Оңалту орталығының оңды жұмысы

0 17

Алатаудың бөктерін ала орналасқан, талайларға тамаша қызметін сыйлап келе жатқан «Меркі–радон» шипажайының радон ванналары, түрлі душтар мен электрлі массаждар, парафин терапиясы, электрофорез, магнитті терапия, аэроионотерапия мен галотерапия (тұзды шахта), ине салу, уқалап емдеу, шөптік шәйлар мен оттегілік коктейль және басқа қызметтері жақында тағы бір қызметпен толықты.

Биыл ақпан айында Меркі аудандық ауруханасы басшылығының ұйымдастыруымен шипажай жанынан Оңалту орталығы ашылып, үш ай жұмыс істеді. Осы аз уақыттың ішінде 68 орынға жоспарланған орталықта аудандық аурухананың жолдамасымен 400-ден астам меркілік, негізінен бұрын ковидпен, пневмониямен сырқаттанғандар, неврологиялық (инсульт алғандар), кардиологиялық (инфаркт алғандар мен жүрегіне ота жасалғандар), ортопедиялық ақаулары бар жандар ем қабылдап, денсаулықтарын түзеді.

– Адамдар кейбір сырқаттарға шалдыққаннан соң, оңалту емдерін алғаны дұрыс. Мысалы инсульт алған адамдарды оңалту үш кезеңнен тұрады: 1-кезең – инсульт алысымен, олар 2-ші кезеңді 30 күннен кейін алса болады. Жалпы 2-кезең 9 айға дейін тағайындалады, ал 3-кезеңді 36 айдың ішінде алса болады. Мұнда инсульт алған жан әлі жұмыс істейтін жаста болса, олардың мүгедек болып қалмауына назар аударылады. Ковидпен ауырған адамдарға да баса көңіл бөліп отырмыз. Себебі пневмониядан соң көптеген асқынулардың болатындығы белгілі. Сол себепті олар да жіті бақылауымызда, – дейді оңалту орталығының меңгерушісі Анеля Мухаева.

Мұнда жолдамамен келген адам, ең алдымен, дәрігердің қабылдауында болып, диагнозына сәйкес, тағайындауларын алады. Одан соң бөлінген бөлмесіне орналастырып, орталықтың тәртібі, ем-шараларды алу, таңғы, түскі және кешкі асқа бару уақыттары — бәрі-бәрі түсіндіріледі. Мейірбикелер мен басқа да қызметшілердің жұмыс режимі талапқа сай: биязы мінездерімен, жылы сөздерімен қызмет көрсетуді әдеттеріне айналдырғандары көрініп тұр. Оңалту орталығында болғанымызда, қимыл-тірек қызметіне зақым келген, я болмаса жүре алмайтын, немесе қарт адамдарға ерекше қызмет көрсетіп жатқанының куәсі болдық. Осында ем қабылдаушылардың барлығының ем-шараларын салып, тамызып емдеу процедураларын уақытылы орындап жатты.

Оңалту орталығында емделіп шыққан еңбек ардагерлері мен зейнеткерлер реабилитациялық қызметтерін ойдағыдай атқарып жатқан бөлім меңгерушісі Анеля Мухаева мен дәрігер Мырза Мамедовке, аға медбике Нұргүл Нұрмағанбетоваға, медбикелер Айнұр Имашева, Кенжегүл Ержанова, Ғазиза Бейсенова, Камшат Тулибаева және Халида Андақұлға, емшара медбикесі Инабат Жақсылыққа дән риза. Сонымен қатар ЛФК инструкторы Әсел Мұхаметалиеваның, уқалап емдеуші Евгений Давыдкиннің, шаруашылық қызметкері Гүлбаршын Амантаеваның, Аңса Алиева, Минара Искакбаева және Жанар Оразбаева сынды санитаркалардың еңбектері де алғысқа лайық.

Аудандық аурухана басшылығы алдағы уақытта Оңалту орталығының жұмысын жалғастыру жолдарын қарастырып жатыр. Құптарлық жай. Қарапайым халыққа, сырқаттары оңалтуды қажет ететін жандарға бұл тегін көрсетілетін қызмет түрі керек-ақ.