Таразда тағы бір «Жайлы мектеп» ашылды

0 5

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Тараз қаласындағы «Ұлы дала» шағынауданында 1200 балаға арналған жаңа білім ордасы пайдалануға берілді. Оның ашылуына арналған салтанатты іс-шараға облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, шаһар басшысы Бақытжан Орынбеков, сала ардагерлері, ата-аналар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

Ең әуелі аймақ басшысы ізгі тілегін жеткізіп, мектеп оқушыларына интерактивті панелді тарту  етті. Бұдан кейін оқу ошағының лентасы қиылып, қонақтар мектеп ғимаратын аралап көрді.

Жаңа үлгідегі оқу ордасында білім алушылар мен педагогтерге барлық қауіпсіз және жайлы жағдай жасалған. Мұнда мұғалімдерге қажет жұмыс аймақтары, бастауыш сыныптар, негізгі және орта бөлімдер жеке блоктармен, әмбебап шеберханалармен, заманауи оқу бөлмелерімен жабдықталған. Сондай-ақ, ғимаратта мәжіліс залы, 59 оқу бөлмесі,  асхана, кітапхана, 2 спортзал, 3 зертхана, 4 шеберхана, кабинеті, 10 коворкинг орталығы, «STEM», графика, 2 лингафон, 2 компьютерлік, робототехника және жобалау кабинеттері бар.

Еске сала кетсек, бұған дейін «Бәйтерек» шағынауданында «Жайлы мектеп» ашылған болатын. Қазіргі кезде аталған жоба шеңберінде «Шөлдала» алқабында 600, «Ұлы дала» шағынауданында 2000 орынды білім ошағының құрылысы жүргізіліп жатыр.