Тұрғындар өтініші — басты назарда

0 16

Байзақ ауданы әкімінің міндетін атқарушы Болат Сағынбеков Көктал ауылының тұрғындарымен кездесіп, олардың өтініш-ұсыныстарын тыңдады.

Көкталдық тұрғындар өздерін толғандырып жүрген мәселелер бойынша Болат Мырзаханұлына ұсыныстары мен өтініштерін жеткізді. Олардың қатарында, ауылдық Мәдениет үйіне керекті құралдар, дәрігер маманының тапшылығы, каналды жөндеуден өткізу, «Көктал-Тараз» бағытында қатынайтын қоғамдық көлік бағытының ауылішілік жүру кестесін өзгерту, аудандық орталық аурухана қызметтері, тозығы жеткен көпқабатты тұрғын үйді құлату, тұрғын үй салуға жер телімін беру, кезекке тұрғандар санының артуы, балалар демалатын орынның жоқтығы, тротуар салу мәселелері бар.

Кездесу барысында тұрғындардың өтініш-ұсыныстары бойынша заң талаптарына сәйкес, жауаптар беріліп, кейбір мәселелер хаттамаға енгізілді.

Сонымен қатар, аудандық статистика басқармасының басшысы Дамир Нұрабаев сөз алып, ауыл тұрғындарына үстіміздегі жылы 20 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында Қазақстанда пилоттық ауыл шаруашылығы санағы өткізілетінін жеткізді. Аталмыш шараға Қаратау қаласы, Меркі ауданы және Байзақ ауданынан Көктал ауылы пилоттық санаққа қатысады. Пилоттық ауыл шаруашылығы санағының мақсаты — санақ парақтарын, әдіснамаларды, ақпараттық жүйелер мен бағдарламалық қамтамасыз етуді сынақтан өткізу, далалық жұмыстардың ұйымдастырылуын, сондай-ақ интернет пен әкімшілік деректердің сапасын бағалау екеніне тоқталып, кездесу қатысушыларын шараға белсене атсалысуға шақырды.