ЖҰРТШЫЛЫҚ КӨТЕРГЕН МӘСЕЛЕЛЕР ШЕШІМІН ТАБУДА

0 15

Наурыз айында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамды одан әрі қарай демократияландыру, халықты елде жүргізіліп жатқан саяси реформалар жайында хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Осы Жарлыққа сәйкес аудан және ауыл әкімдері бекітілген жоспар бойынша тоқсан сайын елді мекендерге шығып, тұрғындармен кездесу өткізуге міндеттелген. Еркін форматта өткізілетін кездесулерде әкімдердің халықпен етене араласуы, оларды мемлекеттің қолдауынан құлағдар етуі көзделген.

Осыған орай Жамбыл ауданының әкімі Ерлан Қыдыралыұлы апта аралығында бекітілген кестеге сәйкес Ерназар, Тоғызтарау, Өрнек, Қаракемер ауылдық округтеріне барып, жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізді. Олармен емен-жарқын әңгімелесіп, мұң-мұқтажын тыңдап, өтініш-тілектерін назарға алды. Жыл басында өткен есепті жиындарда тұрғындар тарапынан көтерілген бірнеше өзекті мәселенің бірқатары қазірдің өзінде оң шешімін тапқанын, өзге де мәселелер бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын жеткізді.

Ерназар ауылы газға қосылады

Ерназар ауылында өткен басқосуда жергілікті тұрғындар ағымдағы жылдың І тоқсанында атаулы әлеуметтік көмек 11 отбасындағы 66 адамға тағайындалғанынан, ұлттық жоба аясында 10 адам жұмыспен қамтылғанынан, 391 гектар жерге дәнді дақылдар, 50 гектарға дәндік жүгері, 10 гектарға картоп егілгенінен, Ерназар-Қойгелді бағытындағы автожолды жөндеу жұмыстары басталғанынан, тұрғындардың төрт-түлігін арықпен суару мәселесі шешілгенінен, Әбдіхайым көшесінде орналасқан мемлекеттік мекемелерге бөлек трансформатор орнату мәселесі облыстық деңгейде қаралып жатқанынан, облыс әкімдігінің энергетика басқармасы тарапынан жүргізіліп жатқан магистраль құрылысы аяқталғаннан кейін елді мекен газға қосылатынынан, облыстық энергетика басқармасы ауызсу құбыры жүргізілмеген елді мекендерге құбыр тартылып бітпейінше, ауызсу желілерін жаңарту, ескіргендерін қалпына келтіру жұмыстарының құжаттарын әзірлеуге рұқсат бермейтінінен, кіші футбол алаңына жасанды төсеніш төсеуге 5 млн 904 мың теңге бөлінгенінен хабардар болды.

Шаруаларға 2,5 пайызбен берілетін жеңілдетілген несиені алу жолдарын сұрап біліп, «Айтақ» каналын бетондау, Абай көшесіне трансформатор орнату керектігін тілге тиек етті.

Тоғызтарауда жол жөнделіп, көше жарықтандырылады

Тоғызтарау ауылында барлығы 16 шаруа қожалығы тіркелген. Ағымдағы жылы 350 гектар егістікке дәнді дақылдар орналастырылған. Елді мекендегі 670,3 гектар тәлімі жердің 245 гектарын суармалы етуге мүмкіндік бар. Ол үшін ауылдық округ әкімі мен жер иесі суарылмайтын егістікті суармалы етіп өзгертуі қажет. Сол кезде ғана ауылдық округ әкімі суармалы алқаптарға ағынсу жеткізетін каналдардың құжаттарын әзірлеп, жөндеу жұмыстарын жүргізе алады.

Ауылдық клубта өткізілген жиында осы жағдай және ілкімді азаматтардың көмегімен жергілікті жұртшылыққа қажетті кәсіпкерлік нысандарын ашу жұмыстарын ұйымдастыру мәселесі кеңінен сөз болды. Денсаулық сақтау саласын дамыту жоспарына сәйкес ауылда жаңа медициналық пункт ғимаратын салу, ауылдық округке қарасты Тоғызтарау, Жаңаөткел, Құмсуат елді мекендерін газдандыру жоспарланғаны, бұл мәселелер келешекте оң шешімін табатыны, биыл аудандық мәндегі Құмсуат ауылына кіреберіс жолды жөндеу жұмыстары жалғасатыны, Тоғызтарау-Жаңаөткел бағытындағы көпірдің жөнделетіні, Жаңаөткел ауылындағы Садықов көшесі орташа жөндеуден өтетіні, аудандық бюджет есебінен жарықтандырылатыны, Құмсуат ауылындағы мал жайылымы мәселесін шешу үшін «Атамұра» шаруа қожалығымен екіжақты меморандум жасалынғаны, тоғызтараулықтар тарапынан Т.Тоқтаров атындағы орта мектепке қосымша ғимарат, яғни асхана мен спорт зал соғу туралы айтылды.

Өрнекте спорт кешені салынады

Өрнек ауылдық клубында өткен кездесуде жиналған жұртшылық ағымдағы жылы аудандық бюджет есебінен ауылдағы Әлия Молдағұлова көшесі, сондай-ақ «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Жұма ауылындағы Көктөбе көшесі орта жөндеуден өткізілетінін, Өрнек, Жұма ауылдарына бейнебақылау камералары орнатылатынын, Жұма станциясындағы электр жарығы мәселесін шешу жолға қойылғанын, егістік жерлерді ағынсумен қамтамасыз етуде «Саза», «Айтақ», «Саза төменгі Айтақ», «Көгой» каналдары тазаланғанын, канал профильдері қалпына келтіріп жатқанын, Р-2 каналында лоток жүйесін демонтаждау жұмыстары жасалғанын, егінсу мерзімінде берілгенін, келісімшартқа тұрған шаруалар егістік алқаптарын суғара алатынын, Өрнек және Жұма ауылдарына жаңа ауызсу жүйесінің құрылыс жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттар әзірлеуге ұсыным айтылғанын, алдыңғы айларда егін егуге қолайлы жерді анықтау үшін әр жердің бал банитеті тексерілгенін, магистральды газ құбырының құрылысы аяқталған соң елді мекенге газ берілетінін, биыл Өрнек ауылында спорт кешені салынатынын, алдағы уақытта құрылыс жұмыстары басталатынын, нысанның орны белгіленгенін, бастамасына қаражат бөлінгенін естіп білді.

Округке жауапты учаскелік полиция инспекторы тұрғылықты жерде тұрмайтынын, ішкі істер министрлігінің бұйрығында қызмет ететін елді мекенде тұруы керектігі көрсетілгенін сөз етіп, тәртіп сақшысы ауылда тұруын талап етті. Өрнек ауылындағы мектеп орналасқан Анарбек Омаров көшесін кеңейту, ұзарту, жол бойынан тротуар салу бойынша өтініш білдірді.

Қаракемер ауылына ауызсу құбыры тартылады

Қаракемер ауылы жылдан жылға дамып, көркейіп келеді. Жергілікті жұртшылықтың жағдайына баса мән берілген. Елді мекенде халыққа қажетті әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Бұрнағы жылы газ құбыры тартылып, көгілдір отынға қосылды. Ауылдық клуб ел игілігіне пайдалануға берілді. Былтыр 25 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория құрылысы басталды. Осы жылы аяқталады деп күтілуде. Биыл «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылда әмбебап спорт кешені салынады. Сондай-ақ ауызсу құбыры тартылады. Қажетті қаражат республикалық және облыстық бюджеттен бөлінген.

Сонымен қатар ағымдағы жылы «Шайдана-Сеңгірбай» бағытындағы автомобиль жолы жөнделеді. Құмтиын ауылындағы Т.Мұсабеков және Ә.Батырұлы көшелері орташа жөндеуден өткізіледі. Қаракемер және Құмтиын ауылдарындағы спорт алаңдары ағымдағы жөндеуден өтеді. Құмтиын ауылының кіреберісіне бейнебақылау камерасы, Сеңгірбай ауылына ауызсуды тазартудың жеке блок модульдік қондырғысы орнатылады.

Қаракемер ауылдық клубында өткізілген жиында ауыл жұртшылығы жағымды жаңалықтарды, ел игілігі үшін істелген, істелетін ілкімді істерді жылы қабылдап, ризашылықтарын білдірді. Өткен жылы егінсу тапшы болғанын, шаруалар біраз қиындық көргенін тілге тиек етіп, үстіміздегі жылы бұл мәселе қалай шешілетінін сұрап білді. Апатты жағдайда бос тұрған ғимараттарды жергілікті әкімшілік теңгеріміне беру мәселесі де назардан тыс қалмады.

Өңір басшысы аталған ауылдық округтер тұрғындарына кездесуде көтерілген мәселелер, айтылған ұсыныс-пікірлер назарға алынатынын, түйткілді де өзекті мәселелерді шешу жолдары жан-жақты қарастырылатынын, алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылатынын айтып, ел-жұртты бірлесіп жұмыс істеуге үндеді.