Құмөзекте мешіт ашылды

0 14

Мойынқұм өңірінің тумасы, белгілі меценат, облыстық мәслихаттың депутаты Ерболат Саурықовтың ұйытқы болуымен Құмөзек ауылында сәулеті келіскен мешіт бой көтерді. Құдай үйінің ашылу салтанатына аудан әкімі Әлихан Балқыбеков, Һибатулла Тарази орталық мешітінің найб имамы Жәлек Ғалымбек, академик Рахман Алшанов, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.

Ел ағасы, ардагер ұстаз Сағымбек Әшірбеков пен Құмөзек ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Аман Мұқатаев өздерінің құттықтау сөздерінде имандылық, ізгілік, кешірімділік, көркем мінезділік жөнінде айтып, елді бірлікке ұйытып, сәулеті келіскен мешітті тұрғызған Ерболат Саурықовқа өз алғыстарын жеткізді. Ал академик Рахман Алшанов қазіргі таңда Қазақстан мешіт салудан көп елдерден алдыңғы орында тұрғанын айта келіп, жаңа мешітке қазақ тіліндегі Құран кітапты тарту етті.

– Хадисте мешіттен азанның дауысы естілгенде шайтан малғұндар құлағын басып, аулаққа қашып кететіні туралы анық айтылған. Ендеше мешіт салудың сауабы мен оған жамағат жиылып, намаз оқудың маңызын осыдан-ақ біле беруге болады, – деді Тараз қаласындағы Һибатулла Тарази орталық мешітінің найб имамы Жәлек Ғалымбек.

– Бүгінгі игі іс-шара республикалық «Туған жер», «Жомарт түлек» бағдарламалары аясында жүзеге асырылып жатыр. Біздің халқымыз — қыранды қолға қондырған халық. Қандай бастама, бағдарлама болсын, оның артында елдің ынтымағы мен бірлігі жатыр. Демек бұл ауылдағы өскелең ұрпақты имандылыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеуде жанашыр жандардың көптігін білдіреді. Қай кезде де мешіт салу – ең үлкен сауап саналады. Қазақтың әр ауылында осындай мешіттер көбейе берсін, бұл мешіт осы отырған баршаңыздың ұрпақтарыңыздың игілігіне жарасын, — деген аудан әкімі Әлихан Балқыбеков мешітке өз сыйлығын тарту етті.

– Бірнеше жыл бойы «Ауылда иманды жастарымыз көбейіп келе жатыр, ауыл азаматтары ізгілікті жолға бет бұруда. Ауылға мешіт керек», деп қайта-қайта есіме салып жүрген және осы мешіттің алғашқы құрылысын бастаған менің әкем Байұзақ болатын. Сол кісінің халық үшін мешіт салынса деген ізгі ниеті қабыл болды. Алла Тағаланың разылығы үшін, ауыл тұрғындарының игілігі үшін сауапты іске себепші болғаныма қуаныштымын. Алдағы уақытта ізгілік ордасынан иманды, білімді, рухани құндылыққа бай жастар шығады деген ойдамын, – деді өз сөзінде туған жеріне ту тіккен Ерболат Байұзақұлы.

Салтанатты іс-шарадан кейін жиналған жамағат мешітке кіріп құран оқыды. Жүз адамға арналған жаңа мешітте намаз залдарынан бөлек, құран оқыту бөлмесі, сыртында жаздық және жабық хатымхана құрылыстары жүргізілген.

Мерекелік бағдарлама аясында ауыл тұрғындары әртүрлі спорттық жарыстарды тамашалады. Мұнда жастар волейбол мен қазақша күрестен өзара күш сынасты. Аман Құлымбетовті еске алуға арналған қазақша күрес турнирінің жеңімпаздары мен жүлдегерлерін Қазақ күресінен Әлем және Азия чемпионы Бейбіт Ыстыбаев пен Қосан Құлымбетов марапаттады. Ауданның және ауылдың гүлденуіне қомақты үлесін қосып жүрген азаматтарға түрлі марапаттар ұсынылып, іс-шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты. Белгілі өнер жұлдыздары Саят Медеуов, Ақбота Керімбекова, Досымжан Таңатаров, «Жігер» тобы, «Алау», «Тараз» триолары әсем әндерімен ауыл тұрғындарына және қонақтарға әсерлі көңіл-күй сыйлады.