Облысымызда эндобейнехирургиялық көмектің мүмкіндіктері кеңейтілуде

0 18

Эндобейнехирургия – заманауи хирургия бағыттарының бірі. Дәстүрлі техникамен салыстырғанда оның артықшылықтары көп. Мұндай отадан кейін науқас жылдам жазылады, тіпті келесі күні орнынан тұра алада. Науқасты екі-үш тәуліктен кейін-ақ ауруханадан шығаруға болады. Ауру жұқтыру және асқыну қаупі аз. Соның арқасында бұл әдіс медицинада кең таралып келеді.

Қазіргі кезде біздің облыста да осы заманауи әдісті енгізу бағытында жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда COVID-19 пандемиясымен байланысты ауыр кезеңге қарамастан, өткен жылдың тамыз айында Тараз қаласында заманауи визуализация құралдарын пайдалана отырып, мультидисциплинарлық эндохирургиялық тәсіл бойынша халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізіліп, оның барысында ота жасайтын мамандар мен операциялық мейірбикелерді теориялық және практикалық даярлау жүргізілген болатын.

Енді жақында облыс әкімдігі денсаулық сақтау басқармасының шақыртуымен бейнеэндохирургия саласындағы жетекші мамандармен практикалық кәсіби ынтымақтастық аясында жұмыстар жүргізілмекші. Облыс медицина қызметкерлерінің практикалық және теориялық кәсіби даярлық деңгейін одан әрі арттыру, патологияның жекелеген түрлері кезінде қауіпсіз эндолапароскопиялық хирургиялық қызмет көрсету мақсатында медицина ғылымдарының докторы, Астана медицина университетінің профессоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстандық эндоскопиялық хирургтар Қауымдастығының Президенті, АМО эндохирургиялық қызметінің жетекшісі, IPEG мүшесі Котлобовский Владимир Игоревич, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстандық хирургтар Қауымдастығының, Қазақстандық эндоскопиялық хирургтар Қауымдастығының құрметті мүшесі. «Sages» Американдық гастроэнтерологиялық хирургтар Қауымдастығының мүшесі, «Alanda Clinic» медициналық орталығы директорының клиника жөніндегі орынбасары Тоқпанов Серік Имақұлы, медицина ғылымдарының докторы, профессор, МЕДСИ Медакадемиясының гастроэнтерология және эндоскопия кафедрасының меңгерушісі, РФ Үкіметі сыйлығының ғылым және техника саласындағы лауреаты (Мәскеу қ.) Щербаков Петр Леонидович, медицина ғылымдарының докторы, Ресей Федерациясының еңбек сіңірген дәрігері, И.М. Сеченов атындағы Бірінші Мәскеу мемлекеттік медицина университетінің ФМАЖБМ емдеу факультетінің жалпы хирургия кафедрасының меңгерушісі, РФ Үкіметі сыйлығының ғылым және техника саласындағы лауреаты, эндохирургтер қоғамы мен Ресей хирургтар қоғамы басқармасының мүшесі, Еуропалық эндоскопиялық хирургия Қауымдастығының мүшесі, эндохирургия және хирургия журналдарының редакциялық кеңесінің мүшесі (Мәскеу қ.) Галлямов Эдуард Абдулхаевич шақырылып отыр.

Сондай-ақ облысымызда алғаш рет Меркі аудандық орталық ауруханасының базасында бейнеэндохирургиялық араласуды енгізу бойынша мамандардың біліктіліктерін арттыруға арналған оқулар өтпекші. Практикалық сапар кезеңінде жаттығу курсын ұйымдастырумен, сондай-ақ қауіпсіз эндоскопиялық хирургияны, диагностикалық капсулалық эндоскопияны қамтамасыз етумен аудандық деңгейді қоса алғанда, операция жасайтын хирургтарды да оқыту жоспарлануда. Неғұрлым күрделі урологиялық, онкологиялық аурулар кезінде эндобейнехирургияны қолдана отырып ота жасау шеберлік сыныптары өткізіледі. Жұмыстың командалық қағидасын ескере отырып, операциялық мейірбикелерге арналған эндоскопиялық хирургия, эндохирургиялық жабдықты пайдалану және т. б. курстар өткізу де жоспарлануда.

Осылайша алынған заманауи теориялық және практикалық білім облысымызда эндобейнехирургияның одан әрі дамуына қызмет етеді. Ал ол халықты медициналық көмектің қауіпсіз түрлерімен қамтамасыз етуге, өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік бермек.