқауға ұсынған әрбір жобаларыңыз жемқорлықпен күреске қосылған үлес деп білемін, – деген Бақытжан Әмірбекұлы қатысушыларға сәттілік тіледі.

Ернар Әбсейітұлы өз кезегінде аталған сайыстың маңызына айрықша тоқталды.
Екі айдан астам уақытқа жалғасқан байқау үш кезеңнен тұрды. Алғашқы айналымды қатысушылар сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті арттыруға бағытталған іс-шараларды ұйымдастырса, екінші кезеңде үздік шыққан 10 команда қоғамда адалдық, әділдік, парасаттылық қағидаттарын насихаттауды көздейтін бейнероликтер әзірледі.

Нәтижесінде жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған 5 команда ақтық мәреде өзара мықтыны анықтады. Олар – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің, Қарағанды индустриялық университетінің, М.Х.Дулати атындағы Тараз университетінің, Қазақстан студенттері Альянсы Жамбыл облыстық филиалының және Шығыс Қазақстан облысындағы «Қазақстан Американдық Еркін университеті» жоғары колледжінің командалары. Байқау қорытындысы бойынша үздік атанған топтар қаржылай марапаттарға ие болды. Сонымен қатар алдағы уақытта финалда бақ сынаған команда өкілдерінен «Парасат елшілері» спикерлер пулы құрылып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет қалыптастыру бағытындағы іс-шараларға тартылады.

Жалпы, республикалық байқау аясында 100-ге жуық іс-шара ұйымдастырылып, оларға 5 мыңға таяу адам қамтылған.